Версия для печати

"Жаңғыруды даурығуға айналдыруға болмайды" Избранное

Пятница, 18 Октябрь 2019 05:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2759 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мазмұн ауқымдылығымен, идеологиялық маңыздылығымен құнды. Ауқымды жоба, стратегиялық құжат елдігімізді танытты. Тарихымыз бен руханиятымыздың бойына қан жүгіртті. Атамұра өнеріміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Білім көкжиегімізді кеңейтті. Ұлттық құндылық ұлттық идеологияға айналды. Аз ғана уақытта көп іс еңсерілді. Ауқымды жобалар мен бағдарламалар жүзеге асты. «Рухани жаңғыру» ұғымын қалай түсінеміз? «100 оқулық», «100 жаңа есім» жобасы елге не береді? Бұл сауалдардың бірқатар жауабын Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаевамен болған сұхбаттан біле аласыздар.

505

 

– Зәуре Әбдіхамитқызы, «Рухани жаңғыру» ұғымын сіз қалай түсінесіз? Бұл бағдарлама қазақ ұлтына ғана қатысты ма, әлде жалпы қоғамды жаңғыртуды көздей ме?

– Бұл – тарихи маңызы бар рухани дүние. Дамыған елдерде руханият алдыңғы орында тұрады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғалы екі жыл болды. Мақалада атап көрсетілген қағидаттар кеңінен талқыланып, оны жүзеге асыру жолдары айқындалды. Бағдарлама мен үлкен жобалар жасалды. Қазір әр бағыт бойынша игі істер атқарылып жатыр. Оған халық куә.
Ал «жаңғыру» дегенді қалай түсінеміз? Қарапайым тілмен айтқанда, бар дүние ғана жаңғырады. Яғни рухани жаңғыру – өзіңді іздеу. Сан ғасырлық тарихи тамырыңды, туған өлкеңді білу, ұланғайыр жердің қыр-сырын, тылсым құпияларын тану, білім-ғылымды игеру.
Осы орайда «Рухани жаңғыру» аясында Елбасы тапсырмасымен «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» жобалары жүзеге асуда. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл латын графикасына көшкелі отыр. Бұл өз кезегінде азаматтарымыздың ой-өрісін жаңғыртады. Тілге деген құрметін арттырады.
Дегенмен, көпшілік «Рухани жаңғыруды» киелі орындарды түгендеу деп қабылдайды. Жалпы, бұл тақырып қазаққа жат емес. Себебі аруақ сыйлап, батыр бабаларымыздың ерлігін дәріптеген ұрпақпыз. Президент ұлттық код мәселесін ашық айтты. Тамырдың тарихтан бастау алуы керегін, жас ұрпақ кешегіні білмесе, ертеңі бұлыңғыр екенін меңзеді. Демек, рухани дүние іс-шарамен шектелмейді. Концерт беріп, көрме ұйымдастырудан, спорт жарысын өткізуден ғана тұрмайды. Болмаса құс эмблемасын іліп, сол рухани жаңғыру десек, қателесеміз. Ашығын айтқанда күнделікті жасалатын ұсақ-түйек жұмысты бағдарламаға енгізе берсек, ұтыламыз.
Қайта жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа бастамаларға көзқарасты өзгертіп, бір ізді жаттандылықтан арылуымыз қажет. Қазақтың жаңаша өмір сүретін, жаңаратын кезі келді. Яғни «Рухани жаңғыру» - ауқымды жоба, даурығу емес.

– Түсінікті. Осы екі жылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қаламызға қандай жаңалықтарымен кірді? Осы бағдарлама барысында, мысалы, туризмді дамытудың қандай мүмкіндіктері қарастырылуда?

