ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласының тұрғындарымен жүздесті. Алдымен жастармен еркін пікір алмасқан шымкенттік сенаторлар өздерінің жұмыс барысымен бөлісті.
Жастар түрлі заңдардың талқылану барысы туралы мәліметтерге қанығып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Нұрлан Құдиярұлы мен Айгүл Жарылқасынқызы жоғарғы заң шығарушы органның жұмысы мен халықты әлеуметтік қолдау бойынша соңғы уақытта қабылданған реформалар туралы баяндады.
Жастар осы тақырыптар бойынша өздерінің сұрақтарына жауап алды. Көпшілікті, бұған қоса әлеуметтік қамсыздандыру, Жастар жылы аясында атқарылар іс-шаралар барысы қызықтырды.
Сенаторлар бұдан кейін қаладағы Белсенді өмір сүру орталығында болып, зейнеткерлермен жүздесті.
Мегаполистегі бұл жаңа орталық Елбасы Н.Назарбаевтың отандастарымыздың өмір сүру жасын ұзарту мен бұқаралық спортты дамыту тапсырмасын жүзеге асыру аясында ашылған.
Халық қалаулылары осы орталықтан ашылған Болат Өтемұратов қорының «Асыл Мирас» аутизм орталығының тыныс-тіршілігімен танысты.
Айта кетейік, Нұрлан Бекназаров – Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары бойынша тұрақты комитетінің, ал Айгүл Қапбарова Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым бойынша тұрақты комитетінің мүшесі.