Саусақ бірікпей, ине ілікпейді Избранное

Среда, 02 Октябрь 2019 05:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 324 раз

Жеке кәсіп, ешкімге тәуелсіз уақыт және қыруар табыс – көптің арманы. Дегенмен, сол көптің аз бөлігі ғана ғана немен айналысқысы келетінін нақты біледі. Ал, қалғаны арманындағы кәсіптің жетегінде қалады. Біздің кейіпкерлер өз жолын қиналмай тапқандардың қатарында. Бастысы – үйде отырып-ақ өз кәсібін дөңгелетіп келеді.

Screenshot 20191001 092606

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді» деген ұғым бар. Бұл сөз әйел затының еңбекке ептілігін аңғартса керек-ті. Танымды тарихымызға зер салып қарасақ, қазақ қоғамында небір батыр аналар мен қыздар болған. Бүгінде біздің қоғам сол тектіліктен дарыған аналардан кенде емес. Олардың бір бөлігі көп балалы ана атанып, ел демографиясына үлесін қосса, екіншісі мемлекеттің қолдауымен өз кәсібін көркейтіп отыр. «Қалауын тапсаң қар жанады» дейтін еді мұндайда. Сол кәсіптің көзін тапқандар жайында тарқатып айтсақ...

Оразкүл Абдуразақова өткен жылы «Жұмыспен қамту» орталығының жолдамасымен Шымкент аграрлық колледжінде 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсын кондитер мамандығы бойынша оқып шықты. Көп балалы әрі жұмыссыз ана кәсіптік білімнен бөлек, бағдарламаның екінші бағыты бойынша өз бизнесін бастауға мемлекеттен қайтарымсыз 200 АЕК көлемінде, яғни 505 мың теңге грант алған. Сол барлық қаржыны бизнес бастауға қажет құрал-жабдық алуға жұмсағанын айтады.

– Төрт перзентім бар. Жолдасым жұмыссыз. Тұңғышымыз 3 сыныпта оқыса, ең кенжесі үш жасар. Балаларыма қарайтын адам болмаған соң үйде жұмыс істеуіме тура келеді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грант иегері атанғанымда қатты қуандым. Аталған ақшаға тәтті пісіруге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Әлеуметтік желілерге жарнама беріп, тапсырыс қабылдаймын. Күндіз балаларыма уақыт бөліп, кешкілік тапсырыстарды пісіремін.

Бұйырғаны болып жатыр. Қазір ғана мерекелік тортқа тапсырыс алып, соны дайындауға кіріскелі отырмын, - дейді О.Абдуразақова.

Оразкүл Жолдасқызы мемлекеттік грантқа қол жеткізу арқылы кәсібін ашып қана қоймай, келешекте оны кеңейтуді көздеп отыр. Сондықтан кәсіптік білім алып, сол бағытта өз ісін дөңгелетемін деушілерге әрқашан қолдау бар.

Ал, сұранысқа ие мамандарды қайта даярлайтын қысқа мерзімді курстың тағы бір қатысушысы Муслима Нұрбаева ІІ топтағы мүгедек. Десе де, мүмкіндігі шектеулі жан анасы және жолдасы үшеуі отбасылық бизнесті қолға алып, соны дамыту жолында. Анасынан тігін тігуді үйренгенімен, кәсіптік оқуға тапсырған.

– 3 айлық курсты тігіншілік мамандығы бойынша №5 колледжде оқыдым. Бір ай бойы теорияны үйренсем, қалған 2 айда практика жүзінде мүгедектерге арналған цехта тәжірибеден өттім. Онда төсек-орын жабдықтарын тіктік. Содан болар, көрпе-төсек тігуге бейімделдім. Қазір үш тігін машинасын сатып алдым.

Анамыз екеуіміз тіксек, жолдасым тапсырыстар мен қажетті заттарды жеткізіп беріп отырады. Ұлым – студент. Осылай күн көріп жатырмыз. «Даму» қоры арқылы 10 млн теңгеге дейін аз пайызбен несие алуыма болатынын хабарласып айтты. Соған қажет құжаттарды жинап өткізіп, шағын отбасылық бизнесті дамытсам деймін. Тиыннан теңге құралады, біріміз екі болғанына қуанып жатырмыз, – дейді тігінші.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, кәсіпкер аналар «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалында демеушілердің есебінен алынған тігін машинасы мен тәтті пісіретін пешке қол жеткізіп, қуаныштары еселенгені бар еді. «Көз қорқақ, қол батыр» деген сөзді іспен дәлелдеген аналар отбасы, ошақ қасында жүріп те кәсіптің көзін таба білгеніне іштей қуанып қалдық.

Кәсіптік оқу – заман талабына сай, сұранысқа ие мамандарды қайта даярлайтын қысқа мерзімді курс. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Асылбек Наурызбаевтың айтуынша, еліміздегі индустрияландыру бағытының қарқынды дамуы кәсіптік-техникалық мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Сондықтан Үкімет «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» бірінші бағытында кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауға ерекше ден қойған.

– Биыл бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 2035 адам қаладағы арнаулы орта оқу орындарына, жекеменшік оқу орталықтарына және кәсіпорындардың жанынан ашылған оқу комбинаттарына оқуға жіберіледі. Былтыр олардың саны 1807 адам еді. Олардың 70% жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтылса, қалғандары өз кәсібін ашты. Ал бизнесіңді бастауға мемлекеттен қайтарымсыз 505 мың теңге грант алуға 4500 грант бөлініп отыр, – дейді Асылбек Алдабергенұлы.

P.S

Жалпы, түсінген жанға кәсіптік білім – екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге үлкен мүмкіндік. Мемлекет осылайша жұмыссыз жандардың қолына балық емес, қармақ беріп, сұранысқа ие мамандықтарға баулымақ. Ал сізден керегі – тек әрекет.