– «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ашылғанына көп болған жоқ. Соған қарамастан, ауқымды іс-шаралар өткізілді. Мемлекет басшысының қолдауымен «Өлкетану» бағытында қасиетті орындар, яғни сакралды жерлер анықталды. Шымкент қаласы аумағында 15 киелі орын бар. Оның 7-уі – Сайрам қаласының аумағында орналасқан Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баба, Әбділазиз баб, Қызыр мұнарасы және Испаиджаб қалашығы. Сондай-ақ, қаламызда архитектуралық сәулеті ерекше 7 орын бар. Олар – Металлургтер саябағы, Никольский шіркеуі, теміржол вокзалының маңында XIX ғасырда салынған үй, көнеден келе жатқан мектеп ғимараты. Қазір тарихи және киелі орындарға QR-кодтар жасалуда. 15 орындәлемге таныту мақсатында
Қазақстанның сакралды жерлер тізімі географиясына енгізілді. Анықтамалықтар жасалып, экскурсия кітабы шығарылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға туристік бағыттарды белгілеу мақсатында аудиогидтер орналастырылуда. Мұнан бөлек, Шымкентте 5,6,7 сыныптарға арналған «Өлкетану» және «Өлкетану хрестоматиясы» оқулықтары жаңа оқу жылынан бастап оқу процесіне енгізілді. Оған бюджеттен 124 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Енді мұғалімдер Шымқаланың көрікті жерлеріне, тарихи орындарына, архитектуралық сәулеті ерекше орындарына барып, дәрістер береді.

– «Рухани жаңғыру» – екі жылда толық атқарылатын бағдарлама емес. Келесі кезеңде қандай жұмыстар күтіп тұр?

– Дұрыс айтасыз, екі жылда толық рухани жаңғырдық десек, қателесеміз. Бұл – өміршең бағдарлама. Мемлекетіміздің, ұлтымыздың идеологиясы болғандықтан ұлттық кодты сақтау үшін жұмыс жүргізіле береді. Биыл мамыр айында қаламызда «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы негізінде «Ұлы Дала хикаялары» атты өнер туындыларының жылжымалы көрмесі ашылды. Бұрын Шымкентте «Қызыл трактор» деп аталған өнер азаматтарының тобы бар болатын. Сол кісілердің ұмыт болған туындыларын осы көрмеде жаңаша бағытта дамытуға мүмкіндік жасалды. Республикалық және жергілікті суретшілердің қолдауымен Австрия, Венгрия секілді шетелдерден өнер иелері келді. Олар қазақстандық суретшілердің графика, дизайн жұмыстарын тамашалады. Әсіресе, киізден жасалған ат мүсініне шетелдіктер қатты қызықты. Міне, бұл – әлемдегі қазақстандық мәдениеттің айқын көрінісі. Бұдан сурет өнеріндегі ілгерілеушілікті байқауға болады. Осылай жаңару арқылы керемет жобалар жүзеге аса береді.

– Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде қандай тың жобалар қолға алынуда? Жалпы «рухани жаңғыру» деген ұғым ой-санамызды қаншалықты өзгертті?

– Аға буын идеологиямызды әлсіретіп алғанымызды айтады. Дәстүрімізден ажырап бара жатырмыз деген пікірді көп естимін. Бұл сөздің жаны бар. Кейбіреулер рухани жаңғыруды әлі түсінбейді. Қолөнер бұйымдарын қоюмен, картина, суреттерді ілумен шектеледі. Бұл дұрыс емес. Жуырда Қазақстан Халқы Ассамблеясының жетекшілігімен қаламыздан бір топ азамат Өзбекстанда болды. Делегация мүшелері көрші елдегі қазақ жастарымен, этникалық қазақтармен жүздесті. Қандастарымыздың салт-дәстүр, әдеп-ғұрпымен танысты. Олардың білім алуы, ғылыммен айналысуы, елдегі жағдайы – мұның бәрі рухани жаңғырудың бір парасы. Елбасы «елге оралғысы келетін этникалық қазақтарға есігіміз ашық» деді. Бірақ әлі де шешілмеген түйткілдер бар. Біз қандастарымыз арқылы демографиямызды нығайтсақ, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғыртсақ, несі айып? Бұл да – рухани жаңғыру. Кешегі өткен «Қазақ дастарханы» көрме-фестивалінің өзі не тұрады?! Іс-шара қазақтың етін аста-төк дастарханға қойып, дәм татқызу емес. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқының мәдениетіне, әдет-ғұрпына ілтипатын байқадық. Ұмытылған ұлттық тағамдарымызға құрметін көріп сүйсіндік. Олардың Қазақстанда өмір сүріп, дәстүрімізбен қоян-қолтық араласуы, туыстай біте қайнасуы заңдылық.

– Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы науқанға айналды деген пікірді жиі естиміз. Шығып жатқан кітаптардың тұсаукесерлерін немесе концерт, іс-шаралар аталған бағдарлама аясында өтеді. Бұған дейін де «Рухани жаңғырусыз» талай концерт өткізілді. Тарихи тақырыптағы алуан конференциялар ұйымдастырылды емес пе? Сіздің ойыңызша, бағдарламаның бастапқы мақсаты қалай орындалуда?

