Қазақ пен кәріс өңімен ғана емес, жанымен де ұқсас Избранное

Среда, 09 Октябрь 2019 03:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3805 раз

Шымкенттегі корей этно-мәдени бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясында мерекелік жиын өтіп, кәрістердің Қазақстанға келу тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Корейлердің ұлттық тағамдары, мәдениеті, салт-дәстүрі көпшілік назарына ұсынылды.

 DSC8500

Мерекелік марапаттар

Мерекелік жиында Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқарев, Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов және Қазақстан корейлері ассоциациясының президенті Сергей Огай құттықтау сөз сөйлеп, елдегі этносаралық бірлікті нығайтудың маңыздылығын айтты.

Ал Шымкент қалалық корей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы, қазақша судай ағып сөйлейтін Роза Пак, қиын-қыстау кезеңде барша этностарға пана болған қазақ еліне алғысын жеткізді.

– Сонау қиын заманда, жер аудару жылдары қазақ халқының біздің ата-бабаларымызды ыстық ықыласпен қарсы алғанын алғыспен еске аламыз. Қазақ халқының дархандығының арқасында өсіп-өндік. Бүгінде бірлігі жарасқан, болашағы зор мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан – өз Отанымыз. Ортақ қарашаңырағымыздың дамуына үлес қосып, еліміздің көркеюі үшін аянбай еңбек етеміз,- деді Роза Викторовна.

Салтанатты жиында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға қала әкімінің және қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық мәслихаттың алғыс хаттары тапсырылды. Туған қаласы мен ауданының шаруашылығында тер төккен еңбеккерлерге Қазақстан корейлері ассоциациясының алтын төсбелгісі табысталды.

Елмен етене жақын болып...

Айта кетейік, бүгінде елімізде 100 мыңға жуық корей этносының өкілдері өмір сүреді. Соның ішінде Шымкент қалалық кәріс этно-мәдени бірлестігі өңірдегі 9 мыңнан астам корейлердің басын біріктіріп отыр. Ұйымшылдығымен көзге түсетін бірлестік жанынан ардагерлер алқасы мен жастар қанаты, жексенбілік мектеп, «Моранбон» фольклорлық ансамблі ашылып, сәтті жұмыс істеп келеді.

Жалпы, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында барлық этнос өкілдері бір мақсатқа жұмылдырылып, тілдері мен дәстүрлерінің дамуына толық жағдай жасалған. Соның нәтижесінде еңбекқорлығымен көзге түсетін кәріс өкілдері де туған тілі мен ұлттық салт-дәстүрін ұмытпай, атадан балаға жалғап келеді. Әр отбасында сонау жер аудару кезеңінен қалған ауыр естеліктер бар.

Солардың бірін есіне алған Вячеслав Когай ақсақал бір сәтке үнсіз қалды. Әкесі – Александр Когайды Кеңес билігі Жезқазған кеніне жұмысқа жібереді. Тау инженері содан бірер жылдан кейін Қиыр Шығыстағы отбасын Қазақстанға алып келуге жолға шыққан екен.

Вячеслав Александрович 1

– Әкем еліне жете бергенде Сталиннің үкімімен кәрістерді бірден көшіру басталып, жас маман да сол дүрмекке тап болады. Вагон-вагон халықпен бірге Қызылорда қаласынан түсірілген Александрдан 2 жылға дейін хабар болмайды. Дегенмен, соғыс қарсаңында мұндай білікті инженерлер өндіріске қажет еді. Іздестіріп жүріп, әкем 1939 жылы табылады. Сол жылы отбасын тауып, қосылады, - дейді Вячеслав Александрович.

Зейнеткердің өзі 1943 жылы Қызылорда облысындағы Тереңөзекте дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Алматыда жоғарғы оқу орнын тәмамдап, байланыс технигі мамандығын игеріп шығады. Үш жыл әскери борышын өтеп, 1966 жылы жолдамамен Шымкентке келеді. Осында үйленіп, үйлі-баранды болады.

– Жолдастарымның көбісі қазақтар. Басқосу, жиындарда қазақша, орысша еркін сөйлесе береміз. Адал еңбегімнің нәтижесінде достарымның арасында сыйлы болдым. Өзім де жолдастарымды құрметтеймін. Ал жалпы, Қазақстанға күштеп көшірілген барлық этнос өкілдері Құдай қолдап, қазақ халқының қамқорлығының, бауырмалдығы мен кең пейілінің арқасында өсіп-өнді. Сол үшін де қазақ халқына рақмет айтамыз. Отбасымызда сол бір жылдардың зобалаңы мен қазақ халқының бауырмалдығы туралы үнемі айтып отырамыз. Қыз алысып, берісіп, жегжат та болып кеттік, – дейді зейнеткер.
Вячеслав Александрович жасы 76-ға келгеніне қарамастан әлі тың. Әңгімелесіп отырған сәтімізде 3 адам келіп, амандасып кетті. Телефон нөмірін алып, ине салдыруға келетіндерін айтты. Менің таңданысты, әрі сұраулы жүзімді байқаған қария әңгімені өзі бастап, екінші мамандық иесі атанғанын айтты.
– 80-жылдардың басында Ташкент медицина институтын тәмамдадым. Мануальды терапия мамандығын игеріп шықтым. Шүкір, қазір еңбегімнің жемісін көріп, халыққа қызмет етудемін. Дертке шалдыққандарды инемен емдеймін, – деген зейнеткер жастарға да ақыл-кеңесін жеткізді.
– Жастарға айтарым – білім алыңдар, тіл біліңдер. Білімді адам – өседі, өнеді. Еліне қызмет етеді. Неғұрлым көп тіл білсеңдер, соғұрлым көпшіл боласыңдар, білімді боласыңдар. Ал туған тілді ешқашан ұмытуға болмайды. Ол – сенің тамырың, – деп сөзін аяқтаған Вячеслав Александрович таяғына жеңіл сүйеніп, өзін күтіп тұрған ұлына қарай адымдар бара жатты...

Қазақша судай таза сөйлейтін жігіт

Қария айтқан білімді жастардың бірі – Тимур Пак. Шымкенттегі №88 мектептің мұғалімі бірнеше тілді меңгерген. Соның ішінде қазақ тіліне судай ағып тұр. Мектеп пен жоғарғы оқу орнын қазақша тәмамдап, қазақ мектебінде дәріс береді.

Тимур Пак

– Өзім Шардарада туып, Мақтаарал ауданы, Қызылқұм ауылында өстім. Нағыз қазақтың қаймағы бұзылмаған өңірденмін, – деп күледі Тимур.

Замандасымыз қазір балаларға дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Айтуынша, мектебінде корей ұлтынан жалғыз өзі. Дегенмен, өзін ешқашан жалғыз сезінбегенін, бүкіл мектеп ұжымындағы түрлі ұлттың өкілдері бір отбасы мүшелеріндей тату-тәтті еңбек етіп келе жатқанын айтады.

Қазақ тілін жай меңгеріп қоймай, түрлі жетістіктерге жеткен. Соның бірі – «Тілі бірдің тілегі бір» атты республикалық форумда Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқып, Демьян деген досы екеуі бас жүлдені жеңіп алған.

-Абайдың жыры, Абайдың мұңы, Абайдың сөзі тек қазақ халқының ғана емес, жалпы қоғамның көкейтесті мәселесін, адамзаттың арманы мен мақсатын көздеген үн деп түсінемін. Ол сонысымен де мәңгілік, – дейді Тимур Пак.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.