Ұлтын сүйген Сұлтанбек Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2019 05:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 159 раз

1925жылдың ортасында РКП(б) Орталық Комитеті Қазақстанға партиялық басшылыққа Голощекинді тағайындады. Бұл кезде Қазақстанда көптеген күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелер өз шешімін тауып үлгермеген еді.

504

 

Олардың ішінде ең негізгісі, әрине, жер мәселесі болатын. Ескі биліктің жерге қоныстандыру саясаты нәтижесінде жергілікті халыққа жасалған қиянат әлі жойыла қойған жоқ еді. Оны шешуге кіріскен жаңа билік алдынан көптеген күрделі кедергілер шықты. Мәселен, бұрын жер үлесін алуда патша әкімшілігі берген түрлі артықшылықтарды иемденіп үйренген переселендер жер-суды қайта бөлісуге құлық таныта қоймады, тіптен қарсылық та көрсетті, оның үстіне революциядан кейін де ішкі Ресейден Қазақстанға жер үшін қоныс аударушылар легі толастамады. Бұл жағдай өз ретінде онсыз да күрделі ұлтаралық қатынасқа әсер етпей қоймады.
Өлкедегі толғағы жеткен мәселелерді шеше алатын, жергілікті халыққа түсінікті және жақын кеңестік мемлекеттік аппарат жаңадан баяу қалыптасып келе жатты. Оған кедергілер де аз болмады. Мәселен, жаңа әкімшілік жұмысына тартуға жарайтын, жергілікті халық арасынан шыққан, даярлығы бар адамдар тым аз еді, ал әкімшілік орындарына еніп алған шовинистік пиғылдағы қызметкерлер жаңа биліктің жергілікті халықтың талап-тілегіне сай жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Аяқтан шалып, етектен басып отырды.
Ұлттық республикалар мен облыс басшыларымен өткізілген ІV кеңесте (1923 ж) сөйлеген сөзінде И.Сталин: «Одақтас республикалар халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастық сезімін ірітетін шовинистік элементтерден мекемелерді тазарту керек. Мұндай элементтер Москвадағы, сондай-ақ, республикалардағы біздің мекемелерде болуға тиіс емес және республикалардағы мемлекеттік мекемелердің басына жергілікті адамдарды, елдің тілі мен салтын білетіндерді қою керек», - деп, өмір талабынан туған ойды айтқан еді. Өз ойын дәлелдей түсу үшін ол Қазақстанда болған мынадай жағдайға тоқталды: «Менің есімде, осыдан екі жыл бұрын Қырғыз республикасында Халком Кеңесі Төрағасы болып қырғыз тілін білмейтін Пестковский істеді. Бұл жағдайда сол кездің өзінде-ақ Қырғыз республикасының үкіметі мен қырғыз шаруалар бұқарасы арақатынасын нығайту ісінде өлшеусіз үлкен қиындықтар туғызды. Сондықтан да партия Қырғыз республикасы Халкомы кеңесі төрағасының қырғыз болуына қол жеткізді».
Жалпы орынды айтылған бұл пікірдің анықтай түсетін жақтары да бар. Мәселен, С.С.Пестковский Сталин көрсеткен мезгілде
Қазақстанда Халком Кеңесі Төрағасы емес, РКП(б) Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросы Президиумының Төрағасы (1920 ж) қызметінде істеді. Сондай-ақ, осы мезгілдің өзінде-ақ іс жүзінде саяси билік Халком Кеңесі Төрағасы қолында емес, Киробкомның бірінші хатшылары (Пестковскийден соң Коростелев, Нанейшвили) қолында шоғырланды. Шаруашылықтың әлеуметтік және саяси дамудың негізгі бағыттары мен әдістерін солар анықтап отырды. Міне, сондықтан да жоғарыда Сталин сөзінде келтірген республикаларды басқару принципі Қазақстанда сол күйінде жүзеге асырылды деп айту қиын. Өйткені, біріншіден, республикада саяси билікті қолына шоғырландырған өлкелік партия комитетінің жауапты хатшылары орталықтан, жергілікті коммунистердің келісімінсіз жіберіліп отырса, екіншіден, олар республикадағы стратегиялық мәселелерді шешуде орталықтың нұсқауларына үстемдік беріп, жергілікті ерекшеліктер мен мүдделерді өз дәрежесінде бағалай алмады және сондай болуы заңды да еді.
