Версия для печати

«Төле биге» көрерменнен төрелік Избранное

Среда, 07 Август 2019 05:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2547 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Сөздің де дарасы мен аласы қатар жүруі сөз мәйегін айыруға пәрмен берері һақ. Естеріңізде болса, сонау кеңес одағы кезеңінде қалыңдығы пышақтың жүзіндей «Қазақ тарихы» оқулығында «Кенерасы хан, Сырым Датовтар бүлікшіл...» дегенді оқып, санамызға құйып өсірген алдыңғы буын ұмытқан жоқпыз. Дүние жүзінің тарихын түбегейлі жаттаттырып, тек, қазақ халқының тарихын большевиктік жүйенің өз қалауына қарай икемделген түрін ғана оқуымызға рұқсат болды.

208

Қазақта елін, жерін қорғаған хандар мен батырлар, әділ төрелігін айтқан билер болғанын ауыл қарияларынан естумен өстік. Оның өзін де ашық айтудан жасқанып, сыбырмен айтатын. Қазақтың қабырғасын қақыратқан Екатерина ІІ патшайымның «бөліп ал да, билей бер!..» саясатымен хандықты жойып, сұлтандық жүйені қалдыруының басты мақсаты қазақты түп-тамырынан айыру болды. «Сексеуілді сексеуілмен соғу» тәсілін ұтымды пайдаланып, қынадай қырылуына әкеп соқтырды. 

Кеңес кезеңінде қазақ тарихы 1917 жылдан бастау алды дегенге шын сендік. «Ақ патша болмаса қазақ халқы жойылып кету қаупі төніп тұрғанын» айтуға арланбаған кеңестік партия қазақ халқын жасқаншақ боп жетілуіне барын салды.
Тарихымызға жойқын соққы берілгеніне көзіміз енді жете бастады. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» сөзінің ақиқаты ретінде сан-алуан тағдыр теперішін артқа қалдырып, Тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ, өткен тарихын қайта қазбалап, өшкенін жандырып жатқан жайы бар. Уақыт құдыретіне ешкім қарсы тұра алмаса керек.

Қазақ халқының өзге ұлттардан ерекшелігі – ханға билік айта білген билері болды. Үш жүздің бетке тұтар үш биінің төбе биі – Төле би жайында жерлесіміз, республикаға белгілі жазушы Шойбек Орынбай ағамыздың бірнеше томдық кітабы жүйесімен
Н.Паттеев басшылық ететін «Сақ» киностудиясында түсірілген «Төле би» фильмінен алған әсермен бөліспесек болмас.


Фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбековтің соңғы жылдары тұщымды дүниелерімен елден асып, шетелге белгілі бола бастағаны бізге үлкен қуаныш. Б.Дәуренбековтің Мәдениет министрлігінің қаржыландыруымен қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірген «Қазақ елі» аннимациялық фильмі Мысыр қаласында өткен 96 елден 300-ден аса фильм қатысқан фестивальде үш бірдей «Үздік анимациялық фильм», «Үздік режиссер», «Үздік музыка» бас жүлделерін иеленгенін бірі білсе, біріміз білмейміз. Қаржы мәселесімен өздері бара алмай, шығармашылығын додаға қосып, алыстан тақымын қысуға мәжбүр болған
Б.Дәуренбековтің үш бірдей бас жүлдені алуы да қызық.


Әлқисса, «Төле би» фильміне ойыссақ. Фильмге көркемдік жетекшілік еткен айтулы кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов тұсаукесерге арнайы ат басын бұрғаны көрерменге жағымды әсер қалдырды. «Төле би» фильмін көріп отырған көрермен кейіпкерлердің түбірлі сөзді түйіндете айтқан тұстарында бірнеше мәрте қол шапалақтағаннан фильмнің өз көрерменін тапқанына куә болдық.


Алғашында «қалай болар екен?» деп күмәнданғанымды жасырмаймын. Батырханның анимация мен балалар фильмін жақсы түсіретінін білемін. Бірақ, тарихи сүбелі дүниеге дайын ба деген күмәнді сұрақ қатты мазалады. Ойымның бекерлігін көріп, көңілім орнықты.


Біздің киноиндустрияда әлі де соғыс сахналарын жөнді игере алмай жатыр. Б.Дәуренбеков соғыс сахналарын шетелдік шеберлерден еш кем түсірмеген.
Н.Патеев басқаратын «Сақ» киностудиясы жаңа технологияны ұтымды қолданып, фильмнің өзегін әдемі өрбіткен. Киностудия жігіттері жаңа технологияның құлағында ойнап отыр. Неге қолданбасқа?
Киногерлер соңғы жылдары ғана тарихи фильмдерді түсіруге қол жеткізуде. Біздер шашылып қалған тарихты мозайка іспеттес жинап жатырмыз. «Төле би» фильмі сол мозайканың белортасынан орын алары анық. Ресейде онға жуық киностудия бар. Біз де бірнеше киностудия ашсақ, ұтар едік. Оңтүстік өңірінде мықты киногерлер жеткілікті. Оған «Сақ» киностудиясы дәлел.


Осылайша «Төле би» жүрекке жылы тиді. «Өзім» деп қабылдарлық дүние шығыпты. «Өзім» дегенде, қазақтың болмысын айтып отырмын. Батырханның қарымы мықты. Басқа да биік дүниелер күтемін», деп, өз ойымен бөліскен Сатыбалды Нарымбетов ағамыз Батырхан Дәуренбековке аталық батасын берді.


