Версия для печати

ҚАЗАҚСТАН – ҚЫТАЙ: сенімді серіктес Избранное

Пятница, 13 Сентябрь 2019 03:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2106 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына екікүндік мемлекеттік сапары ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Канцеляриясының бастығы Ян Цзечимен кездесуден басталды.

de2723540ab76de70144cca5b983ef5c-slider

Президент бұл сапардың Қазақстан үшін өте маңызды екенін айтты.

– Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз. Сондай-ақ, әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз. Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халықаралық аренадағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз.

Экономикалық ынтымақтастыққа келер болсақ, оның стратегиялық сипаты бар.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Төраға Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтар одан әрі дами береді, – деді Мемлекет басшысы.
Ян Цзечи Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікке тың серпін беретінін мәлім етті.

Қазақстан Президенті бұдан кейін Қазақстан- Қытай іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысып, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара сенім мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген тату көршілік қарым-қатынастардың қалыптасу тарихын атап өтті.

– Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы аса ірі серіктестерінің бірі. Мұның айқын дәлелі – елдеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4% артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық ахуалын мейлінше қолайлы етуге бар күш-жігерін жұмылдырып отырғанын айтты.

– Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі бойынша Қазақстан әлемдегі 190 мемлекеттің ішінде 28-ші болып, алғашқы отыздыққа кірді. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің экономикасына 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы көлік дәлізін құруға және дамытуға зор мүмкіндіктер беріп отырғанына ерекше назар аударды.
– Қазақстан арқылы Қытай және Азияның басқа да елдерін Еуропамен, сондай-ақ Таяу Шығыспен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.

Ал, теңіз жолы арқылы 2-3 есе көп уақыт жұмсалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасымен үндеседі. Мемлекет басшысы ортақ күш-жігеріміздің арқасында Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, қалпына келтіре аламыз деген сенім білдірді.

Президент екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор салаларының бірі ретінде ауыл шаруашылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай нарығының ауқымы үлкен екенін және еліміз үшін осы экспорт бағыты бойынша зор мүмкіндік ашылатынын айтты.

– Баршаңызға мәлім, Қазақстан жоғары сапалы бидай экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарына кіреді. Былтыр Қытайға экспортталған бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Бидай экспортының көлемін 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Қазақстан тұзын халықаралық нарықтарға экспорттау көлемі артып келеді.

Біз Қытайға жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын жеткізуге әзірміз. Сонымен қатар қытай нарығына сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, сондай-ақ майлы дақылдар жеткізуге дайынбыз. Біз экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниеттіміз, – деді Президент.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесін қозғады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, қытайлық инвесторларды серіктес болуға шақырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапының өкілдері қытайлық бизнесмендермен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойды.

Сапар барысында Қазақстан мемлекетінің басшысы ҚХР іскерлік орта өкілдерімен кездесті.Жиынның ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың 27 жылдық ынтымақтастығының нәтижесінде екі ел арасында қарым-қатынас нығайып, жан-жақты стратегиялық әріптестік қалыптасқанын айтты. Бұған екі елдің жоғары деңгейде сенімді диалог орнатуы негіз болғанын да тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде екі мемлекет арасындағы байланыстың нығаюына Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің достығы зор үлес қосқанын да баса атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта инновациялық және ғылыми-техникалық бағыттарға зор ықылас бөлу керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, ол аталған бағыттарда Қазақстан Қытаймен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін де жеткізді.

Президент туризм саласы бойынша да ой қозғап, өзара іскерлік байланыс пен рекреациялық туризм үлкен қарқынмен дамып жатқан Қазақстанға қытайлық туристерді тартуға да мол мүмкіндік барын айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы көрші елдің іскерлік ортасын Қазақстанда қытайлық 5А стандарттарына сәйкес туристік орталықтар салуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржы саласындағы қарым-қатынастың мүмкіндігі зор екеніне тоқталды. Бұл мәселеде «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды рөл атқаратынын еске салды. Президент «Астана» ХҚО базасында RMB Connect механизмі құрылатынын жеткізді.

– RMB Connect жобасы юаньмен инвестициялар салуға мүмкіндік береді. Жаңа экожүйе Қытай юанінің әлемге таралуына елеулі үлес қосатынына және Қазақстан кәсіпорындары мен өңірдегі өзге елдер үшін юаньмен операция жасау бойынша жаңа есеп айырысу-клиринг орталығына айналатынына сенімдімін,– деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда «Бизнеске арналған үкімет» (Government to Business) форматындағы өзара іс-қимыл іскерлік ынтымақтастықты жандандырудың пәрменді құралдарының бірі болып табылатынын атап өтті.

4af5e1cd3c5ed6ffff2504c96a853b21

Қазақстан Президенті бұдан кейін ҚХР мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцяемен кездесті Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын, екіжақты әріптестік барысында сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық әлеуетте көптеген нәтижелерге қол жеткенін айтты. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына оң баға берді.

Өз кезегінде Ли Кэцян Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға сапары Қазақстан-Қытай байланыстарын одан әрі нығайтуға зор септігін тигізетінін атап өтті.
Сапар барысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен мемлекет аралық келіссөздер жүргізілді.

Қазақстан Президенті бұл кездесудің ҚХР-ның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отырғанын айта келе торқалы мереке күллі әлем үшін тарихи мәнге ие екендігін жеткізді.
– Қытайдың табыстары мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін берік негіз болады деп санаймыз. Бүгін біз Бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз.

Бұл құжат бойынша Қазақстан мен Қытай ұзақмерзімді, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін көрсетеді. Жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластық екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін салмақты құқықтық және саяси база болып табылады, – деді Қазақстан Президенті.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі ел саналатынын және Орталық Еуразияда үлкен ықпалы бар екенін айтты.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдеріңіз зор табысқа қол жеткізді, ұлттық ерекшелікке негізделген даму үлгісін құрды. Сіз Президент болғаннан кейін өзіңіздің сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу жөніндегі үш ұстанымыңызды жарияладыңыз.

Экономиканы дамытуды, жұмыс орындарын ашуды, сыбайлас жемқорлықпен күресуді, әлеуметтік қорғау деңгейін көтеруді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз. Бұл – Қазақстан халқының үмітін ақтайды. Сіздің барлық бастамаларыңыз осыған бағытталған. Достас Қазақстан халқына бақ-береке және табыс тілеймін, – деді Қытай көшбасшысы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар сауда-экономикалық, басқа да маңызды құжаттарға қол қойылды:

Мемлекет басшысы Қытайға ресми сапарында ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиыны тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньчумен кездесіп, Қазақстан мен Қытайдың парламентаралық ынтымақтастығы жайы талқыланды.

Қазақстан Президентінің Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында оқыған лекциясы да өте маңызды болды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.