Серік СЕЙІТМАН: «Ұлттық жобаға қызығушылық артып келеді» Избранное

Пятница, 02 Август 2019 04:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 678 раз

Серік СЕЙІТМАН, «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауының ресми өкілі, ақын:

Серік Сейітман

Елімізде оқушылар арасында батырлар жырын жатқа оқудан «Qazaq Epos» республикалық жобасы қолға алынды. Байқау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

«Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы биыл екінші рет өткізілуде. Биылғы басты ерекшелік – жоба республикалық деңгейге шығып отыр. Өткен жылы мектеп оқушылары «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқыған-тын. Биыл дарынды оқушылар «Қобыланды батыр» жырын жаттауда.

Екінші рет ұйымдастырылған ұлттық жобаға бірқатар өзгерістер енгізіліпті. Республикалық байқаудың ресми өкілі, ақын Серік СЕЙІТМАН бізге бұл туралы кеңінен баяндап берді.

– Биылғы байқаудың ерекшелігі неде?

– Негізінен, бұл жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған іс-шара. Байқаудың басты мақсаты – еліміздің тарихи, мәдени мұрасын сақтап, өркендету, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау. Сондай-ақ, балалар арасында кітап оқуды, қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау.

002

Қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру, жас ұрпақты халық поэзиясына, патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу – негізгі міндеттеріміз.
Жалпы жобаны үйлестіру бойынша республикалық штаб жұмыс істейді. 17 өңір бойынша мамандар бекіткенбіз.

Барлық өңірдің білім басқармаларымен және барлық аудандардың білім бөлімдерімен тығыз байланыс орнаттық. Қазір өңірлерде де штаб ашыла бастады. Өйткені, елордада отырып, бүкіл өңірді бірдей қадағалау мүмкін емес.
Республикалық штабта өздерін көрсете алған жігіттерді өңірлерге жіберіп жатырмыз. Алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысы және Алматы, Шымкент қаласында өкілдіктер ашылды. Яғни, осы үш өңірде өңірлік штаб жұмысын бастап кетті.

Жоспар бойынша байқау көктемде басталып, жаз айларында қорытындылану керек еді. ҚР Президент әкімшілігімен ақылдаса отырып, бәрін де оқушылардың жазғы демалысы кезінде аяқтауды жоспарлаған едік. Алайда белгілі себептермен және ата-аналар мен мұғалімдердің өтінішімен байқаудың іріктеу кезеңі қыркүйек айына шегерілді.

Оған елде болып жатқан саяси өзгерістер мен түрлі оқиғалар да себеп. Сондай жағдайларға байланысты байқаудың кезеңдері кейінге қалдырылды. Бір айта кетерлігі, бүгінде мұғалімдер, оқушылар тарапынан өтініштер көп түсуде. Олардың да өтінішіне құлақ асамыз.

Байқауға 6-10 сыныптың аралығындағы оқушылар қатыса алатын. Биыл 11 сынып оқушыларына да қатысуға мүмкіндік беріп отырмыз. Яғни, өткен оқу жылындағы 10 сынып оқушысы жаңа оқу жылында бәйгеге қатыса алады. 9 сыныпты бітіріп, орта арнаулы оқу орындарына түсіп кеткендердің де өтініші жарамды.

Бұл – биылғы жобаның басты ерекшеліктерінің бірі. Тағы бір жаңалық – былтырғы оқу жылында 5 сыныпты оқып, байқауға қатыса алмай қалғандарға да мүмкіндік беріп отырмыз. Яғни, 2018-2019 оқу жылында тізімге алынған оқушылардың ешқайсысының меселін қайтармаймыз, бәрінің қатысуына мүмкіндігі бар.

Былтыр бірінші байқауды Алматы қаласында өткіздік. Қалалық әкімдіктің қолдауымен 1300-ден астам бала бақ сынады. Оларды 500 ден астам мұғалім дайындады. Бұл да бір ауқымды іс-шара болғаны анық.

– Байқаудың басты талаптары мен шарттары қандай?

