Қалауын тапсан құмға да кеме жүргізуге болады Избранное

Пятница, 27 Сентябрь 2019 03:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 292 раз

Шымкентте азық-түлік белдеуін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік бар

 DSC2034

Дана Абай өзінің төртінші қара сөзінде: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дейді. Әрине, еңбек етіп, егін еккен адамға жер-ананың бермейтіні жоқ. Шыбық шаншысаң, шынар шығатын Шымшаһарда егін егіп, жылыжайын баптап, диқаншылық кәсіпке бет бұрғандардың қатары аз емес.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы мен Түркістан облысында экологиялық таза өнiмдер жеткiлiктi мөлшерде өндiрiледi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, сауда және көлiк-логистикалық кешенінiң дамымауы – бiздiң тауарлардың сыртқы нарыққа үлкен ауқымда шығуына қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бірнеше жыл бұрын Шымкентте аумағы 92 гектар жерге әлемдік стандартқа сай заманауи сауда-логистика орталығының құрылысы басталған болатын.

Күні кеше Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қаладағы бірқатар өндіріс ошақтарына жасаған сапарын ең алдымен осы сауда-логистикалық орталығынан бастап, онда орналасқан қоймалардың жұмысымен танысты.

2014 жылы көктемде басталған сауда-логистика орталығының құрылысы бірнеше жыл баяулап қалғаны рас. Дегенмен, қазір құрылыс жұмыстары қызу. Тіпті бірнеше қойма жұмыс істеп тұр. Сауда-логистика орталығының аумағында әкімшілік, кеңсе, зертханалар, кедендік рәсімдеудің барлық процедураларын жүргізетін бекеттер салынған. «Шымкент» ӘКК басқарма төрағасы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, бүгінде мұнда 6 жоба, атап айтқанда, «Kazakhstan Logistics group», «Зерде ҒӨБ», «Continental Logistics Shymkent» ЖШС, «Eurotransit Terminal» ЖШС және «Waimea group kz» ЖШС және «Арман Юг Групп» компанияларының жобалары іске асырылып жатыр.

 DSC2087

Жаңадан бой көтеріп жатқан сауда-логистикалық орталықтың тиімділігі, ол – тоғыз жолдың торабында орналасқандығы. Географиялық тұрғыдан алғанда, бұл аумақ өте ыңғайлы. Яғни, әуежайдан 3 шақырым, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік автомагистралынан 4 шақырым жерде орын тепкен. Сонымен қатар, темір жол желісінен 500 метр жерде орналасқандығы да сауда-логистикалық орталығының болашағына зор серпін беретіні анық.

Қазір сауда-логистикалық орталығына инфрақұрылым құрылыстары жүргізіліп, барлық коммуникациялық жүйелер жеткізілген. Мұндағы қоймаларда бір ғана картопты 9 айға дейін, пиязды 6 айға дейін реңін, дәмін бұзбай сақтауға мүмкіндік бар. Жалпы азық-түліктің барлық түрі сақталатын болады. Мұздатқыш қойманың жалпы ауданы 47 мың 240 шаршы метрге арналған. Ал тоңазтқыш қойма – 47 мың 740 шаршы метр. Құрғақ қойма – 100 мың 080 шаршы метр, бұдан бөлек кеңсеге т.б., арналған 47 мың 440 шаршы метр бар. Байқасаңыздар, көлемі әрине, аз емес.

Шаһар басшысы Ерлан Айтахановтың айтуынша, сауда-логистика орталығы көршілес елдердің, сосын Шымкентке жақын өңірлердің, яғни Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Алматы т.б. облыстарының да тауар өндірушілері мен өңдеу саласының дамуына оң ықпалын тигізеді.

– Байқап тұрсаңыздар, сауда-логистика орталығы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолының бойында, темір жол да бар, авиатасымалдың да маңызы зор. Бұдан бөлек, бұл орталықтың ерекшелігі – бағаны тұрақтандыру бойынша елеулі рөл атқаратындығы. Қоймадағы қыруар азық-түлік тұрғындардың сұранысын да қамтамасыз етіп, бағаны реттеп отырады, яғни бағаның негізсіз көтерілуінің алдын алады. Әрине, экспорт, импортқа да ерекше назар аударатын боламыз.

