Ұлтын сүйген Сұлтанбек Избранное

Среда, 23 Октябрь 2019 04:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3049 раз

1925 жылдың ортасында РКП(б) Орталық Комитеті Қазақстанға партиялық басшылыққа Голощекинді тағайындады. Бұл кезде Қазақстанда көптеген күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелер өз шешімін тауып үлгермеген еді.

561

 

Басы №83 нөмірде

Жауапты хатшы Қызылордаға келіп, жергілікті жағдаймен біршама танысқаннан кейін, сол қыркүйектің өзінде жедел түрде біраз мәселелерді шешу үшін Мәскеуге аттанып кетеді. Орталық Комитет, Сталин алғашқы күннен-ақ Голощекинді қолдаусыз қалдырған емес. Сондықтан да ол барлық негізгі мәселелерді өзі ойлағандай бағытта және сол дәрежеде шешу үшін орталыққа сүйеніп отырды. Ал қазақ өлкелік партия ұйымының жауапты хатшысы ретінде ол алғашқы сапарында басшылық алдында алдымен бірнеше ұйымдық мәселелерді қойды. Олардың бірі және ең негізгісі кадр мәселесі еді. Бұрынғы үш жауапты хатшыдан тұратын секретариатта іс жүзінде екінші хатшы міндетін атқарған өзі жас, жігерлі және білімді қайраткер Сұлтанбек Қожанұлының рөлі мен беделі айтарлықтай жоғары болатын.
Отыздан жаңа асқан (1894 жылы туған) Сұлтанбек Қожанұлының көзге түсіп, ауызға ілінуі Түркістанда 1921-1922 жылдары өткізілген жер реформасына байланысты болды. Бұл аса жауапты үлкен шараны іске асыруда белсенділік танытқан С.Қожанұлын орталық та танып үлгерген еді. Оның да өзіндік себептері бар. Орталық басшы ұйымдардың есебі бойынша Түркістандағы жер-су реформасы Ресей губернияларындағыдай ең алдымен таптық реңк алуға тиіс болды. Ал жергілікті кадрлардың басым бөлігі жер-су реформасын сонымен бірге Түркістандағы революцияға дейінгі жер саясатындағы әділетсіздікті жою құралы деп түсінді. Басқаша айтқанда олар жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат та беру бағытын ұстанды. Реформаның сондай сипат алуы тиістігін кейінірек Голощекиннің өзі де мойындаған. Мәселен, ол Өлкелік VI-партия конференциясында жасаған баяндамасында: «...после Октябрьской революции надо было резко повернуть колесо обратно... Нужно было отнимать привилегии у европейской части населения, которая владела огромными пространствами и негде было казахскому населению оседать и устраиваться. Этим оправдывается и земельная реформа в южном Казахстане» - деп көрсеткен еді.
Міне, осы шараны іске асыру мақсатында Жетісуға комиссия басқарып барған С.Қожанұлы іске шұғыл және үлкен жігермен кірісіп кетеді. Бірақ С.Қожанұлы комиссиясының әрекеті ескі билік тұсында көптеген артықшылықтарды иемденіп, өздерін еркін сезінген переселендердің үлкен қарсылығына ұшырады. Жаңа өкіметтің де қолдауынан үміттенген олар Ташкентте және Мәскеудегі орталық әкімшілік орындарына жер-су реформасы нәтижесімен келіспейтіндіктерін білдіріп жедел хат жолдады, өз шағымдарын қардай боратады. Өкінішке орай, орталық билік тек шағым айтушылардың ғана дәйектеріне сүйеніп, жергілікті халықтың мүддесіне қайшы келетін шешімдер де қабылдады. Мәселен, БОАК жер дауын шешуге Серафимов бастаған Ерекше комиссия құрып Түркістанға аттандырады. Бірақ, бұл комиссияның жұмысы нәтижесіз аяқталған еді. Өлкелік Комитеттің бюросында жасалған Серафимовтың есебін талқылау барысында екінші хатшы Қожанұлы Қазақстанда, өкінішке орай, «халықтың бір бөлігінің тым белсенді, ал екінші жағының тым енжар екендігін айтып, комиссияның сол белсенді бөліктің тікелей талабы нәтижесінде құрылғандығын, сондықтан да оның жұмысының біржақты сипат алғандығын дәлелді көрсетіп, ешқандай да құйтырқыға салмастан комиссияны тарату мәселесін қояды.
