Версия для печати

Қазақша сөйлейтін құлтемір

Среда, 18 Сентябрь 2019 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4161 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Құлтемірді қазақша сайратқан шымкенттік оқушылар жуырда мұғалім-робот құрастырып сынамадан өткізбек. Тыңнан түрен салған жас өнертапқыштар интеллектуалды компьютерлік бағдарламалардың көмегімен басқарылатын роботтарды қалай құрастырғандары жайында сұхбат беріп, құрылғының пайдалы тұсын кеңінен әңгімеледі.

DSC 8935

Физика заңдылықтарынан басталған қызығушылықтың арты робототехникаға деген ынтасын туғызып, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының оқушылары небәрі бір апта уақыттарын сарп етіп, қазақ тілінде қызмет көрсететін алғашқы сервистік роботты құрастырған. Елдос Тұран мен Нұрбақ Шерехан бағдарламалау тілін INO-lab зертханасында меңгергендерін айтады.

- Бұл біздің қазақша сөйлейтін екінші роботымыз. Алғашқы құлтемірді «U:hack» инновациялық идеялар фестивалінде таныстырған болатынбыз. Аталған роботты құрастыруда көп уақыт негізі сыртқы келбетін жасауға кетеді. Оны 3D құрылғысы арқылы басып шығардық. INO-2 роботы қазақ тілінде 80-ге жуық сөзді қабылдап, соған жауап қайтара алады. «Аqyldy robot» қосымшасының көмегімен 30-40 метрге дейін сіздің нұсқаулығыңыз бойынша қозғалады. Сервистік роботтың мүмкіндігін арнайы бағдарламалар енгізу арқылы арттыруымызға болады,-дейді жас өнертапқыш.

Жоқтан бар жасап көпшілікті таңқалдырған өрендер одан да үлкен жобаларымен қоғамның дамуына өз үлестерін қосуға даяр. Дегенмен қазіргі таңда олардың роботтары қолданысқа ене қоймады. Тіпті, қызығушылық танытып түрлі жәрмеңкелерде халықтың таңданысын тудырса да, көптеген ұсыныстары әлі де елеусіз қалып жатқанын айтады.

Қолға алған ұтымды бастамаларының бірі – кедергісіз ортаны қалыптастыру үшін қашықтықтан оқытатын оқушыларға арнайы қондырғылар жасау. Бұл дегеніңіз, аталған роботтың көмегі арқылы науқас балаларды үйінде отырғызып-ақ мектеп ішіндегідей күйге бөлейді деген сөз.

– Мүмкіндігі шектеулі, тағы басқа себептерімен үйде оқытылатын оқушылар қаламызда жетерлік. Олар біз сияқты дос тауып, мектептегі атмосфераны сезінгілері келеді. Өздерін отбасы мен қоғамға қажетміз жоқ деп санап, іштей жағымсыз эмоциялар да жиналуы мүмкін. Осы кедергіні жою үшін арнайы қондырғы жасамақпыз. Бұл жобаға жарты жыл уақыт қажет. Ол жоба демеушілердің есебінен жүзеге асатын шығар. Әзірге қолдаушы таппадық, - дейді Елдос.

5 робот 1300 қарияға қызмет көрсетеді

Қытайда роботтар қоғамның барлық саласында кеңінен пайдаланыла бастағанын ескерсек, жасанды интеллект әсіресе әлеуметтік мекемелерде қарттардың қолғабысына айналғанын көріп отырмыз. Мәселен, Чжэцзян провициясындағы осындай орталықта бар-жоғы 5 робот 1300 қарияға қызмет көрсетеді екен.

Олар егде адамдарға дәрі-дәрмек қабылдайтын уақытты хабарлап, виртуалды кеңес беріп көмектеседі. Қытайда 2020-жылға дейін 30 миллиард юанға осындай сервистік роботтар жасап шығару көзделген. Ал бізде роботтарды қажеттілікке жаратып жатқанымыз шамалы. Қазпочтада орнатылған Қуаныш есімді құлтемірдің өзі мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге қауқарсыз болып тұрғаны көңілге қаяу түсіреді.

Биыл жыл басынан бері жастар жылы аясында жер-жерде жастарды қолдау мақсатында іс-шаралар өтіп жатыр. Оның бірінде жастардың оқып-білім алуына жағдай жасаса, екіншісінде жастардың кәсіп бастауына мұрындық болып келеді. Ал тағы бірінде жастардың рухани өмірін байыту үшін игі шаралар қолға алынуда.

Елдостай өнерлі жас өңір мақтанышы екенін ескере отырып, Елбасы ерекше тоқталған өнерлі жастарды қолдау жұмыстары жастар жылында назардан тыс қалмаса екен дейміз. Жас өрендердің алға қойған жобаларына қолдау білдірсек, оларды жақсылыққа баули отырып, жастармен бірігіп қоғамдағы бір мәселенің болсын шешімін тапқанымыз емес пе?!

Последнее изменение Среда, 18 Сентябрь 2019 06:41