Версия для печати

Хан кененің қолының табы, жауының қаны сіңген қылыш

Среда, 28 Август 2019 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3478 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Келер 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні жайлы тарихи-ғылыми дерек ретіндегі жәдігерлерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, рухани мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме – музей мен архив.

Осы орайда ұлттық тарихымыздың қатпар-қатпар қазынасынан сыр шертетін құнды жәдігерлер сақталған Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіне ат басын бұрғанбыз.

IMG 5046

Шымкент қаласының ортасынан орын тепкен музей қорында 100 мыңнан астам жәдігерлер жинақталған. Осындай мыңдаған тарихи құнды дүниелердің ішінде ілуде бір кездесетін жәдігерлерді де көріп, ерекше әсер аласың. Атап айтсақ, музейге келушілерді қызықтырып һәм таңдандыратын, ерекше назар аудартатын құнды жәдігер – Кенесары Қасымұлының қылышы.

Қылышты 1931 жылы Кенесары ханның немересі Әзімхан Кенесарин өткізген. Темірден жасалған, сабы сүйектен, қынабы былғарыдан. Ұзындығы – 70 см, сабы – 15 см, жүзінің ені – 3-4 см. ХІХ ғасырда бір жүзді болып соғылған, сыртына қарай қайқы болып келетін қылыш.

Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Думан Рамазан «Хан Кененің қылышы» атты мақаласында Кенесары Қасымовтың мылтығы мен сауыты, қылышына қатысты тың деректерді алға тартады. «Кейінгі жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде Кенесары хан туралы аз жазылған жоқ. «Хан сүйегін іздестіру» жорығы аясында жарияланған мақала-материалдарды айтпағанның өзінде, хан Кененің мылтығы мен сауыты жөнінде келелі әңгімелер қозғалған-ды.

Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет Омбы облыстық өлкетану мұражайынан ханның мылтығын көргендігін тілге тиек етсе, талантты ғалым Кенжехан
Матыжан Кенесары Қасымұлының сауыты туралы әңгіме айтқан-ды. Сауыт бір кездері Қазақстан Республикасының Орталық музейге тапсырылыпты. Бір қызығы – сол сауыт қазір жоқ.

Орталық музей басшылығының айтуы бойынша, пайдалануға жарамсыз болғандықтан есептен шығарылған. Содан ұшты-күйлі жоқ. Жоғалған... Жақында Орталық музей директорының бұрынғы орынбасары, қазіргі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайының директоры Кенжехан Матыжан тағы бір жағымды жаңалық айтты. Орталық музейге өткізілген Кенесары сауытының суреті мен тіркеу құжаттарын тауыпты.

– Орталық музейде он сауыт бар, осы сурет арқылы экспертиза жасап, Кенесарының сауытын анықтауға болады. Өйткені сол он сауыттың біреуі хандікі болуы да ғажап емес, – дейді Кенжехан мырза. Хан Кененің мылтығы мен сауыты туралы әңгімелердің ұшығы тарқай бастаған соң, оның қылышы жөнінде де сөздер айтыла бастады. Біреулер Мәскеудің бір мұражайынан көріпті-мыс».

Қылышты музейге өткізген Әзімхан Ахметұлы Кенесарин 1878 жылы Шымкент қаласында туған. 1879 жылы Шымкент қаласындағы училищені бітіріп, Әулиеата уезінің басқармасында хатшы болып істеді. 1921 жылы Сырдария ревкомының хатшысы болып сайланған. Одан соң туған қаласы Шымкентке ауысып, Жер бөлімінде инструктор және бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Сол кезден өмірінің соңына дейін Шымкент қаласында тұрды. 1924 жылы учаскеде гидротехник болып қызмет істеді. Содан 1937 жылға дейін Бөген-Шаған су каналын салуға қатысты. 1930 жылдардағы қуғын-сүргін кездері көптеген қазақ зиялылары жазықсыз жазаланды, қамауға алынды. Солардың ішінде Әзімхан Кенесарин де болды. НКВД-нің Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасы 1937 жылы тамыз айының 15-і күні Әзімханды Шымкент қаласындағы үйінде тұтқындап, қамауға алды. Содан үш жарым ай өткенде «алашордашыл, Қоқан автономиясы үкіметінің мүшесі» деген айыптаулармен атылып кетті.

Әзімхан Кенесариннің қысқаша өмірбаянынан ұққанымыз, ол оқыған-тоқығаны бар, көкірегі ояу, көзі ашық кісі болған. Ендеше, бұндай адамның бүйректен сирақ шығарып, жоқтан бар жасауы мүмкін емес. Туған немересінің атасының затын білмеуі, танымауы, шатастыруы тіптен мүмкін емес. Сондықтан бұл қылыштың Кенесарынікі екеніне ешкімнің дауы болмаса керек.

Кенесары ханның белінен қылышын тастамайтыны туралы жазба деректер бар, бірақ оның қылышы туралы нақты сипаттама беретін тарихи құжаттар жоқ. Ханның қылышы біреу болмасы да белгілі. Кенесары әскерінің ерекше белгілері туралы сол заманның өзінде Күрен Абылаев мырза былайша сипаттайды: «Бұл бүлікшілердің бәрі кеуделеріне үш қатар қызыл бау тағып алған.

Сыйлы адамдар мен әскербасылар қызыл қынапты қылыш асынған. Ал Кенесарының өзі орыс полковнигінің әпелетін таққан». Міне, осы жазбадан-ақ Кенесары ордасындағы сыйлы адамдар мен әскербасылар қызыл қынапты қылыш асынғанын білуге болады. Ендеше, Кенесарының қызыл қынапты қылыш ұстауы тарихи шындыққа бір табан жақындай түсетін сияқты.

Дегенмен, осындай жазбалардың өзінен-ақ бұл қылыштың Кенесарынікі екені айқындала берері сөзсіз. Бір қарағанда, бұл қылыш көп қылыштардың бірі сияқты көрінуі де ықтимал. Ал көңіл қойып, зерделеп қарасаңыз, қылыштың мән-маңызына көзіміз анық жете түседі. Сөз жоқ, бағалы зат. Хан Кененің қылышы болуымен де құнды.

Ең бастысы, елдігімізге, тәуелсіздігімізге қауіп төндірген отаршыларға қарсы кезенген қылыш. Арыстандай ақырған алып империяға қарсы сілтенген қылыш. Хан Кененің қолының табы, жауының қаны сіңген тарихи қылыш. Мән-маңызы да осында. Думан Әмірғалиұлы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі Хан Кененің қылышына осындай тарихи баға беріпті.

Қылыштан бөлек, музейдің көрме-сөресінде Хан Кененің өзінің және ұлы Сыдық сұлтанның суретінің фотокөшірмесі, Кенесары Қасымовтың Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы Г.Ф.Генске 1842 жылы 25-шілдеде төте жазумен өзінің мөрін басып жолдаған хатының фотокөшірмесі, Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс картасының фотокөшірмесі, Абылай ханның мөрімен расталған Уәли ханның хаты (көшірме), Абылай ханның мөрі (фотокөшірме) қойылған. «Бұлардың түпнұсқасы еш жерде сақталмаған», - дейді музей әдіскері Гаухар Қасымова.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.