Баяндаманы талқылау барысында Н.Нұрмақов комиссия төрағасынан қайсыбір аудандардағы перселен шаруаларға винтовка берілуі себебін сұрады. Оған Серафимов мынадай жауап береді: «Мұнда Бүкілодақтық староста Калинин жолдастың қателігі болды. Қазақстан үстінен өткен оған Қырғыздар малымызды тартып алды, ал біз орыстар қаруды өткізгенбіз деген шағым айтылды. Ол шағым жасаушыларға винтовка бергізген».
Әрине, Қожанұлы комиссия тарапынан да асыра сілтеушіліктер жіберілгендігі мәлім. Мәселен, қайсыбір перселен селоларын бүтіндей көшіріп екіншісімен қосу, сондай-ақ көлемді жер иеліктері бар кулактарды ғана емес, кедей шаруаларды да жерінен айыру сияқты әрекеттер орын алды.
Өз ретінде, жаңа билік жағдайында орынды қойылған әділетті талапқа бұрын түрлі артықшылықтарды иемденіп үйреніп қалған преселендер көнгісі келмеді. Ол туралы 1925 жылы Жалпы қазақстандық IV комсомолдар конференциясында сөйлеген сөзінде Ф.Голощекин мынадай деп көрсетті: «...біз антұрған өткен де сарқыншақтарынан арылғанымыз жоқ. Өздеріңізге бұрын қазақтарда болған европалық, орыс тұрғындар деген жеккөрушілік, сенбеушіліктін біразы әлі екінші жағынан, бұрын барлық артықшылықтарды иемденіп, қожалық жасап, зорлықтар істеген орыс шаруа енді бүгін, кеңес билігі жағдайында бұлардың бәрін де тыйып, айылыңды жый, кішкене жер мен қаржы бөл десе оны түсінгісі жоқ, бұрынғы артықшылықтарынан айрылғысы жоқ, тіптен жаулық көрсетіп отыр. Олардікі, әрине тура емес. Мұның бәрі бізде бар, оған көз жұмуға болмайды. Осының бәрі шиеленіс тудырып отыр. Ал, әрекетке жауап ретінде, жұмысымызда қиындықтар туғызатын қазақ ұлтшылдығы, қорғаныс ұлтшылдық күшеймей қоймайды».
Міне, осындай күрделі жағдайда ескі тәртіптен қалған әділетсіздіктен өз елін тез арада құтқарып алуды көздеген ұлттық интеллигенция өкілдерінің «солшылдық» әрекетінің негізсіз еместігін ұмытпаған жөн. Жалпы осы тарихи кезеңде жас ұлттық интеллигенцияның алдынан шығып, жаңа қатынастарға негізделген қоғамды құруда күрделі дилеммаға айналған мәселе – ұлттық және таптық мүдделердің ара жігін ажыратып алу мәселесі болды. Бірақ, со кездегі қоғамдық дамудың барысында бұл екі мүдденің алғашқысының үлес салмағы барған сайын азая түсті. Ал бұл жағдай кешегі отар халықтардың елжанды интеллигенциясына жеңіл тимеді. Өйткені, бұдан былай оларды ұлттық мүддені қорғауға бағытталған табиғи әрекеттері, «ұлтшылдық» есебінде бағалана бастады. С.Қожанұлы 1927 жылы Сталин мен Қазақ Өлкелік Комитетіне жолдаған хатында: «Қазақ қызметкерлерінің істеп жүрген ортасы мен жағдайы олардан типтік қатыгез отаршыл шенеуінікті тәрбиелейді», - деп қазақ интеллигенциясының осы сезімін білдірген еді.