Ресейге, Тәжікстанға тағы басқа көрші елдерге, Түркістан облысынан басқа өңірлерге өнімдерімізді жедел тасымалдауға, кедендік рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған. Қазір 92 гектарда жұмыс нәтижесіз емес. Дегенмен құрылысты әлі де жандандыруымыз, яғни өз қуаттылығына сай болуы керек. Себебі, Түркістан облысы да, Шымкент қаласы да ауыл шаруашылығы саласына бағдарланған аймақ. Біздің жергілікті кәсіпкерлерге де ерекше қолдау болмақ. Бұл ретте жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз.

Сондай-ақ, қазір Шымкент қаласының да халқы өсіп жатыр, миллионды қаламыз. Осы орайда қала тұрғындарының азық-түлікке деген сұранысын қамтамасыз етуде орталықтың тигізер пайдасы көп, – деді Ерлан Қуанышұлы.

Жиында шаһар басшысы таяу болашақта 137 гектар аумақта агро-индустрия аймағының құрылысын жүргізу де жоспарда тұрғанын да айтты.

– Алдағы уақытта осы маңайда 137 гектар аумақта агро-индустрия аймағын салу жоспарымызда бар. Онда жылыжайлар, қарқынды бау қолға алынады. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда өңірімізде өндірілген сан түрлі азық-түлік өнімдері мен шикізаттар еш кедергісіз тиісті бағытқа жол тартатын болады. Біздің мақсатымыз – Шымкент қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру. Одан шыққан өнімді қалаға, тұтынушыларға жіберіп, базарлар мен сауда орталықтарына делдалсыз ұсыну, ал қалған өнімді экспортқа бағыттаймыз, – деді қала әкімі.

Бұдан соң Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қаладағы «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысып, онда орналасқан бірқатар өндіріс ошақтарына барды. Сонымен қатар, жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» және «Агро-индустриалды» аймақтардың алдағы даму жоспарын талқылады.

Атап айтқанда, шаһар басшысы «Asia Trafo» трансформатор зауытында, «Бал Текстиль» мен «Назар Текстиль» кілем фабрикаларында, сондай-ақ энергетикалық сусындар мен шырындар шығаратын «Болашақ 7», Azala Cotton және «SHYMKENT TEMIR» ЖШС-да болды.

Аймақтардың жұмысымен танысу барысында қала әкімі алдағы уақытта қосымша инвестиция тарту, тың жобаларды игеру және осында қолға алынған жобалар мен «қарапайым заттар экономикасын» дамыту жайына ерекше тоқталды. Өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу кезінде Ерлан Айтаханов индустриялық-инновциялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған бүгінде өнімдерін экспортқа шығарып отырған бірқатар кәсіпорындарды аралап көрді.

Айта кетсек, қазіргі уақытта Шымкент қаласында сәтті жұмыс істеп келе жатқан «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды аймақтарда 114,6 млрд. теңге болатын 121 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 121 жобаның 67 жобасы іске асырылып, 4,5 мың жұмыс орны құрылған. Ал, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі күнге инвестициялық сомасы 29,5 млрд. теңгені құрайтын жалпы 13 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 1560 жаңа жұмыс орны ашылған.

Жалпы, сегіз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 359,6 млрд теңгені құрап, 20,3 пайызға артқан.

Сапар барысында халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің рөлі басым екенін айтқан қала басшысы жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, қала әкімі халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жұмыстарды күшейтуді, оның ішінде шығарылатын өнім көлемі мен құнына баса назар аударуды тапсырды.

– Қазір елімізде кәсіпкерлік саласын мемлекеттік тұрғыда қолдауға көп көңіл бөлінуде. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау ерекше. Бүгінгі заман - бәсекенің заманы. Кәсіпкерлік тұрғысынан айтсақ, тіршілігі қайнаған Шымкент қаласының әрбір өнімі бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Ең бастысы, қаламызда халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту қажет, – деді қала әкімі.

Суретті түсірген С.ҚОСАЕВ

Последнее изменение Пятница, 27 Сентябрь 2019 03:54
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.