Версия для печати

Тапсырмалардың тиянақты орындалуын пысықтады Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2019 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2938 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкентте болды

Шымкент – Орталық Азияның экономикалық жəне мəдени орталығы болуы тиіс! Бұл – миллионды қалаға мегаполис мәртебесін берген Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы. Биыл Елбасы тапсырмасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастырып, Қазақстан Министрлер Кеңесі Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын қабылдады.

 DSC6332

Үкімет басшысы Асқар Мамин тапсырманың орындалуын назарға алып, жұмыс барысын пысықтау мақсатында Шымкент және Түркістан қалаларына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысын Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бастаған жұмысшы топ қарсы алып, жоспарланған нысандарға бастап барды.

Ең әуелі А.Мамин Шымкент қаласына енген «Бадам» (195 орам) тұрғын үй алабының инженерлік инфрақұрылым жағдайымен танысты. Тұрғын алапты сапалы электр жарығымен жабдықтау туралы мектеп мұғалімі Гүлназ Әбдірова «Nur Otan» партиясына жүгінген болатын.

Г.Әбдірованың өтініші жергілікті тұрғындардың көптен бері қозғаған өзекті мәселесі еді. Осыған орай, Премьер-Министр 195 орамдағы үйлерге сапалы электр жарығын тарту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет басшысының тапсырмасымен аталған тұрғын алапта су құбыры және газ желілерін салу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Бұдан кейін Премьер-Министр археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған «Шымкент қалашығын» реставрациялау және музейлендіру жөніндегі «Цитадель» жобасының алаңына барды.

Жобаның тарихи құндылығы бар және ол 2020 жылы «Шымкент – ТМД-ның мәдени елордасы» жылын атап өту аясында тартымды туристік нысан болуға арналған. Мұндағы жұмыстарды зерттеуші, ғалым, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев таныстырды.

– Цитадельді зерттеу барысында қазба жұмыстарынан 8 зеңбірек, жарылған оқ жарықшақтары, құмыралар, түбектер, шырағдандар және әшекейлер мен алтын мен күмістен соғылған ақшалар табылды. Шымкенттің өз мұражайын ашуға жететін дүние қолымызда бар. Енді Цитадельдегі қайта құру жұмыстарын жандандыру керек, – деді Б.Байтанаев.

А.Мамин қала әкімі Е.Айтахановқа және құзырлы мекеме басшыларына Цитадель айналасындағы мемлекет мұқтаждығына алынған жерлерді босату және қайта құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырып, Бауыржан Байтанаевты археологиялық жұмыстардың нәтижесін толық таныстыру үшін жеке қабылдауына шақырды.

цитадель

Сапар барысында Үкімет басшысы Қазақстан нарығымен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан нарықтарына өнімдерін жеткізетін «Зерде-Керамика» керамогранит өндіру зауытына барды. Сонымен қатар, А. Мамин өңірдің тоқыма саласын жандандыру жоспарларымен танысты. Айта кетейік, 2019 жылдың 8 айында Шымкент қаласында өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 359,6 млрд теңгеге жетті.

Өңдеу өнеркәсібі өндірісі 17,8%-ға, оның ішінде химия өнімдері өндірісі 21%-ға, металлургия – 25,9%-ға, мұнай өнімдері өндірісі 31,5%-ға өсті. Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 67,2 мың бірлікке жетті. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,5% құрайды.

Өнеркәсіпті өркендетуге мемлекет тарапынан көмек болатындығын айтқан Үкімет басшысы сағатына 600 жолаушыны өткізуге қабілетті Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының жобасымен де танысты. Оны 2020 жылғы қазанға қарай аяқтау көзделген болатын. Жұмыс сапарының соңында ҚР Премьер-Министрі кешенді жоспарлардың мерзімінде орындалуына орай тапсырмаларды тағы да пысықтады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.