Т.Рысқұлұлы 1923 жылы ұлттық республикалар облыстардың басшы қызметкерлерінің IV-Кеңесі сөйлеген сөзінде: «Шовинизм мен ұлтшылдыққа ауытқушылықты жай механикалық жолдармен жою керек. Алдымен олардың экономикалық және басқа себептерін жою керек. Әзірше Жетісу облысының қырғыз кедейлерінің жері болмайынша және олардың төбесінен әрқайсысының 125 десятинадан жері және 15 жалшысы бар орыс жұдырығы төніп тұрғанда, оған интернационализм деген өте жақсы нәрсе, Кеңес билігіне қосылу керек деп қанша айтсаңыз бәрібір ол оны түсінбейді және Кеңес билігін сол жұдырықтың арасынан көретін болады, - деді ол. Осындай ортадан шыққан коммунист, әрине, әлгі жалшыларға жаны ашиды, ал бірақ ол бұл мәселе жөнінде айта бастаса болғаны ұлтшыл атанады».
Коммунистік партияның ұлт саясатында кезең болған, яғни ұлттық мүддеден таптық мүдде біржола үстемдік алған осы кеңесте сөз алған шешендердің үлкен бөлігі жергілікті ерекшеліктерді ескере бермеушілік ұлт саясатында тоқыраушылыққа апармай қоймайтындығына жете назар аударды. Мәселен, Өзбекстан партия ұйымының басшысы А.Икрамов орталық билікті ұлттық республикалардағы мәселелерге араласуда өте абай болуға шақырып, сондай-ақ Сұлтанғалиев пен оның серіктеріне баға беруге байланысты «Олардың бәрін де контрреволюционерлер етіп жариялаумен әуестенуге болмайды. Мәселеге тереңірек қарау қажет. Мұндай құбылыстың тамыры жоқтай көрінуі ықтимал, ал бірақ ол қайдан күш алып отыр. Бәленің басы, менімше, сәтсіз жүргізіп отырған саясатымызда!.. Қателіктерді жіберіп отырған өзіміздің өкіметіміз, нақты айтсақ Орталық Комитет», - деп көрсетті.
Осы кеңесте Қожанұлы да сөйледі. Ол Түркістанда басқару аппаратында отаршылдықтың әлі де өз позициясын бермей отырғандығын, мұнда партияның ұлт саясатын іске асыруда қол жеткен нәтижелердің мардымсыздығын баса көрсетті. Бірақ, оның мәселені жан-жақты талдау мақсатында айтқан пікір, ұсыныстарын біржақты қабылдаушылар да болды. Мәселен, С.Орджоникидзе С.Қожанұлының солшылдығын сынап, оның Түркістанда жер реформасын жүргізу барысындағы ролін көлденең тартып: «Осында сөз болған жер реформасын жүргізген Қожанов жолдастың өзі.
Жүргізгенде өте тез жүргізді. Қаншалықты сәтті жүргізгендігі бұл басқа мәселе» - деген болатын.
С.Кожанұлының бүкпесіз ашық айтқан пікірі, оның Орта Азия халықтары алдында тұрған ауыртпалықтарды шешудегі «шыдамсыздығы» Сталинге де аса ұнай қойған жоқтын. Ол Икрамов пен Қожанұлынын Түркістанға өзгеріс жете қойған жоқ деген пікіріне үзілді-кесілді қарсы шығып: «Егер Түркістан патшалық кезіндегідей шынымен де отар болса, онда басмашылардың айтқаны дұрыс, онда Сұлтанғалиевті біз емес, Кеңес билігі жағдайында отарлық қатынасты болғандығына төзіп отырғанымыз үшін ол бізді соттауы керек. Ал осының бәрі шын болса, сізде неге басмашыларға қосылып кетпегендеріңізге түсінбеймін?», - деген еді.
Сталин бұл берілген сөзі арқылы орталыққа бағытталған сын пікірді қабылдай алмайтындығын ғана емес, сонымен бірге өзінің түркістандық қайраткерлерге деген ызғарлы қатынасын да танытқан еді.
