«100 жаңа оқулық»: 30 жаңа еңбек таныстырылды

Среда, 17 Июль 2019 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 205 раз

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры аударып ұсынған кезекті 30 оқулық таныстырылды. Әр кітаптан – 384 дана, барлығы 11520 кітап жеткізілген.

DSC 1888

«Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында кезекті рет жарық көрген оқулықтармен танысуға «Елбасытану» орталығына университеттің факультеттері мен жоғары мектеп декандары, жетекші оқытушылары жиналып, жаңа оқулықтарды оқу үдерісіне енгізу туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, аталған кітаптардың жоғарғы оқу орнындағы білім сапасын дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Жаңа 30 оқулықтың негізгі мазмұны және бағыт-бағдарымен университеттің Қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жанысбекова таныстырды.

– Елбасының тұсында басталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамның барлық саласын қамтиды. Жан-жақты бағдарламаның ел тұрғындары үшін берері мол. «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – осы бағдарламаның бір парасы. Биыл аталған жобаның екінші кезеңіне қадам басып, 30 жаңа оқулық жоғары оқу орнымызға жеткізіліп отыр.

Мен, әсіресе, тарихшы ретінде дүние жүзі тарихы мен шығыстану, тіл біліміндегі оқулықтың ана тілімізде оқу жеңілдетілген әрі жаңарған жоба деп айтар едім, - деді Г.Жанысбекова.

Гүлнар Әмірбайқызының айтуынша, ОҚМУ-да елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа оқулықтарды енгізудің нақты алгоритмі жасалған. Нәтижесінде өткен оқу жылы барысында университет студенттері алғашқы шыққан 19 оқулықтың мазмұнын толық меңгеріп, жаңа білім нәрімен сусындады.

Ал бұл жолғы жаңа оқулықтар дүние жүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық, педагогика, интернет-психология, стратегиялық менеджмент, маркетинг, медиа және іскерлік коммуникация, дипломатия және өнертану салаларын қамтиды. Мәселен, «Панорама: дүниежүзі тарихы» оқулығының ІІ томында адамзаттың дамуына ауқымды шолу жасалады. Материалды баяндау әдістемесі тарихи процесс туралы кең түсінік береді.

Экономика және кәсіпкерлік саласындағы оқулықтар сериясын кеңейту мақсатында осы саладағы белгілі мамандардың жұмыстарымен толықтырылды. Олардың қатарында Джон Гэмбл бастаған авторлар тобының «Стратегиялық басқару негіздері» кітабы, Ник Уилтонның «HR менеджментке кіріспе» еңбегі, Стивен Робинстің «Ұйымдастырушылық мінез-құлық» кітабы, Чарльз Хиллдің «Халықаралық бизнес: жаһандық нарықтағы бәсекелестік» туындысы және т.б. бар.

DSC 1836

Айта кетейік, аталған бағдарлама аясында көптеген белгілі еңбектер әлемнің ондаған тіліне аударылып, әлемдік гуманитарлық білім беруді дамытуға ықпал еткен. Бұл кітаптарды қазақ тіліне аудару мен басып шығару қазақстандық жоғары білім берудің дамуына және ғылымның нығаюына елеулі үлес қосады.

Кітап аудару жұмысына жоғары оқу орындарының жетекші оқытушылары, редакторлар мен тәжірибелі аудармашылар және лингвистер - барлығы 300-ден астам маман қатысқан. Әр жаңа 30 оқулықтың таралымы 10 000 дананы құрайды. Жаңа оқу жылына қарай еліміздегі 112 жоғары оқу орны ала алады. Ал электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталында (www.OpenU.kz) көпшілікке қолжетімді.

Жиын соңында жұртшылыққа қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру аясында аударылған және басып шығарылған отыз жаңа оқулықтың көрмесі ұсынылды.