Жылуға қарыз жоқ. Cуға сұрау көп Избранное

Пятница, 11 Октябрь 2019 04:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1213 раз

2019 жылы Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 12 нысанның жобасын ұсынса, соның екеуі қолдау тапты. Оның бірі Ақжар елдімекеніне республикалық бюджеттен 223,6 млн теңге, ал жергілікті бюджеттен Достық елдімекеніне 200 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы аталған басқарма басшысы Алтай Әлі БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте мәлімдеді.

509

 

Алтай Сембекұлы қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жыл басынан бері атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы жылу маусымына дайындық туралы баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, қала тұрғындарының жылуға қарызы аз ғана, маусымды қарызсыз бастаймыз деуге де болады. Ал табиғи газ тапшылығы АГРС-3 құрылысын қолға алмайынша өзекті болып қала бермек. Ал қала аумағына енген 41 елдімекенде коммуналдық сұрақтар көп. Соның бірі – ауызсу мәселесі.
– Биыл басқарма 12 нысанның құрылысына 3,3 млрд теңгеге өтінім беріп, оның екеуі мақұлданды. Ақжар елдімекеніне ауызсу тарту жұмыстарын республикалық бюджет қаржыландырса, Достыққа жергілікті бюджеттің қолдауымен ауызсу берілетін болды. Қалған 10 нысанның 7-уіне жобалау-сметалық құжаттама дайын. Бұдан өзге, жергілікті бюджеттен бөлінген 341,8 млн теңгеге 4 шағынауданның ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді А.Әлі.
Басқарма басшысы қала тұрғындарынан түсетін арыз-шағымдардың 80%-ы қоқысқа байланысты екенін айтты.

501


– Басқарма қаладағы үлкен көшелер, саябақтардың, скверлердің тазалығына жауапты. Ал ішкі орамдар мен аула тазалығын аудан әкімдіктері қадағалайды. Себебі, ондағы мердігерді де аудан анықтайды, жергілікті тұрғындармен де тығыз байланыс жасайтын аудандық әкімдік қызметкерлері. Осы тұста айта кететін бір мәселе, біз экологиялық мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Бұл – басқарманың немесе басқа да ұжымның жауапкершілігіне кіретін шаруа емес, бұған қала тұрғындары жаппай жанашырлықпен қарағаны жөн. Мысалы, біздің аулаларда тұрған қоқыс жәшіктері құрылыс қалдықтарына арналмаған. Ал кейбір тұрғындар бетон, кірпіш сынықтарын сол жәшікке салады. Артық салмақты көтере алмай дөңгелегі сынады, майысады, – дейді Алтай Сембекұлы.
Ауыз толтырып айтуға болатын жұмыстар орталық кәріз жүйесін жүргізу барысында орын алған. Яғни, қазіргі таңда Шымкент қаласының 49,1%-ы кәріз жүйесімен қамтылды. Бұл 496,4 мың адамға көрсетілетін қызмет.
Мегаполис тұрғындарының 91,2%-ы сапалы электр жарығымен қамтылған, ал 8,8%-ы сапасы төмен және қосымша жөндеуді талап ететін электр желілерін пайдалануда.
Бұл қала шаруашылығының тұрғындары үшін маңызды бөлігі ғана. Ал басқарма қаладағы саялы орындардың тазалығы мен мерекелік безендіру, қысқы маусымдағы ирригациялық жүйенің тазалығы, ескерткіштердің күтімі, қалпына келтіру жұмыстары мен екі маусым гүл отырғызу сынды қала көркін еселеуге де жауапты. Айтпақшы, Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы биыл қала аумағына енген елдімекендер мен тұрғын алаптарға 160 аялдама орнатты.
Басқарма Шымкент қаласының 2019-2023 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес алда бірқатар жобаны қолға алмақ. Басқарма басшысы жаңа бастамаларды алдағы уақытта таныстыратынын айтты.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.