Қазақстандағы саяси ахуалға Орталықтың білек сыбана араласуына жол ашып берген себептердің бірі және бірегейі – ұлттық интеллигенция арасындағы өзара алауыздық. Сыртқы түрі рушылдық, жершілдік сияқты феодалдық сипат алған бұл топ аралық күрестің түптеп келгенде негізінде қызмет үшін талас жатқан болатын. Өкінішке қарай, құжаттардың көрсетуіне қарағанда, топ аралық күрестің өршіп отыруына ресми орындар да түрткі болған. Ол туралы бұрын Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде болған С.Қожанұлы 1927 жылы Өлкелік Комитетке жолдаған хатында: «Ежов пен Нанейшвили жолдастар бұл туралы көп нәрсе айта алар еді. Өйткені, олардың басшылық ықпалы негізінен топ аралық қатынастарды есепке алу, топтардың ара салмағын теңестіріп отыру саясатына құрылды. Ал мен топтарға заңды сипат беруге қарсы тұрдым...» - деп көрсетті. Бұл жағдай, біріншіден, жергілікті халықты күнделікті мәселелерді өз уағында қойып, шешіп отыру мүмкіншілігінен айырса, екіншіден, Орталықтың қазақ республикасының өзін-өзі басқару қабілетіне деген сенімін төмендетті.
Сол тұста әзірге Орталық Комитеттің Орта Азиялық Бюросының мүшесі Сұлтанбек Қожанұлы Ташкенттен 1924 жылы қазанда Сталинге жолдаған хатында Қазақстанда қалыптасқан саяси жағдайға талдау жасай келіп: «...Қырғызстандағы партия-совет кадрларының одан әрі ыдырауын тоқтату және тоқырау ахуалынан сауықтыру үшін ең алдымен БКП(б) Орталық комитетінің өзінің тікелей басшылық жасауымен табанды партиялық режим орнату керек» деген пікірін білдірді. Қайсыбір мәселелерге байланысты тым біржақтылығына қарамастан, қазақ басшыларының өз арақатынасына байланысты хатта айтылған пікірдің негізінде ащы шындық жатыр еді.
Міне, осындай жағдайда Қазақстандағы саяси басшылыққа Филипп Исаевич
Голощекинді жіберу туралы шешім қабылданды. Саяси Бюроның, Сталиннің Голощекинге тоқталуы, әрине, кездейсоқ емес-ті. Голощекин жас жағынан өмірлік тәжірибесі жағынан да партияның ескі буынына жататын. Революциядан кейін көпұлтты Оралда, Орта Азияда жауапты қызметтер атқарған. Сталин мен оның төңірегіндегілер үшін Голощекин табиғатындағы аса елеулі ерекшеліктерінің бірі – оның орталықтан алған директивалық нұсқауларды бұлжытпай, тіптен, реті келсе асыра орындауға тырысуында еді. Бұл қасиет мәселенің екінші жағына, яғни творчестволық бастамаларға соққы болып тиюі мүмкін екенін ол есепке ала бермейтін. Терең теориялық даярлықтың жоқтығы, өзінде де толық анық емес, бірақ сырттан қарағанда қайшылықсыз идеяларға соқыр сеніммен берілу және оларды қайда, қандай жағдайда болмасын жүзеге асыруға даярлық – қайраткер ретінде Ф.И.Голощекиннің бойындағы негізгі қасиеттер осылар еді. Қазақстандағы қызметінде ол өзінің бұл қырын толық ашып көрсетіп берді. Бірер мысал келтірейік.
Голощекин Қазақстанға қызметке келгеннен кейін көп ұзамай Бюро отырысында сол жылғы желтоқсанда өтпек V өлкелік партия конференциясы қарарының жобасы талқыланды. Пікір алысу барысында Өлкелік Комитетінің екінші хатшысы Ежов қарарға «V Бүкіл-қазақстандық партия конференциясы Өлкелік Комитеттің саяси бағытын қолдайды» деген қосымшаны ендіруді ұсынды. Голощекин осыған байланысты пікірін білдіріп: «Бұл ұсынысқа мен үзілді-кесілді қарсымын. Жалпы айтуға сөз таппағанда «саяси бағыт дұрыс», «саяси бағыт қуатталсын» сияқты сөздер айтылады. Мен біздің саяси бағыт партияның Орталық Комитетінің бағыты деп санаймын. Біздің басқа ешқандай да саяси бағытымыз жоқ...» - деген болатын. Өлкелік партия комитетінің жергілікті ерекшеліктерге негізделген өз саяси бағытының жоқтығы, оның салдары бүкілхалықтық апатқа ұрындыру әбден мүмкін екенін ол 1932 жылға дейін де, одан кейін де толық түсіне алмады.
