Версия для печати

Қазақстанда ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды Избранное

Пятница, 19 Июль 2019 04:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3043 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ұлттық кеңесті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Сонымен қоса Кеңестің ережесі және құрамы бекітілді.

Akorda

Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, жиында ҚР Президентінің кеңесшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин кеңес құрамы қалай жасақталғанын, оның алдында қандай міндеттер тұрғанын айтып берді.

Кеңес хатшысының айтуынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – Қазақстан Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Кеңестің негізгі мақсаты – халықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік саясатқа қатысты өзекті, маңызды мәселелер бойынша бастамаларды, ұсыныстарды тұжырымдау.

Сонымен қатар тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу, жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, сындарлы диалогты қамтамасыз ету де кеңестің негізгі міндеттері болып отыр.

– Ұлттық кеңеске Президенттің өзі төрағалық етеді. Ұлттық кеңес құрамына саяси партиялардың өкілдері, қоғам белсенділері, сарапшылар, жастар ұйымдарының көшбасшылары еніп отыр. Кеңестің құрамын анықтау мақсатында соңғы бір айда консультациялар өткізілді.

Консультациялар барысында Президент Әкімшілігінің өкілдері түрлі қоғам белсенділерімен, саясаткерлермен, сарапшылармен кездесіп, кеңестің құрамы қалай құрылатыны, оның алаңында қандай мәселелер көтерілу керегі жөнінде пікірлестік.

Кеңеске кіретін қоғам белсенділері – ұзақ уақыт бойы қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты түрде көтеріп, көпшіліктің назарын аударып жүрген белсенділер және нақты бір саланы дамытуға үн қосып, еңбектенген кәсіби мамандар. Кеңес құрамында қоғамның барлық саласының өкілдері қамтылды. Саяси-қоғамдық алаңдардың, түрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық.

Ескі оппозицияның да, жаңа қалыптасып келе жатқан қозғалыстардың да өкілдері бар. Консультациялар кезінде Кеңес құрамымен қатар жұмысы туралы да ой қозғадық. Ақылдаса келе алдағы уақытта Ұлттық қоғамдық кеңестің жұмысы жүйелі болуы үшін құрамына енген мүшелері бірнеше жұмыс топтарына бөлінуі мүмкін деген байлам жасадық. Қазіргі уақытта ортақ ұстаным бар.

Ұлттық кеңес нақты мәселелер қаралатын, талқыланатын алаң болады. Жұмыс топтарына бөлінген Кеңес мүшелері белгілі бір бағыттар бойынша өз ұсыныстарын дайындайды. Ұсыныстар нәтижесінде қабылданған шешімдер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жалпы отырысында қаралады, – деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, Ұлттық кеңестің құрамы 42 адамнан жасақталды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин кеңестің алғашқы жиыны шамамен 20 тамызда өтеді деп жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, диалог, талқылаулар Кеңесте ғана шектелмей, әлеуметтік топтардың кездесулері өңір-өңірде өтетіні айтылды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.