Мейірімің тасты еріткен, Асылым! Избранное

Пятница, 12 Июль 2019 04:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 449 раз

Аяулы анам Сақып Әлікбайқызының рухымен сырласу

Асылым, Анашым! Сіз мына жарық дүниенің есігін жапқалы 40 күн өтіпті. Еңсені езген, қорғасындай ауыр 40 күн... Күн емес, қаратүнек түн секілді жанымды қараңғылық қамап алған тым жайсыз, тым күңгірт уақыт болды бұл күндер.

20171224 105509

Сіздің елесіңізді сағынып, елегізумен күнді өткерем, айдай нұрлы жүзіңізді аңсап, жастығымды жасқа малып, талықсып ұйқыға кетем. Таңертең көзімді ашқанда да сол мейірімді бейнеңіз әрдайым шұғыла шашып тұратын жанарыңызбен елжірей қарап, «Ботам, ботам» деп тұрғандай көрінесіз. Өзіңізді мәңгіге жоғалтып алғанымды мойындағым келмей, іштей аласұрған сезім жүрегімді жаншып, жанымды езгілейді де тұрады.

Сол аласапыран дауыл өкініш отын үрлеп, «Неге ертерек барып, дәрігеріне алып келмедім? Неге сол күні қасында қалмай, қайтып кеттім?» деген ащы өксікке ұласып, өзегімді өртейді.
Әрине, аз ғұмыр жасадыңыз, өміріңіз жағдайсыз өтті дей алмаймын. Өзіңіз де әр күні «Аллаға мың шүкір! Өміріме де, бала-шағама да, айналамдағы барлық адамдарға да екі дүниеде ризамын!» деп тәубешілігіңізді айтып отыратынсыз!

Сіздің жаныңыздың жомарттығы, жүрегіңіздің мейірім мен шапағатқа тұнған тұнықтығы жан-жағыңызды арайландырып, адамның бәрін өзіңізге магниттей тартып тұратын. Сол қасиет пен құдірет «атадан жалғыз едім, Құдай берген үрім-бұтағыммен, төңірегіме топтасқан жақсы жандармен бір мемлекет болдым» дейтін дәрежеге жеткізді.

Ия, Сіз жақсыдан қалған жалқы едіңіз, алтынның сынығы едіңіз! Әкеңіз – Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысында Москва түбінде, Дубосекова разъезіндегі кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тапқан 28 панфиловшының бірі Әлікбай Қосаевтың соңында қалған жалғыз жарығы едіңіз. Бірақ ешқашан «мен Батырдың қызымын, әкем осындай адам» деп ешкімнің алдына барып кеуде соқпадыңыз, әкеңіздің атағын малданып, ешкімге міндет артпадыңыз.

«Батырдың қызысың, басшылардан не талап етсең де болады ғой» дейтіндерді де көргенбіз. Ондайда «әкем Отан үшін ерлікпен жанын пида етті, мен әкемнің қаны мен жанын қара басымның қамы үшін пайда көрсем, кім болғаным?» дейтінсіз.

30 жылдан астам мектепте ұстаздық етіп, «Білім саласының үздігі» атандыңыз. Әкем екеуіңіз бала оқытумен бірге өздеріңізден тараған 8 ұл-қызды тәрбиелеп, өнегелі отбасын құра білдіңіздер.
Анашым, мен өмір бойы Сіздің жүрегіңіздің дариядай кеңдігіне табынумен келемін.

20180101 000608

Өмірдің қаншама қиындығын, жетімдіктің тақсыретін, соғыс пен аштықтың азабын, жоқшылықтың зардабын тартып өссеңіз де жүрегіңізде күллі әлемді өзіне сыйғызатындай шапағат мөлдіреп тұратын еді. Құрсағыңыздан шыққан перзенттеріңізбен бірге өзіңізден тумаса да туған балаларыңыздан кем көрмей қаншама ұл-қызды бауырыңызға бастыңыз! Кішкентай кезімізде біздің отбасында Күнтубай ағам мен Күләш әпкем де өсті.