Ф.И.Голощекин сияқты тәжірибелі, айлалы және қатыгез саясаткердің Қазақстанға жіберілуінің тағы бір себебі бар еді. Ол қазақ ұлттық интеллигенциясына қатысты. Қазан революциясы қарсаңында да және одан кейінгі кезеңде де өзінің сан жағынан аздығына қарамастан қазақ интеллигенциясы белсенді саяси позициясымен ескі империя көлемінде көзге түсіп қалған еді. Антиимпериалистік, отаршылдыққа қарсы қуатты Алаш қозғалысының қалыптасуы, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің пайда болуы ұлыдержавалық күштерге де, большевиктерге де ұнай қойған жоқ. Алашорда үкіметі жойылып, алаш қозғалысына қатынасқандарға кешірім жарияланғаннан кейін де партияда жоқ қазақ интеллигенциясы мен Кеңес билігі арасында көптеген түсініксіз жағдайлар орын алды. Әсіресе, Кеңес өкіметі партияда жоқ ұлттық интеллигенцияға сенімділік танытып, оны басқару ісіне, мемлекеттік, қоғамдық құрылысқа кеңірек тартуға бармады. Рас, алғашқы кезеңде, яғни 1921-1925 жылдары Алаш интеллигенциясына қатынастың біршама жұмсақтығын байқауға болады. Мәселен, 1921 жылы мамыр және маусым айларында өткен І Жалпықазақтық партия конференциясында обком басшыларының бірі Авдеев Алаш қозғалысына атсалысқан қазақ интеллигенттерін қызметке тартуға қарсы болғандарға жауап беріп: «Қырғыз интеллигенциясының сегізінің жетісі – алашордалықтар. Осыған орай обком алдында бұл интеллигенцияны ығыстырып тастап, іске қырғыз кедейлерін тарту мәселесі тұрды. Бір жағынан алашордалықтарға өткен жылы-ақ ресми кешірім жарияланған, екінші жағынан – Қырғызстанда сауатсыздық 97 пайыз, ал егер алашордалықтарды есептен шығарсақ, онда сауаттылардың үлесі 9 пайызға кеми түседі. Қажеттілікке байланысты, бұрынғы партиялығы мен белсенділігін есепке ала отырып, көптеген оқығандарды жұмысқа тартуға тура келді» - деп көрсеткен болатын.
Жалпы бұл тарихи кезеңде Алаш қозғалысына қатынасқан интеллигенцияның қоғамдық-саяси рөлін тура түсінген партия мүшелері аз болған жоқ. Солардың ортақ пікірін білдіре келіп Авдеев былай деген еді: «...Конференция артта қалған, мәдениетсіз ұлттың арасында жұмыс істеу ерекшелігіне назар аударуы керек. Олардың өміріне араласуға немесе жақындасуға бағытталған кішкене ғана әрекетті қырғыздар бақылау ретінде қабылдап отыр; орыстарға сенімсіздік терең тамыр жайған және ол ұзаққа жойылмайды. Сондықтан жүрдім-бардым тұжырымдар жасап, бір жаққа бұра тарту дұрыс емес».
Алаштық интеллигенцияға қатынастың сапалы өзгеріске ұшырауы 1925 жылдан басталады. Осы жылы РКП(б) Орталық Комитеті екі мәрте арнайы қазақ баспасөзі туралы мәселе қарап, нақты шешімдер қабылдады. Сол екі талқылауда да Қазақстандағы қазақ баспасөзіне партияда жоқ интеллигенцияның ықпалы негізгі тақырыптардың бірі болды. Мәселен, 1925 жылы 2 наурызда РКП(б) Орталық Комитетінің Секретариаты «Қырғыз баспасөзінің жағдайы және оны жетілдіре түсу шаралары туралы» мәселе карап, қарарында «а) Киробком және жергілікті партия ұйымдары тарапынан мерзімді баспасөзді басқару жеткіліксіз болып отыр; б) қайсыбір мерзімді басылымдардың («Ақжол», «Сана», «Тілші») саяси бағытын анықтауда ұлтшыл партияда жоқ интеллигенцияның ықпалы бар», - деп көрсетілді.
