Версия для печати

112-ге келген кейуана Избранное

Пятница, 27 Сентябрь 2019 03:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2544 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Сталиндік репрессиясы салдарынан Қазақстанға жер аударған Гүлчечек Колаева ахаска түріктерінен талай жетімді бауырына басып, өз ұл-қыздарынан кем көрмей өсірді. Солардың алғысын арқалаған ақжаулықты әже бүгінде 112 жасты еңсеріп, миллонды шаһардың ең егде тұрғыны атанып отыр. 1 қазан – халықаралық қарттар күні қарсаңында ғасыр иесі кейуананың ақ батасын алуға шаңырағында болып, сұхбаттасып қайттық.

 DSC1459

Гүлчечек әже 1944 жылға дейін Грузияның Месхетия аймағында тұрған. Жалпы, түріктер Месхетиядағы үш-төрт ауданда ерте замандардан бері мекендеген екен. Гүлчечек әже Аспиндза ауданындағы ауылда туып-өсіпті. Қазақстанға жер аударған соң Шымкентке келіп, тұрмыс құрған.

Бүгінде ол Абай ауданына қарасты Қызылжар елдімекенінде (бұрынғы «Коммунизм» колхозы) тұрады. Ол кісінің жары Ахмед Колаев Украина, Польша жеріндегі шайқастарға қатысқан майдангер. Соғыста ауыр жараланып, сол сырқаттан 1975 жылы өмірден өткен. Жарымен бірге екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген әжей әлдеқашан марқұм болған отағасының орнын жоқтатпай, ұрпағымен бірге мәнді де сәнді, мағыналы ғұмыр кешіп келеді.

Әженің үлкен қызы Бұлбұлдың өзі бүгінде 82 жаста. Кіші қызы Қаймақ ілгеріректе дүниеден өткен. Одан қалған ұрпақ бар. Базар есімді баласының жасы 63-те болса, Өскенбай деген ұлы қазір 61 жаста. Әженің осы 4 ұл-қызынан тараған ұрпақтың саны бүгінде 100-ден асып жығылады. Кейіпкеріміз немере-шөберелеріне зейнет, береке, молшылық, бақыт та, байлық та еңбекпен келетінін ылғи да айтып отырады екен.

Ал, тоқшылықта тоқмейілсімеуді, астамшылдық жасамауды, әр нәрсені ысырап қылмауды ұрпағының құлағына құйып келеді. Себебі, өзі бала кезінде жоқшылықты көп көрген екен.

– Екі аптадан бері көзі көрмей, бір орында отырып қалды. Әйтпесе, әже торқалы тоқсанына дейін егін еккен. Ғасыр жасаған уағында шөберелерін өзі мектепке жөнелтіп, күтіп алатын. «Ұзақ жасауының сыры неде?» деп үйге келгендер жиі сұрайды. «Уақтылы тамақтанып, үнемі қозғалыста жүреді» деп жауап береміз. Енді біздің әулетте бәрі ұзақ жас жасаған. Ол кісі осы уақытқа дейін ауруханаға жатып көрмепті. Денсаулығы мықты болды. Дәрі-дәрмекте қолданбайды. Дәрігерлер тек денсаулығын тексеріп кетеді,– дейді 82 жастағы інісі Мәлет Колаев.

Мәлет ақсақал әпкесінің мінезі жайлы, жуас екенін айтады. Грузияда біраз жыл латын тілінен бастауыш сыныптарға дәріс беріп ұстаз болыпты. Ал соғыс уақытында совхозда түрлі жұмыстар атқарған. Кейуана қартайғанымен өмірінің кей сәттерін жақсы есте сақтаған. Күйеуге тиген кезін, Кавказдан жер аударылып келгендегі оқиғаларды, колхоз-совхоздарда еңбек еткенін кейінгі ұрпақтарына жиі айтып отырады. Апам бақуатты болғанда аулаға еккен көкөністері 2-3 рет өнім беретін, дейді бауыры.

– Ол кездерде қиын заман болды ғой. Ауылдағы ер-азаматтарды түгел соғысқа алып кетті. Елде балалар, әйелдер мен қарттар ғана қалдық. Өте қиын кездер еді. Әйелдер күні-түні қырманда жұмыс істеді. Біз жеткіншектер бірде солардың балаларын бақсақ, енді бірде қойдың жүнін түтіп, жіп иіріп, жауынгерлерге қолғап, шұлық тоқып беріп жіберіп отырдық. Ол кезде дастарханымыз қазіргідей аста-төк болмайтын. Әр отбасына бес келіден ғана ұн берілетін. Оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Қазір бейбіт заманның қадіріне жете алмай жатқандар кездеседі, – деді Мәлет ақсақал.

Әженің есімі қандай мағына беретінін сұрадық. «Гүл» деген қазақша да гүл ғой, – дейді ол кісі. – Ал «чечек» дегені – гүлдің қауызын жарып шыққан кезі, яғни шешек атқаны. Өзі атасының алғашқы көрген немересі болыпты. Сондықтан немерелерімнің алды, әулетіміздің гүлі деп ырымдап, атын Гүлчечек қойған екен. Бір әулетті гүлдеткен әжейге келіп бата сұрағандар, оның затын ырымдап алатын көрінеді.

– Әжені сұрайтын, іздейтіндер бар. Үйімізге бірінші келген қонаққа әжем ырымдап үнемі орамалын ұстатып, киімінен жыртып беріп отыратын. Әкімдіктегілер де ұмытпайды. Мереке сайын келіп қуантып кетеді. Онысына рақмет,– дейді 112 жастағы әжейдің қара шаңырақтағы келіні Хани Ахмедова.

Халқымызда «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген нақыл сөз бар. Бүгінгі еліміздің көркейіп-гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысқа кенелуі, әрине, аға ұрпақтың маңдай терінің, елге сіңірген еңбегінің жемісі екендігі анық. Айта кететін бір жәйт, шаһарда 79 342 қария бар. Оның 13-і ғасырмен құрдас. Бір қызығы, ұзақ жасағандардың жартысынан көбі Абай ауданында тұрады екен.