Геомагниттік аймақ немесе «Қанды жерлер» қайдан шығады?! Избранное

Среда, 18 Сентябрь 2019 03:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2370 раз

Абайдан Мақтааралға қарай тас жолдың оң жақ қолтығындағы шағын бір ауылдың сыртында бір келісті үй бар. Адам құтаймайды дейді. Талай адам отбасымен кірген. Бірақ, қырсыққа ұшырайды. Ілгері басқан аяғы кейін кетеді. Шаруасы тұралап, бәрі аурулы болады. Біреуі қайтыс болған соң сол үйден қашып шығады. Әңгімесі көп. Бейіттің үстіне салынған екен, түнде әруақтар келіп буындырар екен дейді. Аруақ сыйлаған, ырымға сенгіш халықпыз ғой, сенгің келеді. Бірақ, неге тек сол үйде ғана солай?!

геомагнит

Октябрь революциясының алдында қазақ елінде санақ өтіп алаштың ардақтысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынов «Әлхамдулла, біз қазақ 6 млн-ға жеттік» деп масаттанған екен. Арада 10-15 жыл айналмай жатып, көрші халықтарды екі-үш орап тұрған қазақ аштықтан қасап болып қырылады. Тұтас ауылдардың түтіні шықпай қалды. Абайдың Шымкентте аштан өлді дейтін ұлы Тұрағұлдың қабірі жоқ. Алматыдағы «Саяхат» автовокзалының астында қазақтың талай зиялыларының әз сүйегі қалды.

Олардың әруақтары әлгі қарашадағы жалғыз үйдің әруағынан кем еді деуге және тілің бармайды. Мұндай мысалдарды тізе берсең мың сұрақтар алдыңды кескектей береді. Жауабын тапқандай болдық.
Шымкентте Мұсатілла Тоқанов деген ғалым бар. Атақ, абырой, ғылыми дережесі кейбіреулердей хатқа түсірсең бірнеше парақ алмағанымен шын мәнінде ірі ғалым. Обыр, сусамыр сияқты аса қатерлі ауруларға ем дәріні шұбаттан алуға болатындығын тынбай дәлелдеп келе жатқан ғалым бізге беймәлімдеу тылсым табиғаттың тағы бір сырын ашты.

Геомагнитті толқындар

Көп ғасырлар бойы әлемнің әртүрлі елдеріндегі адамдар өздері үшін үш негізгі орынды ерекше мұқияттылықпен таңдаған, ол: тұрғын – үй, құлшылық ететін жер (мешіт, шіркеу) және зират. Қалалық және ауылдық жағдайларда үй салуға жарамды кез-келген жерге үй салынып, уақыт өте үй салу үшін орын таңдау салты естен шығарылған. Архитектуралық заңдылықпен қоныс мекендерді кезектік ретпен бірін-біріне жақын етіп тұрғызған.

Осы кезде кейбір үйлерде себептерсіз адамдардың бірінен кейін бірі қатерлі ісіктен және басқада созылмалы аурулардан қайтыс болуы көптеп кездесе бастаған. Бұл үйлерде елестер, аруақтар мекен етеді деп, ол үйлерді «қарғыс атқан» үйлер деп айтқан. Биолокаторлық зерттеулер арқасында мұндай үйлердегі өлім-жітімнің себептері елестер мен аруақтар емес, үй астынан өтетін жер асты су тарамдары мен жер қыртысының жарылыстарының әсері екендігі анықталды. Сондықтан, жер астындағы қауіпті геомагнитті толқындардың әсері зерттеле бастады.

Алғашқылардың бірі болып неміс ғалымы Густав Фон Поль зерттеді. Ол өзінің Баварияда жүргізген зерттеуі бойынша талдау жасағанда, қатерлі ісіктен қайтыс болған 58 адамның жатын бөлмесі геомагнитті аумақта орналасқан деген тұжырымға келген.

1950 жылы Бавариядағы медициналық – биологиялық институттың директоры медицина докторы Манфред Курри адамдарда қатерлі ісіктің туындауына бірден-бір әсер ететін геомагнитті жолақтар деп тұжырымдаған. Оның пікірінше қатерлі ісікке итермелейтін факторлар болып: жер асты сулары ғана емес «Курридің диагональді торы» деп аталатын жердің ерекше энергетикалық торымен байланысқан «теллурациялық радиация» екендігін айтқан.