Бұл нұсқау негізінен үш нәтижемен аяқталды: біріншіден, Ә.Бөкейхан бастаған бір топ алаштық интеллигенция осы жылы-ақ баспа орындарындағы қызметтерінен босатылды, екіншіден, сынға ұшыраған қазақ тілінде шығатын мерзімді басылымдардың біразы жабылды, үшіншіден, барлық дәрежедегі мерзімді басылым, кітап шығару ісі үстінен қуатты партиялық бақылау орнады, газет-журналдар алдымен партиялық позицияны білдіруге, жүргізуге тиісті болды.
Дегенмен, Қазақ Өлкелік Комитеті мен Алаш интеллигенциясы арасын шиеленістіріп жіберген Сталиннің 1925жылы 29 мамырда БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті бюро мүшелеріне «Ақжол» газетінің бағытына байланысты жолдаған хаты болды. Хат екі бөлімнен тұрды. Оның алғашқы жартысында «көсем» өзінің «Ақжол» материалдармен танысқанын, олардың ақ гвардияшылар басылымында жарық көрген
М.Шоқайұлының еңбектерімен рухани сабақтастықта екенін, «Ақжол» сыны жай сын емес, Кеңес шындығының Шоқайұлы сияқты оппоненттеріне көмектесетін зілі бар сын екенін айтып, «мынадай сынға Советтер елінде орын болуға тиіс емес», деп қорытады.
Хаттың екінші бөлігінде Сталин партияда жоқ қазақ интеллигенттеріне партияның Қазақ Өлкелік Комитетінің қатынасы қандай болу керегіне кеңірек тоқталды. Принциптік маңызы болғандықтан, хаттың осы бөлігін толығырақ оқып көрейік: «Мен партияда жоқ интеллигенттерді кеңес жұмысына тартуды толық қолдаймын. Егіншілік халкомы, ХШК кооперациясы және басқа шаруашылық орындары бұл адамдарды астыртын кеңестендіріп, мүмкіншілігінше кеңірек пайдалануы керек. Мен, сондай-ақ, партияда жоқ интеллигенттерді қырғыз мәдениетін өркендету ісіне тарту жағындамын. Қырғыз тілінде оқулықтар даярлау – бұл адамдарды мәдениет саласында пайдаланудың негізгі жолы. Бірақ мен партияда жоқ интеллигенттердің саяси және идеологиялық тәрбиелеумен айналысуына қарсымын. Біз билікті жастармен саяси және идеологиялық жұмысты буржуазиялық партияда жоқ интеллигенттерге беріп қою үшін алғамыз жоқ. Бұл майдан бөліп-жарусыз түгелімен коммунистердің үлесіне берілуге тиіс. Ондай етпейінше Шоқаевтардың Қырғызстанда жеңуі ақиқатқа айналуы мүмкін. Ал бұл коммунизмнің Қырғызстандағы идеологиялық және саяси күйреуімен тең».
Сталиннің жұмыс стилімен жақсы таныс адам хат авторының неге меңзеп отырғанын бірден аңғаратын еді. Қазақстан жағдайында бұл партияда жоқ интеллигенцияны, ең алдымен, Алаш қозғалысына қатыстыларын мүмкіндігінше шектеу, қоғамдық процестерге ықпалын болдырмау еді. Ф.И.Голощекин хаттың астарын өзінше түсінді. Соған сай партияда жоқ, анығырақ айтқанда «буржуазиялық ұлтшылдарды» оқшаулаудың өз жоспарын жасап, әдістерін анықтап, оны жүйелі түрде іске асыруға тырысты. Шынын айту керек, бұл әрекетте ол әміршіл-әкімшіл жүйенің қолдауына сүйене отырып, біраз «жетістіктерге» жетті де.
