Лауазымды қызмет қызықтырса... Избранное

Пятница, 20 Сентябрь 2019 03:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 273 раз

Үшінші мегаполисте Президенттік жастар кадр резервіне өтінімдерді қабылдау басталды. Қала әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев дарынды жастар қатарынан іріктелген азаматтарды басшы лауазымдарға тағайындаудың мүмкіндігі мен іріктеуге қатысу жолдарын түсіндірді.

 DSC0660

- 1 қыркүйектен бастап барлық жас қазақстандықтар резервке іріктеуден өтуге және елдегі жоғары мемлекеттік басқару лауазымдарына тағайындалу мақсатында онлайн платформа арқылы өтінімдерін жолдауды бастады. Іріктеу барынша ашық өткізіледі, оған 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар жас азаматтар қатыса алады.

Резервке қосылуға ынталы азаматтар pkrezerv.kz сайтына тіркелу арқылы бірнеше кезеңнен өтуі қажет. 300 жас 5 жыл бойы резервте болады, – деді Әли Амантайұлы.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасындағы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыруды жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында аудан әкімдіктері мен жергілікті басқармалардың 35 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілердің кездесуі өтті.

Жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев пен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Анар Сатыбалдықызы іріктеудің қалай жүргізілетінін кезең-кезеңімен таныстырды.

Атап айтқанда, кандидаттардың теориялық білімдері тестілеу арқылы анықталып, көшбасшылық қасиеттерді, сыни ойлау деңгейін, стратегиялық көзқарасын, үміткерлердің уәждемесі мен құндылықтарын бағалау жұмыстары ашық платформаға тіркелу арқылы жүзеге асырылады. 19 бен 35 жас аралығындағы мемлекеттік қызметшілер тест пен эссе жазу турынан өтсе, Президент Әкімшілігінің Сарапшылық комиссиясында әңгімелесуге мүмкіндік алады. Ал соңғы шешім Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қаралады.

Жиын соңында мемлекеттік қызметшілер Нұр-Сұлтан қаласына барып-қайту жол шығыны мен ұсыныс хатқа байланысты сұрақтарына жауап алды. Ал Әли Амантайұлы шымкенттік жастарға ашық платформаға тіркеліп, іріктеуге қатысуда белсенділік танытуға шақырды.

Айта кетейік, іріктеуге қатысушылар 30 қыркүйек күніне дейін онлайн платформаға тіркелу керек. Ал Президенттік жастар кадр резерві арнайы құрылған ұлттық комиссиясының шешімі 25 желтоқсанда белгілі болады.

А.ЖӘДІГЕРҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.