Толғандырған мәселелер талқыға түсті Избранное

Пятница, 13 Сентябрь 2019 03:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2215 раз

Үшінші мегаполисте паралимпиадалық спорт түрін дамытуға көңіл бөлу қажет. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткен кездесуде айтты. Шымкентте 432 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 50-і бүгінгі таңда жүйелі қызмет атқарып келеді.

 DSC9217

Ерлан Қуанышұлы жиынды Президент Жолдауындағы «Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін аттыру және жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырмасын түсіндіруден бастады.

– Азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған оң саясаттың нәтижесінде мыңдаған азаматтарды біріктіретін қоғамдық сектор-еліміздің әлеуметтік экономикалық, саяси дамуына, ықпал ететіндей күшке айналды. Жалпы азаматтық сектор қоғаммен қарым-қатынаста маңызды орын алып, қоғам мәселелерін шешуде мемлекеттік органдарға әділ әріптес деген көзқарас қалыптасты, – деді қала әкімі.

Ал Шымкент қаласының «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ж.Білісбеков үкіметтік емес ұйымдарды толғандырған бірқатар мәселені ортаға салды.

– Біздің қалада 38 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Олардың мәселесін шешуге үкіметтік емес ұйымдардың шамасы келмейді. Мәселен, бізде паралимпиадалық спорттың аты бар, бірақ спортпен шұғылданатын арнайы жаттығу залдары жоқтың қасы. 18 жасқа толған мүмкіндігі шектеулі азаматтар қараусыз қалмасын деген алаңдаушылық басым, – деді Жұмағали Дәулетбекұлы.

Ж.Білісбеков қала әкіміне өзекті мәселелерді оңтайлы шешудің бірден бір жолы «Қоғамдық кеңес» мүшелерінің санын 35-ке арттырып, оның құрамына үкіметтік емес ұйымдардың белсенді өкілдерін қосу туралы ұсынысын жеткізді. Қала әкімі мүмкіндігі шектеулі жандардың паралимпиадалық спортпен шұғылдануына жағдай жасау туралы ұсыныстың маңызды екенін айтып, бұл сұрақты назарға алатынын айтты.

Басқосуда «Интеллект» экономикалық және азаматтық білім беру», «Серпіліс», «Шаңырақ, жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдау орталығы» және «Соотечественник» қоғамдық бірлестіктерінің басшылары сөз алып, өңірдегі маңызды мәселелерді көтерді.

 DSC9364

Үкіметтік емес ұйым өкілдері Қайрат Рысқұлбековке арнап ескерткіш орнатуға және «Демократия Үйі» кеңсесін ашуға қолқа салды. Зейнеткерлердің жолдама алуын оңтайландыруды сұрап, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелейтін лагерь ұйымдастыру жайы да сөз болды.

«Қазақстан Әйелдерінің Республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша төрайымы Баян Айтбекқызы жастар мәселесіне тоқталды.

– Ішімдікке салынған ер азаматтарды емдеу, оларды сауықтырып, отбасына қайтару жұмыстары көбіне жарты жолда қалады. Ерте жүктілік, ерте тұрмыс құру да отбасындағы әйел затының мойнына түскен ауыртпалық болып қалуда.

Мемлекет азаматтардың тұрмысын жақсартуға барынша жағдай жасағанымен, балаларға дұрыс тәрбие беру, оның білімді болуын қадағалау ата-ананың жауапкершілігінде болып қала береді. Сондай-ақ, жұмыс барысында мүгедек балалары бар отбасыларға барсақ, көбіне әкесі тастап кеткен болады. Әкелік жауапкершілік қайда? Осы мәселеге де көңіл бөліп, талапты күшейту керек сияқты, – деді Б.Жандосова.

Қала әкімі мен үкіметтік емес ұйым өкілдері Шымкенттегі шағын және микро бизнеске көрсетілетін қолдау, инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру, жігіттердің спортпен шұғылдануына жағдай жасау жайын да талқылады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.