Өз ретінде Сталин де  Голощекиннің «буржуазиялық ұлтшыл» немесе «алашшыл» интеллигенциямен күресті сәтті жүргізе отырып Қазақстанда жаңа қоғам құруға жол аша алатынына сенді. Өйткені, бұл екеуі партиялық иерархияда бірі басшы, ал екіншісі оған бағынышты ғана емес, сонымен бірге олардың саяси мәселелерді түсіну және оларды іске асыру қимыл-әрекеттерінде, әдістерінде ұқсастықтар бар еді. Екеуі де күрделі экономикалық әдістер мен құралдарға сүйену емес, саяси, саяси күштеу жолдарына, саяси күрестің ең әділетсіз және дөрекі түрлеріне бейімділігімен көзге түсті.
Ф.И.Голощекин Қазақ Өлкелік Комитеттің жауапты хатшысы болып тамыз айында бекітілгенімен, Қызылордағa қыркүйек айында келіп, сол айдың 13-інде өлкелік партия комитетінің бюросын өзі өткізді. Бұл Одақ көлеміндегідей Қазақстанда да Өлкелік Комитетінің бар билікті өз қолына шоғырландырған кезі болатын. Сондықтан Қазақстанда Голощекинді, әрине, бірінші басшы есебінде қабылдады. Сондай-ақ, оның бекітілуін саясаттан хабардар қауым біржақты, түсінушілікпен қабылдады деп айту қиын. Қазақстанда бұрын істемеген, республика өмірімен, жергілікті халықтың тарих, салт-дәстүрінен мүлдем хабарсыз адамның басшылыққа келуін ұлттық интеллигенцияның алдыңғы, белсенді тобы құптай қоймады. Өйткені, ғасырлар бойы отарлық езгіде келе жатқан елдің революция жеңісінен кейін, бір жағынан, егеменді автономия жариялауы, ал екінші жағынан, оған бірінші басшы ретінде басқа ұлт өкілінің жіберілуі, ол басшының жергілікті халықтың ешқандай ықтиярынсыз орталықтан бекітілуі өзара үйлесе бермейтін ұғымдар еді. Соның нәтижесінде интеллигенция арасында, ең алдымен, республикалық басшылықта жүргендерінің ортасында түрлі қарама-қарсы пікірлердің таралуы да негізсіз емес-тін. Бірақ, Орталық Комитеттің шешіміне қарсы ашықтан-ашық наразылықтың, қандай да болмасын әрекеттердің бой көрсетпегені анық.
Голощекин бейтаныс өлкеге, оның басшы қайраткерлеріне алғашқы кезеңде сезіктене қарады. Тіптен, көп ұзамай республикалық басшылық арасынан өзінің қарсыластарын анықтап та үлгерді. Олардың басшы тобына ол сол тұстағы ең белсенді және азаматтық позициясы бар партия және кеңес қайраткерлері
С.Қожанұлы, С.Сәдуақасұлы және Ж.Мыңбайұлдарын жатқызып, оларды «августік блок» деп атады. Голощекиннің жорамалы бойынша бұл топтың артында алаштық, ұлтшыл интеллигенция тұрды. Сондықтан қазақ халқын социализм жолына алып шығу әрекетін алдымен осы топты ығыстырудан бастау туралы тұжырым жасалды.
Ал іс жүзінде «блок» туралы сөз жауапты хатшының өзі таратқан лақап қана еді. Оны кейінірек аталған қайраткерлердің бәрі де дәлелдеп берді. Мәселен,
С.Қожанұлы 1925 жылы ақпанда Өлкелік Комитетке жолдаған хатында мынадай деп көрсеткен болатын: «Голощекин таратқан «августік блок» туралы қауесетке байланысты мынаны мәлімдеймін: Сәдуақасұлы пен Мыңбаев және менің арамызда одақ емес келісім сөздер де болған емес. Сәдуақасұлы жолдаспен 1925 жылдың қарашасында суық ажырасқаннан бергі бір жыл ішінде кездескен жоқпын, ал Мыңбаевқа байланысты айтсам, қазақ шындығынан жақсы хабардар адам ретінде оған да, өзіме де залалын тигізер өсек сөздерге ерік бермес үшін, сөйлесуден қаштым».

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ
тарих ғылымдарының докторы

(Жалғасы келесі нөмірде)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.