Тәуекел түбі – желқайық...грант ал да, кәсібіңді баста

Среда, 28 Август 2019 04:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 259 раз

Аудиториядағы кілең жастар кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, бизнес-тренерді ұйып тыңдап отыр. Бәрінің де ынтасы зор. Енді бірде топ-топқа бөлініп, тренердің тапсырмасын орындауға кірісіп кетті. 50-ден аса жас. Мұндағы оқытушылардың бәрі де сабақты негізінен осылай өтеді: қызықты ойын түрлерін, әдіс-тәсілдер ұйымдастырады. Талап солай. Бәрі де қайтарымсыз грант алудан үміткер.

54345

Бүгінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Жас кәсіпкер» жобасы жүзеге асуда. Биыл бұл пилоттық әдіс Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында қолға алынды. Бағдарлама, негізінен, 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастарға арналған.

ҚР «Атамекен» ҰКП жыл сайын 45 мыңнан астам бастауыш кәсіпкерлерді оқытпақ ниетте. Қазіргі таңда Шымкент қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жобаға қатысушыларға екінші топтың дәрісін бастап кетті. Шілденің 22-і күні басталып, 13 тамызда аяқталған бірінші топтың дәрісіне 585 адам қатысқан.

Қала бойынша бірінші топқа жалпы 1040 өтінім қабылданған. Тестілеуде 780 үміткер қажетті ұпай жинады. Олар 21 күн дәріс тыңдап, өздерінің бизнес идеяларын жазып шықты. Екінші лектің дәрісі 16 тамызда басталды.

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Әділжан Датқаевтың айтууына қарағанда қатысушылардың 20 пайыздан астамы өз кәсібін ашып, дөңгелетіп кетеді екен. Жалпы биыл 1400 адамды оқыту жоспарланып отыр екен. Оның 20 пайызы – грант алуға үміткер.

Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қаладағы 13 нысанда бір мезгілде өтеді. Әрқайсысында кем дегенде 50 тыңдаушыдан бар. Олардың дені – кәсіп ашқысы келетін 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар, жас отбасы мүшелері және еңбекке жарамды мүгедектер, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелері, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Сабақ барысында оларға кәсіпкерлік қызметтің негіздері, кәсіпті мемлекеттік қолдау және сүйемелдеу туралы, шағын және орта бизнеске салық салу, шағын мекеменің экономикасы, кәсіп үшін электронды қызметтердің мүмкіндіктері туралы дәрістер оқылады.

Жобаның жас кәсіпкерлерге берер мүмкіндіктері көп-ақ. Яғни, бизнес-идеяның табыстылығы, маркетингтік зерттеулер, бизнес-жоспарды дайындау дағдылары, бизнес-жобаны қорғау және сараптау, кәсіпті дұрыс іске қосу және жүргізу, жастар стартаптары мен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары туралы толық ақпарат алу, тәжірибелі бизнес-тренерлер мен кеңесшілердің қолдауымен өз кәсібіңді ашу, т.б., дағдыларды үйренеді.

– Ең бастысы, қатысушыларға сертификаттар және қайтарымсыз гранттар беріледі. Қайтарымсыз грант – 505 000 теңге көлемінде. Бұл мақсатта палата жанынан арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы басқармасы өкілдері, әр саланың ғалымдары және сарапшылар кірген. Гранттар барлық салалар бойынша, жаңа бизнес-идеяларға беріледі. Бәрі де қатысушылардың өздеріне байланысты. Бір айта кетерлігі, бұл қаражатты кәсіп ашуға қажетті құрал-жабдықтар алуға ғана пайдаланады. Айналым қаражаты ретінде пайдалануға болмайды, – дейді Әділжан Датқаев.

Сондай-ақ, жобада тек грант қана емес, 6 пайызбен несие де қарастырылған. Екінші деңгейлі банктер және микроқаржылық ұйымдар арқылы төмен пайызбен, жеңілдетілген шарттарымен несие алып, кәсібін дамытуға мүмкіндігі бар. Қатысушыларға шәкіртақы да беріледі. Оқу аяқталғаннан кейін жастар бизнес-тренерлерді бір жыл сүйемелдейді.
Жастарды арнайы байқау арқылы іріктелген бизнес-тренерлер оқытады. Үш апта оқып шыққан соң олар арнайы комиссия алдында бизнес-жоспарларын қорғайды.

«Шәкірттерімнің көп бөлігі кәсібін бастайды деп сенемін»

Сабақ барысына куә болдық. Жиналған жастардың әрқайсысы әр түрлі ортадан келген. Басты мақсат – осындай жастардың қабілеттерін ашып, кәсіпке баулу. Бизнес-тренерлер еліміздің барлық аймағынан жиналған. Олардың өзі тест тапсырып, қатаң іріктеуден өтеді. Оқытушылардың бірі –Балжан Шарханова кезінде экономика менеджменті мамандығын бітірген. 15 жыл банк саласында қызмет атқарған білікті маман. Негізгі бағыты – шағын және орта бизнес саласы. Қазір Қ. Яссауи атындағы ХҚТУ-да докторантурада оқиды.