С.Қожанұлының белсенділігі жергілікті саяси мәселелерді шешудегі батылдығы, саяси қайраткер ретіндегі жергілікті халық арасындағы беделі Голощекинге де ұнаған жоқ. Өйткені, жауапты хатшы өмірге ең алдымен Сталиннің, орталықтың, сонан соң өзінің шешімдерін өткізуді бірінші кезекке қойды, ал жергілікті мамандардың пікірі, позициясы ол үшін негізгі жоспарды іске асырудағы көмекші құрал есебінде еді. Кадр мәселесінде Голощекин өзін ескі отарлаушы патшалық биліктің өкіліндей сезінуі, ал өзінің оппоненттеріне жасаған қатыгездігі жағынан патша жандармдарынан да асып түсіп жатты. Белгілі автор Г.Сафаровтың сөзімен айтқанда, оған өзімен тең дәрежеде сөйлесе алатын, «бұратана» халық арасынан шыққан нағыз қайраткерлер емес, тек бас шұлғып, екі айтқызбайтын полицейлік орындаушыла мен аудармашылар ғана керек еді».
Голощекиннің жаңа қалыптасып келе жатқан жергілікті кадрларға жасаған қамқорлығы Қожанұлына қатынасынан анық аңғарылады. Жоғарыда айтылған сапарында ол Орталық Комитеттің алдына Қазақ Өлкелік комитеті хатшылар құрамын өзгертуді және Қожанұлын хатшылықтан босатуды өтінді. Орталық Комитет жауапты хатшының талабын орындай отырып, тиісті шешім қабылдады. Ол шешім бойынша Ежов жауапты хатшының бірінші орынбасары және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, ал Жандосов болса екінші орынбасар және үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып бекітілді. Сөйтіп, Қазақ өлкелік комитеті хатшыларының құрамын Орталық Комитет өзі анықтады. Әрине бұл арада Ежовтың екінші хатшы болып тағайындалуы да кездейсоқ емес-ті. Бұдан былайғы кезеңде Ежов (Мәскеуге ауысқанға дейін) жауапты хатшының ең сенімді тірегіне айналды. Қазақстан өміріне қатысы бар маңызды мәселелерді осы екеуі шешiп отырды.
Голощекин осы сапарында Қазақстанға көмекке біраз қызметкелер жіберуге Орталық Комитеттің келісімін алды. Арнайы қабылданған шешімде: «Орграсперду ЦК выделить и командировать в Казкрайком несколько ответственных работников по партийной, административной и хозяйственной линии. Количество установить Орграспреду ЦК совместно с Казкрайкомом» – деп көрсетілген болатын. Голощекин Өлкелік Комитеттің бюросында жасаған есебінде орталықтан келетін «десанттың» алғашқы тобының құрамын да атаған. Олардың ішінде Вахламов, Лурье, Пяткин, Смирнов сияқты адамдар бар еді. Ол «мен тағы біреулерді сұрап едім, бірақ олардың мәселесі әлі шешіле қойған жоқ» - деп көрсетті. Бұл арада Қазақстанға біраз жауапты қызметкелер сұраған Голощекиннің өзіне орталық жүктеген міндеттерді тезірек орындауға ұмтылысы мен жаңа, бейтаныс ортада өзін тым қораш сезінуден қорқуы арасындағы жікті ажыратудың оңайға соқпайтындығы түсінікті.
Осы арада жауап беруге жеңіл түспейтін тағы да бір мәселе бар. Ол Мәскеуден Қазақстанға көмекке кадр сұрай отырып, жергілікті жағдайды жақсы білетін, оның үстіне саяси қызметте мол тәжірибе жинап, ысылған С.Қожанұлы сияқты қайраткерді орталыққа қызметке жіберілуі туралы. Бұл шешімнің астарында, біздің пікірімізше, Голощекиннің жеке мүддесімен Орталық Комитеттің Қазақстандағы ұлт саясатына байланысты ұстанған бағытының тоғысуы жатыр. Егер Голощекиннің өз мүддесіне келсек, ол Қожанұлы сияқты білікті және белсенді қайраткер тұрғанда өз шешімдерінің іске аспай қалуынан қауіптенді. Тіптен ол Қожанұлы сол жылдың соңына қарай өтуге тиіс V-өлкелік партия коференциясында өзіне қарсы ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп қояды деп те секемденді. Ал орталық болса Қожанұлын Мәскеуге қызметке алдыра отырып, қазақ қайраткерлері мен интеллигенциясы арасындағы «ұлтшылық» тенденцияны «бәсеңдетуді», сол арқылы негізгі назарды таптық мәселелерді шешуге бұруды көздеді.
