Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Азия алыбы» халықаралық сыйлығын тағайындаған жөн» Избранное

Пятница, 06 Сентябрь 2019 04:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2739 раз

Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет өтіп жатқан Азия елдері жазушыларының форумына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы халқымыздың рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетін жан-жақты қолдауға әрдайым баса мән беретінін айтты. Сондай-ақ, бүгінде қазақ әдебиеті әлем әдебиетінің даму көшіне қосылғанын атап өтті.

Akorda-8

– Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүние жүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни екі жарым миллиард оқырманға тарайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Азия – ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, қалыптасуына куә болған көне құрлық. Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі.

– Қазір Ұлы Жібек Жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды мәселелерге қаламгерлердің назарын аудартып, арнайы сыйлық тағайындау туралы ұсыныс білдірді.

– Азия қаламгерлері форумы шығармашыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды.

Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құру туралы ұсыныс айтты.

Айта кетейік, Азия қаламгерлерінің І форумында әлемнің 300 ақын-жазушысы бас қосты. Олардың арасында Азияның 38 елінен келген Нобель сыйлығының номинанттары, халықаралық Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, өңірлік және ұлттық сыйлықтардың иегерлері бар.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.