Версия для печати

Қарасорадан қағаз шығарыла ма? Избранное

Пятница, 09 Август 2019 06:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3689 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жуырда «Шымкентте қарасорадан қағаз өндіріледі екен» деген ақпарат тарады. Айта кету керек, ҚР Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов елордада өткен «Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі мен қаптама индустриясын дамыту» форумында елімізде қарасора шаруашылығын және одан қағаз шығару ісін 2016 жылдан бері жүргізіп келе жатқанын мәлімдеді.
Иә, кәдімгі қарасора. Орыстар «конопля», ағылшындар «каннабис» атап кеткен қарасора десе, бірден есірік күйге түсіретін есірткі есімізге түседі. Екіұдай ойда қалдық. Сонымен Шымқалада қарасорадан қандай қағаз өндірілмек?

306

 

Қарасораны кәдеге жаратсақ...

Шынтуайтында, бұл өсімдік есірткі емес екен. Қарасораны Ресей, Өзбекстан медициналық шикізат ретінде заңдастыруды қарастырып жатқанға ұқсайды. Жалпы, қарасора өсімдігі 1961 жылдан бастап есірткі санатына жатқызылуына байланысты қолданыстан мүлде алынып тасталған-ды. Бұл өсімдікті техникалық және медициналық тұрғыда пайдалану тәжірибесі баяғыдан бар.
Қазіргі таңда техникалық қарасораны өсіру шаруашылығын қайта көтеру мәселесі Ресейде өте өзекті. Себебі онда қарасора өндіретін 3 бірдей зауыт бар. Бұдан бұрын Ресейде құрылған тәуелсіз комиссия бұл өсімдіктің адам ағзасына келтіретін әсерін жан-жақты тексере келе, оны медициналық мақсатта қолдануға болады деген ұйғарымға келді.
Ал елімізде қарасораны кәдеге жарату ісі әлі күнге жолға қойылмай отыр. Мамандар Шу алқабындағы жабайы қарасорадан дәрі жасап, қатерлі ісік ауруларын, семіздік пен қан қысымын емдеуге болатынын жиі айтып жүр. Тіпті 2004 жылдары Қазақстан-Германия біріккен кәсіпорны құрылып, Шу алқабындағы қарасорадан мата, автомобиль өндірісіне қажетті материалдар шығаруды қолға да алған. Бірақ басталған іс соңына дейін жетпей тоқтапты. Парламентте де бұл мәселе дүркін-дүркін көтерілді.

307


Дариға Назарбаева елордада өткен кезекті Үкімет отырысында Қазақстанда қарасораны өнеркәсіпте өңдеу ісін дамытуды ұсынған еді.
«Қазақстан өзі қағаз шығармайды. Бізде барлығы импортталады, бұл өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Қазақстандық қағаз өндіруді қолға алу, әсіресе, басылымдар үшін өте өзекті», делінген Премьер-министр сайты келтірген Дариға
Назарбаеваның сөзінде.
Дариға Назарбаева ол кезде қарасораны өңдеу мәселесін бірінші рет көтерген жоқ. 2014 жылы қаңтарда Мәжіліс депутаты болып тұрғанында Шу алқабындағы жабайы қарасора алқабын дәрі-дәрмек жасау үшін ірі фармацевтикалық компанияларға беру туралы ұсыныс айтқан-ды. Қарасораны өңдейтін зауыттар дәрі-дәрмек шығарып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджетке салық төлейтінін айтқан.
Халық қалаулысының үндеуінен кейін тәуелсіз Қазақстанның тарихында бірінші рет Алматы және Түркістан облыстарында 40 гектар шұрайлы жеріне қарасора егілді. Кім екті десеңіздер, ол – «Kagaz Shahary SEZ» серіктестігінің директоры Максим Скрынник.
– Өндірістік тәжірибе негізінде Ақмола және Қарағанды облыстарында да қарасора егу жоспарымыз бар. Техникалық қарасораның құрамында ешқандай психотроптық зат жоқ. Біз оны ғылыми дәлелдедік. Онымен қазақстандық ауыл шаруашылық өндірісін арзан әрі сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге болады, - дейді ол.

Қағаз шығару - маңызды

Иә, елімізде өндірістік қарасорадан қағаз шығару мәселесі көптен айтылып келеді. Әзірге жан-жақты зерттеліп, тәжірбие жүргізіліп жатыр. Қағаз жасауға шикізат пен целлюлоза жетпегеннен кейін кәсіпкерлер оны сырттан тасуға мәжбүр.
Мамандардың сөзінен ұққанымыз, қарасораны кәдеге асыратын болсақ, оның керек емес жері жоқ. Құрылысқа да, ағаш және жеңіл тоқыма өнеркәсібінің де өркендеуіне де қарасора жарайын деп тұр. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орын тепкен  «Kagaz Shahary SEZ» серіктестігінің қарамағынан ашылған «Kaz Hemp» компаниясы директорының орынбасары Бауыржан Манатов бұл жұмыстың қалай басталғанын былай еске алды.
– «Kaz Hemp» зауытын бастан-аяқ өзіміз құрастырып, салдық. Идеяның шығу төркіні – А4 қағазы. Дүниежүзінде қағаз шығаратын төрт мемлекет бар. Ресей мен Финляндия – ағаштан, Қытай мен Тайланд бамбуктен қағаз шығарады. Бұл елдер бірігіп альянс құрып, басқа мемлекеттерге қымбат бағада сатып, ортадағы біз секілді дәнекер зауыттардың жұмысын тоқтатуды көздеді. Ақыры мақсатына жетті. Бізге баламалы шикізат қажет болды. Сосын өзіміз қамысты, одан кейін сабанды зерттеп, қағаз шығардық, - дейді Бауыржан.