Режиссердің қазақ тілінің мәйегін сорып өсуінің шығармашылықта атқарар рөлі зор. «Төле би» фильмі барысында Ш.Орынбайдың аталы сөздерін режиссер
Б.Дәуренбековтың қыздың бұрымын тарағандай, әдемі тарқата, жеткізе білген шеберлігі тәнті етті. Көрерменнің делебесін қоздырып, айызын қандырған тұстарда ду қолшапалақ соққаны – қазақта сөз қадірінің өшпегенін айғақтап тұрғандай әсер қалдырды.


Төле бидің бала күнінен бастап қарттық кезеңіне дейінгі ғұмырын көрсете отырып қазақ халқының ең ауыр кезеңдегі тарихи сәттерін қамтыған фильмнен «қазақтың исі» жанға жайлы аңқып тұрды. Тіршілігі, сөз саптауы, аталы сөзге тоқтауы, Жеті жарғыны талқылайтын сахналарда сценарист Ш.Орынбай мен режиссердің ойы үндестікте бола отырып түсірілгені көз қуантады.
Кино – шетелге ұлтты таныстырушы алтын көпір іспеттес. Б.Дәуренбековтың еліміздің ең көрікті тауы мен тасын, өзен-көлін, төсі қызғалдақпен көмкерілген Шұбайқызылымызды, төскейіміз бен беткейіміздің сұлу көркін келістіре таспалағаны шетелден турист тартуға ықпал етері сөзсіз.


Тарихи дүниелер біздің ұлттық тамырымызды танытатын құндылық. Осы орайда «Сақ» киностудиясы түсірген «Төлеби» фильмі киноиндустрия саласын тағы бір тарихи-танымдық құнды көрсетіліммен толықтырған татымды дүние болды. Ал анимациялық фильмдермен атақ-абыройы атқан Б.Дәуренбековтің өткен тарихымызға түрен салуы шын мәнінде үлкен жаңалық.
Жаңалық демекші, ол үнемі тың дүниелерге талпыныс жасаумен келеді.

Балалар мен жасөспірімдер киностудиясын» ашу  Б.Дәуренбековтің көптен бергі арманы екені биік мінберлерден айтылып, жазылып та жүр. «Қошқар мен теке» мультфильмі Қытайда өткен халықаралық фестивальде жүзден аса мемлекет қатысқан додада «Туған жерді сүйіспеншілікпен насихаттағаны үшін» номинациясын жеңіп алды.
«Қошқар мен текенің» қытай көрерменіне ұнағаны соншалық, қытай тарапы екі ел бірігіп жалғасын түсіруге ұсыныс жасалды. Өкінішке қарай, қазір біз тарапынан қаржы бөлуге мүмкіндік болмауымен жалғасын түсіру тығырыққа тіреліп тұр.
Соңғы 7 жылда «Балапан» телеарнасының тапсырысымен Б.Дәуренбеков балаларға арналған «Томпақ», «Қалқанқұлақ» телехикаяларын түсірді. «Томпақ» телехикаясы «Ең үздік балалар фильмі» бас жүлдесін жеңіп алды. Ал «Қалқанқұлақ» телехикаясы шыға сала әлеуметтік желіде небәрі екі аптада 3 млн аса көрермен көріп, рекордқа қол жеткізді.
Ұлт болашағы – ұрпағымыз екенін біле тұра әлі де болса көркем дүниеге деген салғырттықтан арыла алмай келеміз.

Мәселен, күллі әлем есі шыға көретін Гарри Поттер жайлы хикаялар үздіксіз шығарылуда. Неге біздерге жас көрерменнің ықыласына ие болған «Томпақ» пен «Қалқанқұлақ» телехикаяларын жалғастырмасқа?!
Көзі қарақты көрермен мазалаған сұраққа режиссер Б.Дәуренбековтің айтары көп.


– Құдайға шүкір, экономикамыз қалыптасты. Ендігі жерде өскелең ұрпақты туған жердің топырағы мен бір түп жусанын қадірлейтін патриотизмге толы анимациялық фильмдер мен «Томпақ», «Қалқанқұлақ» секілді фильмдерді көптеп түсіретін кез туды. Қараңызшы, бүгінгі балаларымыз шетел анимациясының кейіпкерлеріне ұқсасығы келеді. «Халкпын» деп мақтанады. Шындап келгенде, Голливуд біздің ертегілерімізді зерттеп, барлық мықты кейіпкерлерімізді өзіне алып қоюда. Тап сол Халк – біздің Таусоғарымыз. Неге өзіміздің кейіпкерлерімізді өзгеге беріп қарап отырмай, өзіміз әлемдік аренаға шығармасқа? Оңтүстіктен талантты жастар жеткілікті. Театрларда кіл талантты артистер тер төгіп жүр.

Оңтүстіктің керемет сұлу табиғатын, экономикасын, тұрмыс-тіршілігін, талантты актерлерімізді елге кино арқылы танымал ету – өз қолымызда. Арманым – балалар мен жасөспірімдер киностудиясын ашу. Ертеңімізді ойласақ, ұрпағымыз патриоттық сезіммен тәрбиеленетін дүние жасауды бүгін қолға алуымыз керек.

Мектепте 11 бір жыл бойы үйрететін тәлімді 1,5 сағаттық фильмде санасына құйып беруге киноның құдыреті жеткілікті. Осы мәселені жергілікті әкімдер қолға алмайынша, ауқымды дүниелер жасауға қаржылай қауқарымыз жетпей, жүйкелетіп отыр – дейді ҚР Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбеков.
Кино өнері—тәрбие өзегі. Балаларға өздерінің таным-түсінігіне сай фильмдер арқылы тәрбие беріп, «Сақтың» орбитасын тарихи дүниелермен кеңейте білген режиссердің еңбегіне орынды баға беруді біз де жөн көрдік.

Сая Қасымбек,
драматург

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.