– Көпшіліктің қолдауына ие болған ұлттық жоба биыл қыркүйекте басталады. Жоба 3 кезеңнен тұрады: біріншісі – аудандық, екіншісі – облыстық, қалалық және үшіншісі республикалық. Нұр-Сұлтан қаласында өтетін финалдық кезең «Қазақстан» ұлттық арнасынан тікелей эфирден көрсетіледі деп жоспарлануда. Бас ақпараттық серіктесіміз – «Қазақстан» телерадио корпорациясы.

Жалпы, «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар. Байқауға қатысушылар үшін «Марабай жырау» нұсқасын таңдадық. Фольклортанушы ғалымдармен ақылдастық. Оқушылардың қабілетіне, қайсысы дұрыс екеніне зер салып, осы нұсқаға тоқталдық. Байқау шарты бойынша оқушылар жырды жатқа айтып қана қоймай, оның ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.

Бір айта кетерлігі, біздің жобаның ресми QazaqEpos.com сайты жұмыс істеп тұр. Онда бүкіл ереже, шарттар, жаңалықтар орналастырылған. Әрі оқушылар « Марабай жырау» нұсқасын да сайттан таба алады.
Сондай-ақ, фейсбук, инстаграм желісінде жобаның жеке парақшалары бар. Күнделікті жаңалықтар әлеуметтік желілерде де жариялануда.

Байқауды қолдау ретінде әлеуметтік желілерде отбасылық эстафета да ұйымдастырылғанынан көпшілік хабардар. Бірақ байқауды эстафетамен шатастырмау керек. Негізінен, эстафета – осы байқауды қолдауға байланысты ұйымдастырылған іс-шара.

– Қазылар алқасы қалай таңдалмақ?

– Әрине, байқаудағы қазылар алқасына жүктелер жауапкершілік жүгі ауыр. Биыл еліміз бойынша 5 мыңнан аса мектептің, 50 мыңнан астам оқушысы бақ сынамақ. Бұл – ауқымды іс-шара. Үш кезеңде де қазылар алқасына зор жауапкершілік жүктеледі. Аудандық турда сол ауданның зиялы қауым өкілдерін мүше етсек дейміз. Негізінен, сол жырға қатыстылары таңдап алынады.

Ауыз әдебиетінен хабары болуы тиіс. Облыстық, қалалық кезеңде мүмкіндігінше сол өңірдің, қаланың тұлғаларын қазы қыламыз. Ресми билік өкілдерінен де 1 адамды қосуымыз мүмкін. Бірақ оның даусы шешуші фактор бола алмайды. Қазылар алқасы кемінде 5 адамнан тұрады. Ал республикалық кезеңде барынша қазақ фольклорының майталмандарын қазылар алқасының төріне шығарамыз.

Әр кезең бойынша жүлдегерлерге қаржылай сыйақы беріледі. Аудандық турдың жүлдесі де қомақты. Шарт бойынша ауданнан жеңіп шыққан, бірінші, екінші, үшінші орын алған бала облыстық кезеңге жолдама алады. Облыстық кезеңде үздік шыққан 1 оқушы республикаға жолдама алады. Республикалық кезеңге 17 өңірден 17 оқушы қатысады.

Аудандық кезеңде жеңіп шыққан балаларға, бірінші орынға 150 мың, екінші орынға – 100 мың, үшінші орынға – 50 мың теңгеден берілсе, оны дайындаған мұғалім де екі есе қаржылай сыйақымен марапатталады. Ал облыстық, қалалық кезеңде жеңіп шыққанға тағайындалар сый – 1 млн теңге. Ал ұстазына 2 млн теңге беріледі.

– Шымкенттің белсенділігі қандай?

– Жалпы осы жобаға қолдау көрсеткен Шымкент қаласы әкімдігіне зор алғыс білдіреміз. Шымкент қаласының оқушыларының, ұстаздардың белсенділігі өте жоғары. Қалада 4 аудан бар. Әр ауданнан үш жеңімпаз шығады. Ол 12 жүлдегер қалалық кезеңге шығады. Соның ішінен 1 бала республикалық кезеңге жолдама алады. Байқау шарты осындай. Әр аймақтың оқушыларының қабілеті қандай екені аудандық, қалалық, республикалық турда анықталмақ.

– Ендеше, сәттілік тілейміз!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.