Версия для печати

Әділдік жоқ жерде пара белең алады Избранное

Пятница, 20 Сентябрь 2019 03:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3516 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық. Жақында Шымкент қалалық Білім басқармасының жиналысында осы тақырып кеңінен талқыланған болатын. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасарлары Талғар Серікбаев пен Камал Қабылбеков сол кезде еліміз бойынша пара алып, сотталғандар туралы бұлтартпас дерек пен дәйек келтірді.

99

Білім саласын жемқорлық жайлағаны жасырын емес. Оған аталған басқарма басшысының орынбасарлары Талғар Әбдінәбиұлы мен Камал Қожахметұлының келтірген мәліметтері дәлел. Сөзіміздің басында басын ашып айтып қоюға міндеттіміз. Біз қандай мәлімет не дәйек, мысал келтірсек, аты аталған лауазымды тұлғалардың сөзіне сүйеніп жазғанымызды қаперге ілсеңіздер дейміз.

«2016 жылдан бүгінгі күнге дейін республика көлемінде 400-ден астам адамның қатысуымен 650 жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық анықталған. Оның 200-дейі сотталған. Білім саласындағы қылмыстар еліміздің барлық аймақтарында орын алып отыр», – деді Т.Әбдінәбиұлы. «Балық басынан шіриді» демекші, сол қылмыстардың ең басында мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, балабақша меңгерушілері, Білім басқармасы мен оған қарасты бөлім басшылары, бір сөзбен, осы саладағы серкелер жүреді.

Ең сорақысы сол, бұл салада басшылық қызметте жүргендер жемқорлық ауруына жүдә қатты шалдыққан сияқты. Топ бастаған көшбасшылар солай еткен соң қарамағындағы қызметкерлер қалайша қылмысқа бейім болмасын?! Баланың бойына білім мен тәрбие дәнін сеуіп, ұрпаққа үлгі болатын адамдар керісінше ашкөздік пен арсыздықтың тірі мысалын көрсетіп бағуда. Аттестация мен ҰБТ кезінде де жемқорлық әрекеттері тыйылмай тұр. Мұндай қылмыстардың мысалын Талғар Серікбаев көптеп келтірді.

– Мәселен, Түркістан облыстық Білім басқармасында Жасыбеков өзінің сенімді адамдары арқылы аттестациядан аман-есен өткен қызметкерлерден бір емес, бірнеше рет ақша алған. Сондай-ақ Ақтөбе облысында Білім саласын қадағалау департаментінің басшысы Көшербаев үш жылға бас бостандығынан айырылды. Павлодар облысында ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырғандардан Екібастұз Білім басқармасының бөлім басшысы Макумова заңсыз ақша жинаған. Ол 45 мектептің директорынан 100 мың теңгеден талап етіп, 4,5 млн теңгені қалтасына басқан. Сонша қаржыны тауып беруден қиналған директорлар ата-аналардан мектептің керек-жарағына деп қаржы сұраған, – деді ашығына көшкен басшы.

Өкініштісі сол, мұндай фактілер тізбектеліп кете береді. Осындай ортада бала адами құндылықтармен сусындаудың орнына «бәрін ақшаға сатып аламын» деген стереотиппен өсері сөзсіз. Жемқорлық ақырындап балаларға да жұғады. Екі ортада психикалық денсаулығы зардап шегеді. Жасөспірім өзі армандаған мақсатына сатылап келе жатып, жеме-жемге келгенде, үлкендер ол үшін барлығын ақшамен шешіп қояды.

Сөйткен талапты құстай талпынған жеткіншек өз еліндегі білімнің деңгейіне қарны ашып, орта мектепті бітіргеннен кейін ілім қуып шетел асады. Әрине, ол өз білімінің әділ бағалануын қалайды. Ал дамыған шетелдерде «әке-көке» немесе «шымкентский» нұсқалар атымен жоқ. Біздің елімізде тестілеудің объективті өткізілуін қамтамасыз ететін органдар, шынтуайтында, ар-ұятымен бетпе-бет келе алмайды. Әсіресе, мемлекеттік грантты бөлу, «Алтын белгі», Үздік аттестат алатын уақытта бармақ басты, көз қысты әрекеттер көптеп орын алады. Мысал керек пе? Мархабат.