– Халықтың болмысын, руханиятын, әдебиеті мен мәдениетін дәріптейтін іс-шаралар аз емес. Бірақ тар шеңберде қалып жатады. Ұлттық комиссияның төрағалары кез келген іс-шараны рухани жаңғыру аясында қолдануға болмайтынын айтады. Жөн сөз-ақ. Дегенмен, бұрын табиғаттану пәнінен орманды дала, шөлейт жерлерді, өзен-көлдерді, оның арналарын білдік. Ал Шымкенттің Дендросаябағында мыңнан астам ағаш барын білген жоқпыз. Оның алғашқы көшетін мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың Ташкенттен әкеліп отырғызғанынан бейхабармыз. Қасірет мемориалындағы сайда жатқан, репрессия құрбаны болған зиялы қауымымыздың ең жасы 35-те екенінен де хабарсызбыз. Ал қазір балалар мұны жақсы біледі. Міне, мұның бәрі – рухани жаңғырудың жемісі.

– Мақалада 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуді, болашақта барлық саладағы іс қағаздары мен оқулықтар осы қаріппен жазылуы тиіс екені айтылды. Қалада бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы. Бұл елдігіміз бен егемендігімізді айқындайды. Халықтың сауаттылығын танытады. Осы орайда Шымкентте мекемелердің атауларын ауыстыру жұмыстары қолға алынуда. Бірқатар мекемелердің атауы латын әліпбиіне ауыстырылды. Жұмыс әрі қарай жалғасады. 2020 жылдан бастап мекемелердің құжаттары латын графикасына өтеді. Бүгінге дейін 50-ге жуық топ латын графикасының курсынан өтті. Олардың басымы – мектеп мұғалімдері.

– Бағдарламалық мақаланың «100 жаңа есім» жобасы бар. Бұл жобаға биыл шымкенттік азаматтардың ілінуі неге бәсең?

– Жүзеге асып жатқан жобалардың қай-қайсысы да өзінің мазмұн ауқымдылығымен, идеологиялық маңыздылығымен құнды. Соның ішінде «100 жаңа есімнің» алар орны ерекше. Бірегей жобаға Жастар жылы аясында 18 бен 39 жас аралығындағы жастар қатысады. Үшінші кезеңге өтінімдер 25 қыркүйектен 25 қарашаға дейін қабылданады. Үміткерлер ruh.kz сайтына өтінім қалдыра алады.
Егемен елде өмірге келіп, еркін ой қалыптастырған таланттардың 100 жаңа есім қатарынан көрінетініне қуанамын. Биыл Шымкент қаласынан 138 жас ұсынылып отыр. Бірақ бұл цифрмен шектелмейміз. Үміткерлер саны мұнан да өсуі мүмкін.

– Бағдарлама аясында бірқатар әлеуметтік жобалардың жүзеге асып жатқанын білеміз. Осы ретте кәсіпкерлердің белсенділігі қандай? Туған жерге туын тігіп жатқан азаматтарымыз көп пе?

– Бағдарлама шеңберінде 2019 жылы құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асты. Меценаттардың көмегімен заманауи мектептер әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Оның ішінде Абай орта мектебі мен Арапат жекеменшік мектебі және балабақшалар бар. Мұнда балаларға тегін білім беріледі. Түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Яғни. елге болсын дейтін азаматтарымыз аянып қалмайды.

– Мемлекеттік бағдарлама жұмысын үйлестіретін кеңсе басшылығындасыз. Алдағы уақытта қандай жоспар-межемен таныса аламыз?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты ауқымды. Бұл кешенді жоба барлық саланы қамтиды. Білім ордаларында бәсекеге қабілетті азаматтарды дайындау үшін жаңа кабинеттер ашу, балаларды интелектуалды спорт түрімен қамту сияқты ұсыныстарымыз бар. Атқарылған шаруаларға қарап, бағытымыз дұрыс деген сенім көңілге ұялайды. Қазақстанның тарихи, мәдени маңызы бар киелі орындарына қатысты және әлемдегі ең үздік оқулықтарды аударудағы ілкімді істерді айтуға болады. Бірақ тоқмейілсуге орын жоқ. Атқарылатын жұмыс шаш-етектен. Мәселелер де жеткілікті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, аты айтып тұрғандай, болашаққа бағдар. Жаңғыруды даурығуға айналдыруға болмайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.