SHYMKENT: «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды Избранное

Среда, 24 Июль 2019 04:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 11445 раз

Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарлама

Ел тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі – биліктің назарында. Осы ретте еліміздегі республикалық маңызы бар қала – Шымкентте баспана құрылысы қарқын алған.

DSC 3641

Нақтырақ айтсақ, үшінші мегаполисте биыл 26 үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл үйлерді «7-20-25» бағдарламасы арқылы алуға болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан көп қабатты үйлер желтоқсан айында беріледі. Үйлердегі пәтер саны – 1164.

«Бақытты отбасы»  бағдарламасына қалай қатысады?

Баспанаға қол жеткізсем деп армандап жүрген шымкенттіктер үшін тағы бір қуанышты жаңалық бар. Таяуда Шымкентте «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.
«Бақытты отбасы» бұған дейінгі бағдарламалардан өзгерек.

Несие шарты да тиімді, жылдық мөлшері – 2 пайыз. Оған көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатыса алады. Бір ғана талап бар.

Ол – табыс көлемі отбасы мүшелеріне шаққанда адам басына 42 мың 500 теңгеден асып кетпеуі керек. Несие сомасының 10 пайызы көлеміндегі алғашқы жарна болған жағдайда жылына 2% мөлшерлемемен несие беріледі. Мерзімі – 20 жылға дейін. Банк өкілдері мұндай мүмкіндіктің бұрын-соңды болмағанын айтады.

Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша салымшыларының саны 84 мыңнан асады. Олардың салған қаржысы 43 млрд теңгені құрайды. Бастысы – салымшылар есепшотына ай сайын мүмкіндігіне қарай ақша салып тұруы тиіс.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Шымкент қалалық өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл талап аз қамтылған отбасылардың қатысуы үшін арнайы қойылған. Бұл ереже болмағанда аталған бағдарламаға қалталы отбасылар қатысатын еді.

42 мың 500 теңгеге тоқталсақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өтініштерді қабылдап, кейін қажет болса бұл соманы ұлғайтуы не кемітуі мүмкін.
Айта кетерлігі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Шымкент қаласы бойынша филиалына қарасты жаңа форматта кеңес беретін 4-орталық іске қосылды.

«Теріскей» («Север») сауда орталығындағы кеңседе банк ұсынған барлық қызмет көрсетіледі. Мұнда банктегі ұзын-сонар кезекті қысқартып, сапалы қызмет алуға жағдай жасалған.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушы азаматтар өзінің әлеуметтік санатын айқындайтын арнайы тұрғын үй сертификатын алуы қажет.

Банк сол кезде баспана береді. Яғни, Шымкент қаласында баспана кезегінде тұрсаңыз және қолыңызда әкімдіктің тұрғын үй басқармасының жолдамасы болса (Тұрғын үй басқармасының мекенжайы: Шымкент қ. Республика даңғылы, №12 ғимарат), онда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бөлімшелерінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша сіздің несиелік өтініміңізді қабылдайды.

Бұл бағдарламаның көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Ең жоғары займ сомасы – Шымкент қаласында 15 миллион теңге. Өтінім беруші жылжымайтын мүлікті баспана кезегінде тұрған аймақта ғана сатып ала алады.

26 үй пайдалануға беріледі

DSC 3621

Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, бұл үйлерді салу үшін бағдарламаның операторы – «Баспана» АҚ-нан 10 млрд теңге және жеке инвесторлардан 2,7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүруде.

– Жыл соңына дейін, дәлірегі, желтоқсан айында нысандар пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жеке инвесторлар өздерінің құрылысқа құйған қаржысына сай үлестік пәтерін алады. Сөйтіп, хабарландыру беріп, екінші деңгейлі банктер арқылы «7-20-25» бағдарламасымен өткізеді.

«Баспана» АҚ-ның үлесіндегі пәтерлер де сол бағдарламамен үлестіріледі. Бірақ мұнда басымдылық баспана кезегінде тұрған азаматтарға, көп балалы отбасыларға, ТҮҚЖБ салымшыларына беріледі, - дейді Әбілсейіт Рабаев.

«Баспана» АҚ-ның қаржыландыруымен салынып жатқан үйлердің құрылысына «Shymkent» ӘКК» АҚ жауапты. Корпорацияның баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, «7-20-25» бағдарламасы аясында «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан жалпы ауданы 73377,4 ш.м. болатын 26 көп қабатты үй салынуда. Атап айтқанда, «Тұран» ш/а – 14 үй, «Асар-2» ш/а – 10 үй, «Шығыс» ш/а – 1 үй, әкімшілік-іскерлік орталығында 1 үй салынуда.

Д.АЙБАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.