– Мысалы, Түркістан облысында Білім басқармасы басшысының орынбасары Гоханов грант бөлуге 1000 $ көлемінде пара алған. Алматы облысында аудандық білім бөлімінің басшысы Балқашова 11-сынып оқушысының «Алтын белгі» алуына көмектесемін деп 1500 $ пара алу дерегі тіркелген, – дейді Т.Әбдінәбиұлы.

Ал егер сол оқушы тестілеуден құлап, «Алтын белгіге» қол жеткізе алмай қалса ше?! Жақсылық жасаймын деп, жамандыққа ұшырататын жетекшілер бітіруші түлектің сағын сындырады. Бұдан кейін мектеп қабырғасында осындай сорақы көріністерді көзбен көрген оқушыдан келешекте өтірікші, арсыз, дүниеқоңыз адам шығады. Осы орайда ұлы Абайдың оныншы қара сөзінде айтылған ғақлиялы ойлары біз көтеріп отырған мәселенің тамырын дөп басары анық. Дана ойшыл «...Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің.

Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол...»

Жымқырғаны 1 млрд...

Құдай-ау, балалардың тамағынан да жымқыратындар бар екен. Талғар Әбдінәбиұлының мәліметінше, Маңғыстау облысында Жаңаөзен қаласы Білім бөлімінің басшысының орынбасары Лесов кәсіпкерлерден бірнеше рет 3 млн теңге көлемінде пара алған. Қарағанды облысында мектеп-лицейінің директоры Жарылғапов балаларды ыстық тамақпен тамақтандыру бойынша тендерді алуына кепіл беріп, пара алғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Әрине, бұл әрекет мектеп асханасындағы азық-түліктің сапасына әсер етпей қоймайды.

Алматы қаласының Білім саласын қадағалау басқармасының басшысы балабақша меңгерушісінен «мекемесін мемлекеттік талаптарға сай етіп көрсетемін» деп пара алғаны үшін сотталған. Қызылорда облысында Білім саласын қадағалау департаментінің басшысы Чегай жалпы орта білім беретін мекемелердің басшыларынан лицензия алмағаны үшін және жоғарғы жақтан қысым болмауына кепіл болуға пара алған.

Маңғыстау облысы Білім басқармасының басшысы Тастемірова орта мектеп мұғалімін жұмысқа орналастырып, қызметтік баспалдақпен өсуге кепіл болуға 100 мың теңге көлемінде ақша талап еткен. Шымкент қаласындағы №131 мектептің директоры орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Назиева іс жүргізуші қызметіне үміткерден пара алып, сот үкімімен сотталды.

Айлығы шайлығына жетпейтін мектеп тазалаушылары мен сыпырушылардан ақша алу деген не сұмдық?! Ең төмен жалақы төленетін жұмысқа заңсыз пара беруге мәжбүрлейтін мектеп директорларын білім ұясынан ит қосып қуса да артық етпейді.

Соңғы үш жылда «Білім және ғылымды дамыту» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында 2016-2019 жылдары 350 жемқорлық қылмыс дерегі тіркелген. Әсіресе мемлекеттік сатып алу және қаржы бөлу кезінде, түрлі білім байқауларының жеңімпаздарын анықтау уақытында қылмыстық іс-әрекеттер орын алады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің экс-вице-министрі С. Шаяхметов пен «Салынып жатқан ҚР білім және ғылым обьектілерінің дирекциясы» ЖШС бас директоры А. Пак Өскемен қаласында білім саласындағы құрылыс ғимараттарына бөлінген бюджет қаржысынан 1 миллиард теңге жымқырғаны үшін сотталған. Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарындағы «Балапан» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген қаржыны қымқырған шулы мәселелер елдің есінде шығар. Балабақшалардағы бала санын «жасанды түрде» көбейтіп көрсеткен қылмыстарға қатысы бар лауазымды тұлғалардың бәрі істі болып, сотталған.