Геомагниттік аумақтар жалпылама ұғымда әртүрлі ұзындықтағы жер астындағы жарылыстардың реактивті аумақтары. Бұл жерлерде ұзақ уақыт бойы болу адам денсаулығының бұзылуына және әр түрлі ауруларға әкелуі мүмкін. Геомагнитті аумақтар: жергілікті – оншақты сантиметрге жететін; ұзын – жолақ немесе тор түрінде болады. Бұл аумақтардың құрылысы техникалық құралдардың көмегімен сипаттауға келмегендіктен, әлі күнге дейін толық зерттелмей келеді.

К.Бахллердің зерттеулері бойынша, геомагнитті аумақта тұратын адамдардың бес пайызы ғана бірталай уақытқа дейін денсаулығы сыр бермейді екен. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, геомагнитті толқынның аумағында ұзақ уақыт болған адамдарда: әлсіздік, ұйқыдан тұрғанда дел-салдық, қорқынышты түстер көру, бас сақинысы ауруы, жүрек айныуы, түсініксіз ашушаңдық, аяғының қалтырауы және мұздауы болып табылады.

Геологиялық қоғамның басшысы Э.Хартманның зерттеуі бойынша - егер адамның төсек орны немесе жұмыс орны солтүстіктен – оңтүстікке бағытталған геомагнитті толқындарының активті жолақтарының бойында жатса жүрек-қантамыр ауруларына; ал шығыстан – батысқа бағытталған жолақтарының бойында болса жүрек қабынуы, артрит, ревматизм; ал жатын бөлмелері диагональді тордың қиылысу түйінінде орналасқан болса, 50 пайыздан аса қан тамыр ауруларына, демікпе, ревматизм ауруларына, жүректің ұстамалы ауруына және қатерлі ісік ауруларына шалдықтырады. Сондықтан да геомагнитті толқын аумағында тұрып, ең тәжірибелі дәрігерден ем қабылдау да сәтсіздікпен аяқталады.

Ата-бабаларымыз «жаман жерге жатпа, жаман жерді баспа» деп айтып кеткен. Ол бекер емес, яғни жаман жерге соғылған үйде түрлі келеңсіздіктер көп болып тұрады. Сондай-ақ ол үйде тұратын адамдар да түрлі ауруға душар болады. Мысалы, жаңадан үй сатып алған кейбіреулер «Осы үйге келгелі ісім алға басатын болды», - десе, енді біреулер жаңа қонысқа ауысқалы бері қырсық айналдырып жүргенін айтып жатады.

Ертеде көшпенді ата-бабаларымыз мекен ауыстырғанда мал иірілген жерге үйлерін тігіп отырған. Себебі төрт-түлік мал жақсы жерді бірден сезіп, сол жерге иіріледі екен.

Енді сол айтылған «Жаман жер» дегенге тоқталайық. Жеті қабат жердің астымен геомагниттік толқындар өтетіні белгілі. Сонымен қатар жердің үстіңгі қабатында гидроэнергетиканың, яғни жер асты су каналдары өтетін аумақтың әсері айрықша байқалады. Мұндай жерлер «геомагнитті аймақ» деп аталады.

Егер жаңадан салынған үй геопатогенді аймаққа тап келген болса, сол үйдің адамдарының денсаулығы күрт төмендей бастайды. Оларда ашушаңдық, тез шаршау, әлсіздік күннен күнге айқын сезіледі. Ал сондай аймақта тұрған қорадағы малдар да қысыр қалып, туғандарының желіндері ісініп, тіпті кейбірі түсік тастап жатады. Олардың төлдері де жиі ауырып немесе өліп қалып жатады. Халқымызда: «Қораң оңды болса, қойың қоңды болады» деген сөз бекер айтылмаса керек. Тоқанов айтады.

Геомагнитті толқынның әсерін тәжірибе жүзінде анықтау мақсатында Шымкент қаласындағы «Қайтпас-2» елді мекенінде тәжірибеге жүгіндік. Бірнеше жылдан бері бұзылып, тек қабырғалары ғана қалған, 16 соттық жерге орналасқан ескі үй бар екен. Сол үйге қоныстанушылар туралы түрлі алыпқашпа әңгіме айтылатын. Осы жердің геопатогендік аймаққа жататынын, яки жатпайтынын анықтау үшін зерттеулер жүргіздік.

Арнайы биолакаторымен 16 соттық жерді тексеріп шыққаннан кейін үйдің орналасқан жері де, бақша егілетін аумағы да толығымен геомагнитті толқында жатқаны белгілі болды. Тіпті үлкен аумақты алып жатқан геомагниттік толқындардың ауқымдылығына таңырқап қалдық.

