Белгілі Американың белгісіз тұстары

Среда, 02 Октябрь 2019 05:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 225 раз

Жуырда Шымкенттегі «Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы Жәнібек Нұрыш АҚШ-қа іс-сапармен барып қайтты. Орта Азия елдерінің бір топ журналисі мұхит асып, CAMEX бағдарламасына қатысты. Осыған орай әріптесімізден іс-сапардан алған әсері жайлы сұрап-білген едік.

Ж 2

–Жәнібек, бұл іс-сапар туралы қайдан білдің?

– Тамыз айында Түркістан қаласында Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының қолдауымен журналистерге смартфонмен видеоконтент жасауды үйрететін аймақтық тренинг ұйымдастырылды. Сонда консулдық өкілдерімен әңгімелесу барысында CAMEX бағдарламасына қатысу мүмкіндігі туралы білдім. Тақырыбы «Фактчек және дезинформация» екен. Ал мен бұған дейін де әлеуметтік желіде фактчек жайында жазып, мысалдар келтіріп жүретінмін. Осылайша қосымша алып жүретін тақырыбым сәйкес келді. Өтініш толтырып, іріктеуден өтіп, Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының қолдауымен АҚШ-қа іс-сапарға аттанып кеттім.

–Жалпы, Орта Азия елдерінен қанша журналист бардыңдар?

–Біздің тобымызда Орталық Азияның Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан барлығы 8 адам болды. Бәрі де өз елінде журналистика, медиа саласында қызмет етеді. 7-18 қыркүйек аралығында екі аптаға жуық созылған сапар барысында бір үйдің баласындай болып кеттік. Ең алдымен 7 қыркүйекте АҚШ астанасы Вашингтон қаласына барып, сондағы қонақ үйге орналасып, осы қалада бес күн болдық. Кейін Миннесота штатының Сент-Пол, Миннеаполис қалаларына, Аризона штатының Феникс, Скотсдейл, Темпе, Меса қалаларына бардық.

–Бұрын өзің жазып жүрген фактчек тақырыбының жаңа тұстарын біле алдың ба?

– Ең бастысы – фактчекинг ұғымы АҚШ-та да өте өзекті болып отыр. Фактчек, дезинформация сөздері соңғы президент сайлауынан кейін тым танымал. Басты білгенім – о жақта фактчекингті университеттерде оқыту тәжірибесі, арнайы курстар жүргізуі, студенттерді фактчекингке университет қабырғасынан баулуы болды. Сондай-ақ, үлкен медиалар да фактчекинг бойынша арнайы бөлім құрып, штат ұстайды. Айтылған мәлімдемені де, тарап жатқан ақпаратты да тексереді. Жалған ақпарат таратудан сақтанады, өйткені жалған ақпарат, тексерілмеген ақпарат тарату – сол медиаға аудиторияның сенімін жоғалтады. Аудитория сенімінен айырылу деген бар абыройдан жұрдай болу ғой.

– Белгілі де беймәлім Америка қалай екен?

–Бір байқағаным – тазалық. Коммуналды қызметтер қай уақытта тазалап үлгеретінін білмеймін, сирек көрдім. Бірақ, көше таза, саябақтар таза, адам жүрер жердің барлығы таза. Меніңше, бұл тек коммуналды қызмет жұмысына емес, ең алдымен, тұрғындардың мәдениетіне байланысты сияқты. Әр адам өз айналасын таза ұстауға тырысады. Қоқысты қоқыс жәшігіне тастайды. Бір көзге түсетіні – шаң жоқ. Спортпен шұғылданып жүрген адам көп.

Қала ішінде кетіп бара жатып, ерсілі-қарсылы жүгіріп бара жатқан ер азаматтарды да, әйелдерді де жиі көресіз. Өзен жағалауы, саябақтар жүгірген адамға толы. Бәрімізде болмаса да көбімізде АҚШ-та семіз адамдар тұрады деген қасаң түсінік бар ғой. Міне, сол түсініктің быт-шыты шықты. Фастфудты көп жейді екен деген де түсінік теріс пе деймін. Сапалы, көкөнісі жемісі көп тағам тұтынатындарды көп көрдім. Америкалықтар салауатты өмір салтын жақсы ұстанады. Гамбургер мен хот-дог секілді жылдам әзірленетін тағамдарды бет қаратпай жей бермейді екен. АҚШ тұрғындарының, сонымен қатар, уақытқа құрметі тіпті ерек. Секунд, минутты есептейді.

–Енді мұхиттың арғы жағынан оқып-түйіп келген білімді қалай жұмсамақ ойың бар?

– Ендігі ойым – бізде фактчекинг, дезинформация, жалпы медиасауаттылық туралы оқу-таныту бағытында көбірек жұмыс істегім келеді. АҚШ-та қоғамдық медиа көп. Осы тәжірибелерді пайдаланып, алғашқы қадамдарды жасағым келеді. Скотсдейл қаласында сондағы қалалық кеңестің отырысына бардық. Бізше айтқанда, қоғамдық кеңес қой. Міне, сондағы отырыстың жүргізілуі, тұрғындардың шағымын тыңдауы, қала мэрінің, яғни әкімінің қатысуы таңғалдырды.

Бізге де керек тәжірибе. Өйткені, отырысқа еш кедергісіз кірдік, ал қала мэрінің қала мэрі екенін бізді алып жүрген аудармашымыз айтпаса, сол күйі білмес едім.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.