Байқағанымыздай, білім саласындағы былықтың бәрі кадр мәселесін шешу кезінде орын алып отыр. Сонда дейміз-ау, кезінде жаһанға жар салып, «ойбай, мұғалімдерді жұмысқа thunter жүйесі арқылы, мектеп пен балабақшаға балаларды электронды түрде қабылдайтын болды, енді қағазбастылық пен жемқорлықтан құтыламыз» деген ұрандар қайда қалды?!

Талғар Серікбаев бұдан шығатын жол білім ордаларына қызметкер қабылдау механизмін өзгерту керек деп есептейді. Әйтеуір, басшылардың бұған қатысы аз болуы керек. Яғни, баласы баратын мектептің кадрлық жұмыстарына ата-ана да араласса, құба-құп.

Республика көлемінде балабақшалар мен мектептерде құрт ауруы диагнозы қойылған адамдардың жұмысқа орналасқаны мүлде сорақы факт. Ал мұның салдарынан баланың өмірі мен денсаулығы ұстараның жүзінде тұр. Жемқорлық қылмысы үшін бас бостандығынан айыру немесе жұмыстан босату бұл проблеманың шешімі емес. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алу үшін шұғыл және түбегейлі шаралар қолданылуы тиіс.

Сол көзің оң көзіңе қарауыл болсын!

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Камал Қабылбековтің сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда жыл басынан бері жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 24 мемлекеттік қызметшіге айыптау үкімі шығып, бас бостандығынан айырылған. 18-маусымда Шымкент қаласының тұрғыны Теміржанов Шымкент қаласы Білім басқармасының Бас маманы Нәлібаевқа қатысты арыз түсіріпті. Онда Теміржанов №13 орта мектептің қоршау жұмыстары бойынша мердігер серіктестің «Форма 3» құжаттарына қол қою үшін заңсыз 60 мың теңге пара талап еткенін көрсеткен.

Камал Қожахметұлы Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгүл Текебаеваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі, 2-тармағымен тіркелген Нәлібаевтың ісі қаралып, тәртіптік жауапкершілікке тартылып, жаза тағайындалуын ұсынды. ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген «ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің» ережелеріне сәйкес мемлекеттік қызметшілер адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға міндетті.

Ұстаз – ұлттың тәрбиешісі

Жоғарыдағы мысалдармен танысып, ертеректе естіген бір жағдай есіме оралды. Қаладағы білдей бір мектептің директоры отқа сүйреп салатын жемқорлық деген дұшпаннан әбден шаршаса керек, әлде қарамағындағы қызметкерлерінен секем алып қалған ба, жаңа оқу жылына арнап су жаңа кәстөм сатып алыпты.

Жұмыс орнына жаңа кәстөмінің қалтасын тігулі күйінде киіп келіпті. Дұрыс та шығар. Жабулы қалтаға ешкім ешнәрсе тыға алмайды ғой. Осы орайда Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айгүл Қалыбайқызы ата-ана мен мектептің арасындағы көзге көрінбейтін кедергілерді жою мақсатында 50-ге тарта мекеме басшылары жұмыс кабинетін үстіңгі қабаттан астыңғы қабатқа ауыстырғанын айтты. Олар оpen space жүйесімен жұмыс істеуге кірісіпті. Бұны да көрелік. Бір пайдасы тиіп қалар.

Сөзімізді тағы да хакім Абайдың оныншы қара сөзімен қорытындылағымыз келеді. «...Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған.

Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды. Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң, тағы қайыршылыққа түседі».

Ұстаз – ұлттың тәрбиешісі. Ұлттың болашағына жауапты жандардың бәрі емес, әрине, біразының сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батуы үлкен қауіптің басы. Осындайда «ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді» деген қанатты сөз еске түседі. Мешкей деген жақсы ат емес.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.