Геомагнитті толқынды жер туралы көршілерден сұрағанымда олар бұл жердің басқа жерлерден пәлендей айырмашылығы жоқтығын айтты. Ал бұрын осы үйде тұрған отбасының сол ауылда тұратынын естіп, арнайы іздеп бардық. Бөгде кісілерді көріп тосылыңқырап қалған Гүлсара апа біздің қандай мақсатпен жүргенімізді білген соң былай деді:

«Несін жасырайын, ол үй бізге құтты мекен болмады. Күйеуім инсульттан кейін аяқ-қолы істемей, сал болып қалды. Өзімнің денсаулығым да мәз болмады. Бірақ үйелмелі-сүйелмелі балаларымызды асырау үшін күйеуім ауырған соң ертелі – кеш жұмыс істеуіме тура келді. Сөйтіп жүргенде бір баламды машина қағып кетті. Күйеуім сол аурудың азабынан 40 жасында өмірден озды. Одан кейін тағы бір ұлым ауырып қайтыс болды.

Содан кейін ол жерден кетіп, күйеуімнің туыстарының үйіне, осында көшіп келдік. Қазір қалған 5 баланың тілеуін тілеп отырмын. Ол үйді бізден бір өзбек кісі сатып алып, біраз көшеттер отырғызып еді. Сірә оның да жайы болмады-ау, артынша ол да бір қазақ жігітке сатып кетті. Ол бейшара да ұзақ тұрмады. Бір күні әлгі жігіттің асылып қалғанын естіп, жағамызды ұстадық. Содан бері ол үйде ешкім тұрмайды. Қазір үйдің орны ғана қалып, қабырғалары үйіндіге айналып барады».

«Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, жерлерді анықтай алатындығымды естіген Гүлсара апа үйінің ішін, қора-қопсысын түгел тексертіп алды.

Жақында бір жолдас жігіт маған хабарласып, өзінің көп қабатты үйдегі үйін жер үйге ауыстыратынын айтып, жер үйді бірге барып көруді өтінді. Соңғы үлгіде салынған 6 бөлмелі жер үйді барып көргенде, үй 10 соттық жерге салынған, фундаменті биік жақында салынған үй екендігі көрініп тұр екен. Геомагнитті толқынды зерттегенде, үйдің барлық бөлмелері сондай аймақта жатқандығы белгілі болды.

Далаға шығып жер учаскісін тексергенде, 10 соттық жердің бәрі толығымен геомагнитті толқын аймағында жатқандығы белгілі болды. Бұл үйде 75-ке келген қария мен кемпірі және үлкен қызы ұлымен тұрады екен. Қария инсультен кейін оң аяғы мен қолы жансызданып, көзі көрмей қалған екен. Кемпірінен сұрағанымызда.

Біз бұл үйге көшіп келгенімізге 2 жыл болды, өзіміз тұрған көп қабатты 3 бөлмелі пәтерімізді сатып, жаңа салынған үй болған соң сатып алған едік. Шалым жарты жыл бұрын қан қысымы 240 болып жедел жәрдем шақырған едік, амал жоқ осындай жағдайға душар болады. Өзімнің де денсаулығым жақсы емес, аяғымды зорға басып жүрмін деді.
Мен ол кісілерге не айтарымды білмей «қызыңыз маған хабарлассын» деп, қоштасып шығып кеттім.

Осындай ғылыми зерттеулердің маңыздылығын әлі жұртшылық біле бермейтін айта келіп, оларды көпшіліктің игілігіне жараса деймін. Көптеген үйлердегі тұрғындар қан тамыр аурулары, буын аурулары мен қатерлі ісік ауруларына шалдығып жатады. Өздеріңіз білесіздер үй мен жұмыс орны, балдардың бала-бақшасы мен мектептері осындай келеңсіз жерлерге орналасатын болса, осындай ауруларға адамның ағзасы бейім болатындығы белгілі.

Әрбір салынатын ғимараттың құрылысын бастамай тұрып, алдымен сол жердің геомагниттік өрісін анықтап алу керек. Себебі деніміздің саулығы мен мал-жанымыздың амандығы, сондай-ақ ісіміздің алға басуы өзіміз тұратын үйімізге және жұмыс орнымызға байланысты екені рас.