Күләштен кейінгі Жұмакүл мен Бақыт есімді ұл да үйімізде жиі жүретін. Оларды өзіміздің туған бауырларымыз, үйдің үлкен балалары деп ойлайтынмын. Кейінірек есіміз кіргенде білгенім, бұл төрт ұл-қыз әкем екеуіңіздің достарыңыз, көрші Киров селосында тұрған Манапбай көке мен Зербала тәтенің балалары екен. 42 жасында Зербала тәте, одан кейін Манапбай көке қайтыс болған.

Ауыр науқастан көз жұмар алдында Зербала құрбыңыз сізге «Сақып, балаларым жас қалып барады. Манапбайдың да денсаулығы жоқ. Олай-бұлай болып кетсем, балапандарыма бас-көз боларсың» деп табыстаған екен. Ол кісілер қайтыс болғанда шаңырақта Манапбай көкенің қарт анасы қалғанымен кейуана да кейінірек дүниеден өткен. Күнтубай ағам да, Күләш әпкем де мектепті біздің үйде жүріп, біздің ауылда тәмамдады.

Кейіннен Күнтубай ағам үйленіп, отау құрған соң көрші ауылдағы әке-шешесінің қарашаңырағына оралды. Күләш та техникумға оқуға түсіп, одан соң Мәйкөн деген жігітпен шаңырақ көтерді Анашым, Сіздің осы балаларды өз перзенттеріңізден кем көрмей, мәпелеп, Күнтубай ағамды үйлендіріп, Күләш пен Жұмакүлді ұзатып, оларға ана болып құдалығына барғаныңызды, жасауларын дайындап, құтты орындарына қондырғаныңызды білеміз.

Олар да сізді «ана орнына ана болған асылым» деп аялап, бауырыңызға тығылып, еркелейтін. Күләштің: «Ата-анадан айрылып, жетім қалғанымызда емшек сүтін бермесең де елік сүтін беріп өсіріп ең ғой, жарығым, анашым!» деп мойныңызға асылып, көзін сығып алатын кездерін көргенде менің де көңілім толқитын. Күнтубай аға мен Жұмакүл бертінде науқастанып қайтыс болды. Күләш бүгінде Алматыда ұлдарымен бірге тұрады.

Асыл анашым, өзіңіздің қан қысымыңыз көтеріліп, жүрегіңіз сыр беріп жүрсе де біздің әрбіріміздің жағдайымызды ойлап, алаңдап отыратынсыз. «Күләшкенімнің денсаулығы болыңқырамай жүр, полиартрит деген кесел шаршатты ғой жарығымды» деп Күләшті көп уайымдайтынсыз. Алматыдағы кенже қызыңыз Гаухардың үйінде жатқаныңызда Күләштің денсаулығын сұрай барып, «Жарығым, мені қанша жүрер дейсің? Төлімнің қатарын көбейткен құлынымсың ғой, көзімдей көріп жүрерсің» деп қолыңыздағы қомақты алтын сақинаңызды саусағына салып кеттіңіз.

20161106 201447

«Боталарым» деп бауырыңызға басқан тағы бір ұл-қызыңыз Әскен ағам мен Күлия тәтемді де бауыр ғып бізге қосып, қатарымызды көбейтіп кеткен ақ жүрегіңізден айналдым, Анашым! Әкем екеуіңізді бір көргеннен жандарына жақын тартып, «Бізге өкіл әке-шеше болыңыздаршы» деген ерлі-зайыпты екеуінің тілегін қуана қабылдап, «өкіл бала емес, өз баламсыңдар» деп бізден кем көрмей ерекше еміренетін едіңіз.

Олардың да сіздерге деген пейіл-мейірі бөлек-тін. Үлкен ұлыңыз, менің алдымдағы ағам Дастан 53 жасында кенеттен қайтыс болып, оның екі баласы Ермахан мен Ерлан да бірінен соң бірі ойда жоқта жалғанның есігін жапқанда қайғыдан бауырыңызды жаза алмай бүк түсіп қалған сізге бізбен бірге демеу болған да осы ұл-қыздарыңыз болатын.

Ананың мейіріне шөлдеп өскен Үрзаданың (Айтөреева) сона-а-а-у бір жылдары мен елге барарда өзіңізге арнап жазған бір жапырақ сәлем хаты сіздегі мейірімнің дариясын тасытты. Шымкенттен жолданған құрбымның сол хатын сандығыңыздың түбіне салып сақтап қана қоймай, Үрзаданы өзіңізге қыз қып теліп алдыңыз.

