Ұлт болам десең, ұрпағыңды ойла Избранное

Среда, 18 Сентябрь 2019 03:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 236 раз

Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов жастармен жүздесіп, жас буын өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Еркін форматта өткен сырлы кездесу екі күнге жоспарланып, жастарға қатысты көп мәселенің күрмеуі шешілді.

 DSC9693

Әуелгі кездесуді «Bolashaq» Қауымдастығы ұйымдастырды. Басқосуда «Мен сіздерден нақты ұсыныстар күтемін, бірлесіп жұмыс жасауға қашан да дайынмын», – деді әкім.

Қазақстандағы Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы жобасы аясында өткен ісшараға Шымкент, Түркістан, Қызылорданың белсенді жас өкілдері қатысты. GR-кеңесшісі, «Bolashaq» бағдарламасының түлегі Нұрлан Өтешов жас буынды кәсіпкерлікке қалай баулуға болатынын сұрады. Өз кезегінде Ерлан Қуанышұлы Президент Қ.Ж.Тоқаевтың халыққа Жолдауында азаматтық сектордың белсенділігін арттыру туралы сөз болғанын, жастардың белсендігі мен креативтілігінің өзектілігіне тоқталды.

– Біздің жастар - бизнеске бейім. Қай салада да білім мен тәрбие бірінші орында тұрса, қоғамдық жұмысқа, азаматтық секторға, шағын және орта бизнеске тартылса, еліміз отыз озық мемлекеттердің қатарына қосылады. Жастарды, керек болса, партиялық жұмыстарға тартып, масылдық психологиядан арылту керек, – деді Ерлан Қуанышұлы «Bolashaq» бағдарламасының түлегі Ерасыл Төлебаев Шымкентте болашақтықтардың филиалын ашсақ деген ойын ортаға салса, «Жетіген» мектебінің директоры Камила Ескараева Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Аль-канун аспабында ғұлама ғалымның туындыларын жаңғыртып жатқанын жеткізді.

Бұдан бөлек, «қаланың қоғамдық кеңесіне МЕҰ мүшелері де қатысса, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағыдай жастардың ауқымды коворкинг орталығы ашылса, республикалық деңгейде ақындардың поэтикалық дуэлі мен «Ақын мен әнші» жобасы қайта тірілсе, пікір-сайыс клубы ашылса» дегендей ұсыныс-пікірлер айтылды.

Ерлан Айтаханов барлық ұсыныс-тілекті мұқият тыңдап, барлығын да қолдайтынын айта келе, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық және әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларында атқарылар шараларда жастарды белсенді болуға шақырды.

– Абайдың бай мұраны өскелең ұрпаққа жеткізу үшін сүбелі жұмыстар атқарылуда. Одан бөлек, алдағы жылы әлем мойындаған ұлы ғалым, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай қазақ тіліне аударылмаған өлеңдерін жарыққа шығармақпыз. Аристотельден кейінгі ғұлама ойшылдың Отырар топырағында дүниеге келгені тарихтан мәлім. Енді, сол шежірелі Отырар оазисін, қала берді Сайрамдағы сансыз бапты, Түркістандағы түмен бапты, барлық киелі жерлерімізді төрткүл дүниеге танытуымыз қажет, - деп сөзін шегеледі шаһар басшысы.

Қала әкімінің екінші күнгі кездесуіне түрлі саладан 600-ден астам жастар қатысты. Жастар ресурстық орталығының ғимаратында басқосуда жастар студенттік жатақхана, өнерлі және спортшы жастарды қолдау, еріктілерге ғимарат бөлу, қоғамдық көлік, қаладағы коммуналдық шаруашылықтарға қатысты бірқатар мәселелерді шешуді ұсынды.

 DSC9766

Жиында сөз алған студеттер қала әкіміне қоғамдық көліктің жүру уақыттары және жол ақысы туралы сауал жолдады. Жолаушылар көлігінің жетіспеушілігін алға тартқан талапкерлер, әсіресе шалғай елдімекендерден қаланың орталығына қатынаудың қиындығын айтып, Ерлан Қуанышұлынан аталған мәселені шешіп берулерін сұрады. Қала әкімі аталған мәселеден хабардар екенін, тиісті басқармаларға алдағы уақытта шешуді тапсыратынын айтты. Мегаполис жастарын алаңдатқан сауалдың бірі – қолжетімді баспана мен жұмысшы жастарға берілетін арендалық пәтерлер еді.

Қала әкімі жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдары аралығында жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланғанын айтып қуантып, Шымкентте 900 пәтер беру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жеткізді. Баршамызға белгілі 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай, қала басшылығы тарапынан волонтерлікті дамыту мақсатында еріктелерге жан-жақты қолдау көрсетілетіндігі айтылды.

Сұрақ-жауап барысында Ерлан Қуанышұлы өзінің студенттік шағын еске алып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. «Өз-өзіңді дамытуды, алған біліміңді жетілдіруді үнемі жалғастырып отыр керек, сонда ғана көздеген мақсатыңа жетесің» - деді Е.Айтаханов.

Үшінші мегаполисте қала тұрғындарының 30%-ға жуығын, яғни, 260 мыңнан астамын жастар құрайды. Кездесу соңында қала әкімі жастармен жиі жүздесуге дайын екендігін айтып, көтерілген тақырыптар аясында жұмыс істелетіндігін жеткізді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Азамат ЖАППАР
Фото Серік ҚОСАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.