Магниттік дауылдар

Күннің жарылысынан пайда болған дауыл - магниттік дауыл деп аталады. Ол толқындардың қуаты – 1 млн. мегатонға пара-пар. Жерге толқындар – 1200 км/сек жылдамдықпен бір тәулікте жетіп, жердің магнитті толқынымен қуаттылығы 1 млр.тротил күшпен соқтығысады. Осы кезде жерде магнитті дауыл туындап, мұхиттарда, теңіздерде цунамилар пайда болып, жер сілкіністері болады.

Осындай күндерде радио, компьютер, ұялы телефондардың байланыстары бұзылып, адамдардың көңіл-күйі нашарлап, жол апаттарының саны күрт өсіп, жүйке-психологиялық аурулар асқынып, инсульт пен инфаркт аурулары жиілейді.

Кейбір сезімтал адамдар магнитті дауылдардың болуын алдын-ала сезіне бастаса, кейбіреулердің иммундық жүйесінің әлсіреуі магнитті дауылдардан кейін байқалады. Көптеген зерттеу мағлұматтары бойынша, магнитті дауылдың пайда болу кезінде алғашқы үш тәулікте инфаркт пен инсульт ауруларының көбейуі анықталған. Магнитті дауыл кезінде ағзадағы қан тамырларында оттектің алмасуы бәсеңдеп, тромбоциттер мен басқа да қан түйіршіктер ағымы бұзылып, қан қоюлана бастайды.

Бірінші кезекте бұл ми мен жүректе байқалады. Бірақ, қалай болғанда да бұл адамдарда шаршампаздық, әлсіздік пайда болып, жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларының алдын алу туралы ескерту болып табылады. Әдетте, магнитті дауылдар денсаулығында кінәраты бар адамдардағы созылмалы ауруларды асқындырып жібереді. Магнитті дауылды күндері алкогольді ішімдіктерді, темекі өнімдерін, майлы тағамдарды қолдануды азайтып, көкөніс өнімдерін қолданып, ағзасына ауыр салмақ түсірмей, күтініп - сақтану қажет.

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, магниттік дауыл кезінде: инфаркт, инсульт, өз-өзіне қол жұмсау, асылып қалу және самолет, жол-көлік оқиғаларының саны артатындығы анықталған.

Геомагнитті толқын мен магнитті дауылды, газет және теледидар ақпараттарынан естігенімен, осы толқындардың адам ағзасына әсерін жай халық түгіл, кәсіби медицина мамандары да жете түсіне бермейді.

Ел басының 2050 жылға дейін қойған тапсырысында біздің ел өркениетті дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсат деген. Біз үшінші деңгейдегі ел қатарынан шығып өркениетті ел болу үшін Қазақстанда «Геомагнитті толқын және күн жарылысын зерттейтін институт» ашылуы қажет деп тұжырымдаймын. Мұндай орталықтар бірқатар өркениетті елдерде: Германия, Жапония, АҚШ сонымен қатар Ресейде бар. Бұл зерттеу институты «Жердің магнетизмі мен ионосфераның магнитті толқындарының таралуының адам ағзасына әсері» деп аталады.

Жыл сайын 5 млн адам...

Fotolia 171142442 Subscription Monthly M

БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, жыл сайын жер бетінде 5 миллионнан астам адам жол апатынан жарақат алып мертігеді, ал жүз мыңдаған адам қайтыс болады екен. 1991 жылдан 2008 жылдары елімізде 251 600 жол көлік апаты тіркелген, соның ішінде 55 700 адам қаза болып, 290 000 астам адам жарақат алған. Орны толмас осындай өкінішті оқиғалар не себепті туындайды? Жалпы, жол-көлік оқиғасы неліктен азаймай отыр?

Тиісті мекемелер жүргізген сараптама бойынша, жол-көлік оқиғалары негізінен, 5 түрлі факторлардан болады:

1. Адами факторлар (масаң немесе есірткіні пайдаланған күйде автокөлікті жүргізу, тәжірибесіздік, тәртіптілік пен біліктілік);

2. Жүргізуші тарапынан болатын факторлар (көліктің жылдамдығын арттыру, қажетті жол ережелерін сақтамау және қарама – қарсы жолға шығып кету);

3. Техникалық факторлар (көлік құралдарының ақаулары: тежегіш, басқару тұтқасы мен доңғалақтарының жарылуы);

4. Қолдану факторы (жүк көліктерінде адамдарды тасымалдау, жол инфрақұрылымының қауіпсіздік жағынан сапалы болмауы);

5. Ауа-райы факторы (тұман және көктайғақ).