Өзіңіз айтатындай «Құдай қосқан» бұл балаларыңыз біздің үйдің төл перзенттеріне айналып кеткені қашан! Үйдегі қандай жиын, тойда болмасын, мерекеде болмасын, тіпті жайшылықта әншейін өзіңізді сағынған кезде де алып-ұшып жетіп, құшағыңызға құлай кететін еді. Сондағы сіздің «алтындарым, бір басымды мың еткен жарық жұлдыздарым» деп емірене иіскеп, шөпілдетіп сүйетініңізді олар да, біз де қалай аңсап жүргенімізді сезесіз бе, Анашым!

Сіз әрдайым: «Мені Ана деп қабылдап, сендерді бауыр тұтқан Күләшімді, Әскенімді, Үрзадамды ертең менің көзім кеткенде бөлектейтін болсаңдар, мен арғы дүниеде риза болып жатпайтынымды біліңдер» деп ескертуден жалықпайтынсыз. Аманатыңызға ешқашан қиянат болмайды, маматай!

Шымкенттегі көз ауруханасында бір апта жатқаныңызда бірге емделген Нархал есімді апай да сізді өзіне апа қылып алды. Шымкентте болсаңыз, «апатайым менің» деп үйге келіп, мауқын басып, еліңізге – Шуға қайтсаңыз соңыңыздан қоңырау соғып, іздейді де жатады. Бұл жақта Сіздің есіміңізді есінде сақтаған Ханбибі, Гүлдана, Нәзира, Алма, Ертай, Ержан, Нысанбек, Жамила, Жұбай, Тұрсынай секілді ұл-қыздарыңыз да әрбір қасиетіңізді аңыз қып айтып отырады.

Біздің Надя деген әпкеміз бар. Шешесі – орыс, әкеміз – ортақ. Әкеміз анамызға үйленбес бұрын Антонина деген орыс қызымен көңіл жарастырып, бас қосуға ниеттенгенімен әжеміз ұлының басқа ұлттың қызын келін етіп әкелуіне қарсы болыпты. Бірақ араларындағы сезімнен дүниеге келген Надежда есімді қызды әкемізбен бас қосқаннан кейін өзіңіз іздеп барып, бауырыңызға тартып, бізге жақындастырып жібергеніңізді ерлік десем де, кеңдік десем де жарасар.

«Ол – сендердің қандарың. Ол жалғыз жетімсіреп өспеуі керек, оған бауыр керек. Анасы мен әкесінің тағдыры үшін ол кінәлі емес» деп екі ортаны жалғаған жаны жайлау анашым-ау ! Сол адал пейіліңізге сай Надя да, оның анасы да сізді пір тұтатын. Сіздің Антонина тәтемен (біз ол кісіні тетя Тоня дейтінбіз) ол кісі дүниеден қайтқанша құрбылардай араласып тұрғаныңызды дүйім ел білетін.

Ал Надя өмірден өткеніңізше сізді «мама, милая моя, неповторимая, единственная» деп құшырлана сүйіп, құшағына қысумен жүрді. Кеше соңғы деміңіз таусылар сәтте басыңызда егіліп отырып, «Мама, мамочка, мен Надямын ғой. Көзіңді ашшы, маған бір қарашы» деп қолыңызды алақанына салғанда оның саусақтарын әлсіз ғана қысып, көзіңіздің ернеуінен мөп-мөлдір тамшылар сырғанап түсіпті. Қимай қоштасқаныңыз болар.

Сіздің мейірімнің дариясына шомылған, жанартаудай жан жағына жарық шашқан жүрегіңіз осылай соңғы минутына дейін шұғылалы сәулесін жанымызға дарытып, үнсіз ғана тоқтады.

Бірақ сіздің бүкіл адамды, бүтін әлемді сүйген, барлық балаңызға аналық махаббатыңызды теңдей бөлген жүрегіңіздің дүрсілі бізбен бірге мәңгі жасай береді, жан Анам! Берген батаңызды, суырып салып айтатын әніңізді, әдемі әңгімеңізді, саңқылдаған үніңізді енді таспадан ғана естіп, шөліркеген көңілімізге содан ғана медеу табамыз ба? Қайтеміз?!

Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз толғындай мамық болсын Батырдың қызы, Асылдың ізі, аяулым, Анашым!

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.