Версия для печати

БАҒЫТ – АЙҚЫН, ТАПСЫРМА – АНЫҚ Избранное

Пятница, 06 Сентябрь 2019 04:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3227 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласының активі ҚР Президентінің Жолдауында айтылған тапсырмаларды пысықтады

DSC 1404

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау бойынша өткен қала активінің бас қосуында басқарма қызметкерлеріне арыз-шағымдарға толық әрі нақты жауап беруді тапсырды.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен жиынға ҚР Президент аппаратының мемлекеттік инспекторы Берік Батаев, әкімдік қызметкерлері, басқарма басшылары, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым және қоғамдық ұйымдар мен этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»

Алқалы жиында қала әкімі Е.Айтаханов «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ҚР Президентінің Жолдауын 5 бағыт бойынша тарқатып түсіндірді. Жолдау аясында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға тоқталып, алдағы атқарылатын жұмыстарды нақтылады.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – мемлекетіміздің даму қарқынын арттырып, барлық салаға серпін беретін маңызды құжат. Сондықтан онда айқындалған бағыттарға басымдық беру – біздің басты борышымыз. Мемлекет басшысы азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндеттеді. Осы тұрғыда азаматтық қоғамға қолдау көрсетуді тапсырды, – деді қала əкімі.

Ерлан Қуанышұлының айтуынша, бұл жергілікті атқарушы органдар үшін маңызды мәселе.

DSC 1400

– Бізде өкінішке орай қайталама арыз-шағымдар кездеседі. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан жер, энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларында 7 азаматтан 25 қайталама арыз-шағым түскен. Яғни, сырғытпа жауап немесе мәселесі толық шешілмеген. Сондықтан барлық басқармалар халықты әуре-сарсаңға салмай, сырғытпа емес, толық және нақты жауабын беруді тапсырамын, – деді
Е.Айтаханов.

Ысырапсыз мерейтой

Баяндамада қала әкімі келер жылы ел болып атап өтетін Әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын еске салып, Президенттің ысырапшылдыққа жол бермей, ғұламалардың еңбегін халық арасында дәріптеуді тапсырғанын түсіндірді.

Сондай-ақ, келер жыл біздің мегаполис үшін де маңызды оқиғаларға толы болмақ. Шымкент қаласы «2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасына» айналады. Республикалық маңызы бар қалада мұндай мәртебелі, тарихи жыл бірінші рет өткелі отыр. Сондықтан шаһардың шырайын арттыру, абаттандыру, тазалық пен мәдениетке баса назар аудару, қала сәулетін еселеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет-ақ.

Қала әкімі бұл бағыттағы басқа да жоспарлы дайындық жұмыстарын кестеге сай жүргізуге тапсырма берді.
– Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру үшін шымкенттіктер бар күш-жігерін қосатынына сенімдімін, – деді қала әкімі.

Бейбіт Митингке орын көп

Мемлекет басшысы Жолдауда азаматтардың Конституциялық құқықтарын сақтау мақсатында, Митингтер туралы заңнаманы жетілдіруді тапсырды. Осыған орай, Е.Айтаханов қаладағы заң шеңберінен шықпайтын және азаматтардың тыныштығын бұзбайтын бейбіт акциялар өткізілетін орындарды қайта қарап, бекіту туралы тапсырманы орындауды жауапты орынбасары мен аудан әкімдеріне жүктеді.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалатын болады. Бұл бағыт бойынша ағымдағы жылы қалада Әл-Фараби, Еңбекші ауданындағы полиция басқармалары ғимаратында фронт-офистер ашылса, жылдың соңына дейін осындай кеңселер Абай және Қаратау аудандарында ашылмақ.

Салықтан кімдер босатылмақ?

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізу қажеттігін айтты.

2018 жылы Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнім 2 трлн теңгені құрап, 12 пайызға артқан. Жоғары деңгейдегі осы өсім қарқынын сақтап қалу мәселесі көтерілді. Алдағы уақытта Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 38 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Қала активінің отырысында Жолдаудағы квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру қажеттігі де айтылды. Бүгінгі таңда қалада 155 квазимемлекеттік сектор субъектілері бар. Одан бөлек, Президент тапсырмасына орай 2020-шы жылдан бастап микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табыстан түскен салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеу күн тәртібіне енген.

Микро және шағын бизнес иелерін қуантатын тағы бір хабар, олардың субъектілерін тексеруге үш жылға дейін тыйым салу туралы шешім күшіне енбек. Яғни, бұл – Шымкент қаласындағы 66 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерде жұмыс жасайтын 165 мың адамға көрсетілетін қамқорлық.

Жолдау барысында мұғалімдермен қатар, мәдениет саласы қызметкерлерінің де еңбекақысын көтеру мәселесі сөз болған. Мәдениет қызметкерлерін қолдау – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Бүгінде Шымкент қаласының мәдениет саласында 1 536 адам 18 мекемеде қызмет етуде. Ағымдағы жылы олардың еңбекақысы 30 пайызға көбейді. Ал 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тағы өсетін болады.

Nur-Sultanда – 21, Жамбылда – 35

Шымкент қаласының активі бас қосқан жиында Мемлекет басшысының Жолдауын негізге ала отырып, қоғамдағы мәселелерді жан-жақты саралауға М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова мен «Ару аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бану Ордабаева да үн қосты.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтық қоғамға ерекше мән берді. «Азаматтық қоғамға қолдау көрсету керек, халықты жалпы мемлекеттік өзекті тапсырмаларды талқылауға тарту керек» деді. Осы тұста мына мәселеге назар аударуды сұраймын.

Азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға жауапты уәкілетті тұлғаларды салыстырмалы түрде қарасақ: Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 21, Алматы – 22, Жамбыл – 35 жауапты тұлға болса, Шымкент қаласында олардың саны екеу ғана, – деген Бану Сансызбайқызы үшінші мегаполис бойынша да уәкілетті тұлғалардың санын арттыруды ұсынды.
Ал Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Орынбасарұлы бизнес-климатты жақсарту үшін өңірлік деңгейде де пәрменді іс-қимылдар қабылдау қажеттігін алға тартты.

– Бүгінгі таңда, кәсіпкерлер көбіне мемлекеттік сатып алу, жолаушыларды тасымалдау, жер қатынастары, каржы секторы, салықтық және кедендік әкімшілендіру салаларына қатысты мәселелерді көтеруде. Себебі, кейбір мемлекеттік органдар өз ақпараттарының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етпеуінен жасанды әкімшілік кедергілер туындап, оның салдары көлеңкелі бизнестің пайда болуына әкеп соқтырады. Ал көлеңкелі бизнеспен күресу Жолдаудың бірден бір маңызды бағыты болып белгіленген, – деді Н.Қабыштаев.

Жиын соңында қала әкімі Ерлан Айтаханов басқарма басшыларына ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы халықтың әл-ауқатын жақсартуға негізделген тапсырмаларды орындауды жүктеді. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша тиісті іс-шара жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына Жолдаудағы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту мақсатында аз қамтылған отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсету бойынша пәрменді шаралар қабылдауды міндеттеді. Сондай-ақ, басқармалар мен аудан әкімдерінен сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жұмысын жалғастыруды және мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуін жүзеге асыруды тапсырды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.