Осы аталған факторлардан басқа жол-көлік оқиғаларына табиғи факторлар («Қанды жерлер» және «Киелі жерлер») әсер етуі. Осындай жерлерде басқа жолдар мен қиылыстарға қарағанда ауыр жол-апаттарындағы өлім-жітім жағдайы көп орын алады. Жол – көлік оқиғаларын сараптау кезінде әдетте техникалық ақаулар, жүргізушінің жол ережелерін бұзуы және жолдың нашар болуы қарастырылады да, табиғи факторлар есепке алынбай жатады.

Геомагнитті толқын аумағына тұрған жаяу жүргінші немесе көлік жүргізуші: қас қағым уақытта кеңістікті дұрыс бағдарлау сезімінен айырылып, қарама-қарсы келе жатқан көлікпен ара қашықтығын дұрыс бағдарлай алмай, ауыр жол-көлік қақтығысына душар болады.

Геомагнитті толқындардың жол – көлік оқиғаларына әсерін зерттеу ғылыми-тәжірибелік маңызы зор, жол жүру ережесінің қауіпсіздігін сақтау және қамтамасыз ету басты мақсат болып табылады.

Шымкент қаласының көшелеріндегі жол-көлік оқиғаларына геомагнитті толқындардың әсері

ОҚО жол полициясының мәліметтері бойынша 1998 жылы 319 жол – көлік оқиғалары орын алған, соның ішінде 21 адам қайтыс болған, 352 адам жарақаттанған. 1999 жылы 5 ай көлемінде 336 ЖКО орын алып, 16 адам қайтыс болған, 395 адам жарақаттанған. Сараптама бойынша жол-көлік оқиғалары Шымкент қаласындағы: Т.Рысқұлов, Жібек жолы, Тауке-хан, Темірлан тас жолы, Фурманов, Байтұрсынов және Жангельдин көшелерінде жиі болып тұратындығы анықталды.

Шымкент қаласының автокөлік жолдарындағы геомагнитті толқындарды анықтау үшін 13 ғылыми тәжірибе мен зерттеулер жол-көлік МАЙ қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілді. Зерттеу барысында геомагнитті толқындар: Тауке-хан, Т.Рысқұлов, А.Байтұрсынов, К.Маркс, Мадели Қожа және Жангельдин көшелері геомагнитті толқын аймақтарында жатқандығы белгілі болды.

Геомагнитті толқындардың оңтүстіктен-солтүстікке, шығыстан-батысқа қиылысатын аймақтарында: Бейбітшілік көшесі мен Республика даңғылының, Бейбітшілік пен Ғ.Ілияев көшесінің,
Тәуке хан даңғылы мен А.Байтұрсынов көшесінің, Тәуке хан даңғылы мен Б.Момышұлы көшесінің, Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің, М.Дулати көшесі мен Тәуке хан даңғылының, Республика даңғылы мен А.Асқаров көшесінің, А.Асқаров көшесі мен Республика даңғылының қиылыстарында жатқандығы белгілі болды.

Шымкент қаласының жол – көлік оқиғалары геомагнитті аумақтарда жиі болатындығы анықталып, қаланың геомагнитті толқын картасы жасалды.

«Жаман жерге жатпа, жаман жерді баспа»

P.S.

Күн бетіндегі жарылыс пен жер астындағы геомагниттік толқындардың адам денсаулығына қаншалықты әсерінің барлығын жұрт жоғарыдағысынан ғана біледі. Ал, геомагниттік толқындардың зиянын әзірге білімді, оқыған тоқығаны көп зиялыларымыз, әсіресе мемлекеттік қызметкерлер білетін секілді. Олай дейтініміз, осы Мұсатілла Тоқановты Астана, Алматыдағы кейбір дөкейлер аттай қалап алдырып, үйін, кеңсесін тексертіп алады. Қауіпті, қауіпсіздігін анықтатып, шаруасын жасайды.

Геомагниттік толқын – біздің жұрт үшін күрделі, күрмеулі ғылым. Өркениетті елдерде, оның ішінде Ресей де бар, ірі ғылым орталығы осы мақсатқа жұмыс істейді. Бізде кенжелеп тұрғандығын көріп отырсыздар.

Бірақ, көңіл аударатын кез жетті. «Қарғыс атқан үй», «Әруақ буған» және «Қанды жер» деген атаулардың мәнін енді түсіндіңіздер деп ойлаймыз.
Айттық. Әрекет тиісті орындарда.

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.