Жаңа топтағы бизнес идеяны қайдан табу жөніндегі дәрісі жастардың қызығушылығын оятты-ақ.
– Қатысушыларды кәсіпке құлшындыру – басты мақсат. Бәрінің де көзінде от бар. Оларға стандартты емес іс-әрекеттер, әдіс-тәсілдерді қолданып жатырмыз. Қоғамнан шет қалмай, жаңа орта тауып, жұмыс істеуге ынталандыруымыз керек. Сұрақ қойған кезде тосылып қалатындары да бар.

Сол себепті түрлі ойын ойнатамыз. Топ-топқа бөліп тастауымның мәні осы. Тыңдаушыларымның саны 60-тан асады. Болашақта осылардың көп бөлігі кәсібін бастайды деп ойлаймын, – дейді тренер.
Рас, мұндағы дәрісте ұжымдық аура басым. Бәрі де ұйымшылдық танытады. Сабақтың қорытындысы бойынша – бұлар өздері бизнес-жоспар дайындауы керек.

Дәріс тыңдауға елордадан келген

IMG 20190730 103217 - копия

Қатысушының бірі – Жадыра Манапова Нұр-Сұлтан қаласынан келіпті. Бірақ туып-өскен әрі тіркеуде тұрған жері – Шымкент қаласы. Сабақ көңілінен шығып жатқанын айтады. Өзі «Мирас» университетін екі шет тілі мамандығын бітірген. Ағылшын және француз тілі бойынша. Үш жыл бойы Нұр-Сұлтан қаласында ағылшын тілінен мұғалім болып сабақ беріпті. Алты айға Мәскеуге барып, тегін білім алып та қайтқан. Енді осында курста білім алып, кәсіп ашуды жоспарлап отыр.

– Жоба туралы әлеуметтік желіден хабардар болып, келдім. Өзім секілді жастар қатысып жатқандықтан, мен де қатысуға бел байладым. Сабаққа күннен-күнге қызығушылығым артып келеді. Бизнес-жобалардың түрлі мүмкіндіктерін талқылап жатыр едік. Күнделікті қызықты жаңалықтар, керекті дүниелерді үйренудеміз.

Кейбір идеяларға өзіміздің идеямызды қосып дегендей. Енді өз кәсібімді ашуды мақсат етіп отырмын. Білім беру орталығын ашсам ба деймін. Мектепке дейінгі даярлық, ағылшын тілі, математика, арифметика, домбыра, шахматты үйрету сияқты орталықты ашу идеясы қызықтыруда, – дейді өзі.

Бәрінің де ынтасы зор. Грант алып, кәсіп бастау ниеті барын аңғардық. Жалпы «Жас кәсіпкер» жобасына қатысушылар 16759 теңге көлемінде шәкіртақы да алады. Шымкент қаласына биыл 4 мың грант бөлініп отыр.

Қала оқушыларына «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылады

Биылғы жаңа оқу жылында Шымкентте 70 мектеп пен 12 жоғары және орта арнаулы оқу орындарында «Кәсіпкерлік негіздері» оқытыла бастайды «Атамекен» ҰКП мен Білім және ғылым министрлігі қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 50 мыңға жуық студентті «Кәсіпкерлік негіздеріне» оқытуды жоспарлап отыр. Бұл студенттерге республика бойынша арнайы біліктілік курстарынан өткен 821 оқытушы дәріс береді.

Осы мақсатта Шымкент қаласында аталмыш пән бойынша оқытатын мұғалімдер мен оқытушыларға әдістемелік бағыт-бағдар беруге арналған 10 күндік оқыту курсы да басталды. 19-29 тамыз күндері Шымкент қаласының жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 149 мұғалімі біліктілігін жетілдіреді. Оқытушылар маркетингтік зерттеу жүргізу, талдау жасау, бизнес-модель, жоспарлау, кәсіпкерлік мәдениет және т.б. тақырыптар бойынша білім алады.

– Мектеп оқушылары мен студенттерді «Кәсіпкерлік негіздеріне» оқыту арқылы жастардың жоспарлау, талдау жасау, шешім қабылдау қасиеттерін дамытуды, болашақта жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтар қатарын арттыруды көздейді. Қазіргі өтіп жатқан курс 10 күнге жоспарланған. Алайда біздің бизнес-тренерлер 3 ай көлемінде мұғалімдер мен оқытушылардың оқу бағдарламасына, өткізу әдісіне сүйемелдеу жүргізеді. Осылайша «Атамекен» ұстаздарға да әдістемелік қолдау көрсетуді жоспарлап отыр, – дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ақниет Әбдіқадірова.

Жалпы, оқу бағдарламасына кірген Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Кәсіпкерлік негіздері» пәні 2018 жылы пилоттық негізде Шымкент қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы № 25 мектеп-гимназиясында қолға алынған болатын. Жобаның тиімділігі ескеріле келе, «Атамекен» мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен бастамасы ретінде республиканың барлық мектептеріне оқыту жөнінде шешім қабылданды. Енді аталмыш пән жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 3-4 курс студенттерінің оқу бағдарламаларына да енгізілмек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.