Еске алып Кең-ағаны...

Среда, 31 Июль 2019 04:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3097 раз

Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің аумағында Кергелі шатқалы бар. Туристер арасында «Опат болған альпинистер мемориалы» деп те аталады. Бұл атау 1982 жылы Көптау тауында қарағандылық 5 альпинист көз жұмған соң пайда болған. Қазіргі таңда шатқалда тау туризміне тікелей қатысы бар бірнеше адамның ескерткіш тақтайшасы орнатылған.

Кеңес Исмаилов 4-1

Кешегі сенбі күні бұл мемориал шымкенттік белгілі журналист, өлкетанушы, бард әнші Кеңес Исмаиловтың тақтайшасымен толықты. «Өрнек» еріктілер тобының мүшелері ұйымдастырған іс-шара барысында көлік қарастырылды. Марқұмның туыстары, достары, әріптестері мен таныстары тау етегіне барып, ары қарай Төменгі Сайрам көліне саяхат жасады.

Кеңес Исмаилов көпшіліктің назарын үнемі қоршаған ортаны таза ұстауға үндеп келді. Кеңес Серікбайұлы мен досы Алексей Гончаровтың бастамасымен «Тауда шын жүректен» фестивалі қайта жанданды. Шымкенттегі халықтық Қошқар ата фестивалінің де қайта жандануына мұрындық болған осы азаматтар.

Кеңес Исмаилов 5

Біздің әріптесіміз соңында көптеген өлең, очерк пен жолжазбалар қалдырып кетті. Бұл еңбектерді қазіргі таңда гид-экскурсшылар мен өлкетанушылар кәдеге жаратып жүр. Енді Кергелі шатқалында кез келген туристі Кеңес ағаның бейнесі қарсы алады.

Айта кеткендей, экспедиция мүшелері сол күні таудан түсерде экологиялық сенбілік те ұйымдастырып, жол-жөнекей 6-7 қап қоқыс жинады.

Қ.Карибаев

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.