Одан кейін Максим, Бауыржан сияқты қарасораның кәнігі мамандары кәдімгі жоңышқаны қағаз шығару кәдесіне жаратпақ болады. Одан нәтиже шықпайды. Өзбекстан астанасы Ташкенттен кендір әкеледі. Өкінішке орай, кендірден де қағаз шықпайды екен. Сосын бір күндері «доллар қарасорадан шығады ғой» деген сөзді құлағы шалады. «Доллар қарасорадан жасалса, демек қағазды да қарасорадан шығаруға болады екен ғой» деп оның жасалу технологиясын іздестіреді. Таба алмайды. Одан соң зертханаларда әр түрлі тәжірибелер жүргізеді. Сол көптеген тәжірибе жұмыстарының нәтижесінде Жапонияның Орталық зертханасында тұңғыш рет қарасорадан қағаз өндіруге болатыны дәлелденеді. Неге дәл Жапонияда? Өйткені жапондықтардың лабораториясы дүниежүзі бойынша мойындалған. Әрі жапондықтар қазақстандық креативті кәсіпкерлерге зауыт салып беруге дайын. Бірақ, ол үшін қаржы құятын инвестор керек.

Инвестор, қайда жүрсің?..

Осы жерде инвестор мәселесін сәл кідірте тұрайық. Сонымен, бұл қарасорадан ақшадан бастап дәретхана қағазына дейін шығаруға болады. «Американың доллары да осы қарасорадан жасалған» дедік. Дүниежүзінде баламасы жоқ. «Теңгені де осы қарасорадан жасайық, сонда құны доллармен теңеседі» деген ұсыныс жасадық», - дейді Бауыржан Манатов. Ақша деген – тауар. Кез келген тауардың құны шикізатының шығыны мен сапасына қарай есептеледі.
«Біз қарасораның діңшесін өңдеуде бірнеше қызықты бағыт барын анықтадық. Стандарттық бағыт – сіңіруші зат ретінде пайдалану. Дәлірек айтсақ, ауыл шаруашылығында пайдалануға болады. Әдетте оны фермаларда малға төсеніш ретінде пайдаланады. Екінші бағыт – мұнай өндірісі. Діңшені ұнтақтап, оны мұнайдың қоршаған ортаны ластауына қарсы қолдануға болады. Ал үшінші бағытты біз Жапониядан көрдік. Ол – діңшеден жақсы целлюлоза алып, қағаз-картон жасау», – дейді Максим Скрынник.

Егер ағаш 20-25 жылда өссе, қарасора 100 күнде өсіп шығады екен. Құрамында есірткісі жоқ қарасораңыздан өндіріске қажетті 25 мың түрлі зат алуға болады. Яғни, қай жағынан да ұтылмайсыз. Дәрі-дәрмек шығаруға да пайдаланасыз, мал бордақылауға да жарамды. Тоқыма өндірісінен бөлек тағам жасауға да қажетті қоспалар алынады.
А4 форматтағы қағаз өндірісі Қазақстанда алтын мен мұнайдан да көп табыс әкеледі. Қазіргі уақытта елімізде қағаз өнімдерін жасауға шикізат тапшы. Егер қарасораны кәдеге жаратсақ, дүние жүзінде қағаз шығаратын бесінші мемлекет болып тіркелмекпіз. Одан бөлек, құрылыс материалдарының барлық түрін шығаруға болады. Құрылыс материалы демекші, қарасорадан жасалған қож-блоктың (шлако-блок) суға салса батпайтынын, отқа салса жанбайтынын не сынбайтынын өз көзімізбен көргенде, аузымызды ашып-жұмғанымызды жасырмаймыз. Ал қаладағы қоңыр түсті қоқыс жәшіктері мен орындықтардың да дәл осы қарасорадан жасалғанын білмеппіз.

Қарасораның майын емдік мақсатта пайдалануға болады. Оның майынан жасалған тағамды ішкеннен кейін бірде-бір синтетикалық мақсаттағы дәрі-дәрмекті қолданудың қажеті болмайды дейді. Адамның иммунитеті көтеріледі. Одан шығатын косметикалық құралдар адамның денесіндегі дерматологиялық ауруларын толық жазады әрі жасартады. Яғни жасару жасушаларын дамытады. Максим Скрынниктің командасының зерттеуі бойынша бір әйел өз сұлулығына орта есеппен 40 мың теңге жұмсайды екен. Бұл – көп қаржы. Бірақ, одан нәтиже көріп жатқан адам аз. Ал қарасора теріні емдейді. Яғни 70 пайызға ақша үнемдейді әрі жасарады.

Сонымен, бұл – өте кең сала. Тек қолдау жетіспейді. Шымкентте қарасорадан қағаз өндіру үшін шикізат дайын, зауыт бар, дайындалу технологиясы да әзір.
«Бес жылдан бері кейбір жағдайларда келе жатқан инвесторларымызды келтірмей қояды. Егер дәл осылай жалғаса берсе, біз шетелге кетеміз деп ойлаймын», - деді сөз соңында
Бауыржан. Ойлантарлық мәселе. Барды бар деп бағаламасақ, болашағымызды қалайша бағамдамақпыз?!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.