С.Қожанұлы Орталықтың ұлт мәселесінде «солшылдыққа» ыңғай танытқан кейбір қайраткерлерді тәрбиелеу мақсатында Москваға қызметке алу институтынан, әрине, хабардар болатын. Оған дейін бұл жолдан Т.Рысқұлұлы, С.Меңдешеев, С.Асфендияров және басқа қазақстандықтар өткен. Бірақ, Қожанұлы өзіне тән қайсарлығымен Өлкелік Комитет бюросы алдына дәлелді өтініштерін көлденең тартты. Біріншіден, ол «Москва мені, әрине, жұмыс бітіру үшін емес, жұмыссыздық үшін шақырып отыр, таяуда өтпек Өлкелік партия конференциясына байланысты біреулер ойлағандай менің ешқандай да теріс пиғылым жоқ, сондықтан да Қызылордада кідіре тұруға және сол уақыт ішінде Бюро жұмысына қатынасуға мұрсат беріңіздер», – деді. Екіншіден, ол өзінің Қазақстанға көбірек керектігін білдіріп, Өлкелік комитеттен Орталыққа Қожанұлын тезірек кейін қайтаруын сұрап қатынас жіберуін өтінді.
С.Қожанұлының бұл айтқандары Голощекинге ұнамады. Ол Кожанұлын «Өлкелік Комитетті орталыққа қарсы қойып отырсыз» деп айыптады. Соған дейінгі еңбегінін елеусіз қалып, тағдырының күтпеген жерден күрт өзгере бастағанына күйінген Қожанұлының Бюродан өз қызметіне ресми баға беруді сұраудан басқа шарасы қалмады.
Бір қызығы сол, Голощекин тіптен Қожанұлының саяси қызметіне баға беруге де қарсылық көрсетіп бақты. Ол «Орталық Комитет Қожанов жолдасты осында отырған бәрімізден де жақсы біледі», демек, оған мінездеме беру мүлдем қажет емес деді. Оған Қожанұлы «Мен әр уақыт өз елімнің ортасында болып, оған қызмет еттім», ал он ешкім жоққа шығара алмас деген ойын білдіріп, артынша ж.Голощекин Сіз Орталық Комитет үшін жауап бермеңіз, - деп бетін қайтарып тастады. Қанша бұлталақ салғанымен жауапты хатшы Қожанұлының Қазақстанда қызметіне төмендегідей баға беруге мәжбүр болып еді:
«Қожанов жолдас Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық қызметкерлердің арасынан шыққан ірі қайраткерлердің бірі. Барлық уақытта да партия-кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарды және соңғы уақытта РКП(б)-н Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы болды. Партия органдары қабылдаған шешімдерді іске асыруда жігерлі де табанды».
Голощекин мен Қожанұлы позицияларының қарама-қайшылығы бюроның осы отырысында қаралған басқа мәселеде тағы да анық, ашық байқалды. Сол жылы Бүкілресейлік орталық Атқару комитетінде Актөбе губерниясынын Илек ауданын Орынбор губерниясына беру туралы шешім қабылдаған. Осы шешімді Бюрода талқылау барысында Нұрмақов, Мыңбаев. Меңдешев сияқты қайраткерлер орталықтың Илек ауданын, тұрғындарының басым бөлігі орыстар, сондықтан да оны Орынбор губерниясына беру керек дейтін сыңаржақ шешіміне үзілді-кесілді қарсы тұрды. Қазақ халкомы Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов егер Орталық жеке аудандардың тағдырын оның ұлттық құрамына қарай өз еркінше шеше беретін болса, онда болашақта Қазақстан Республикасының сақталып қалуы мүмкін емес деп ашық, айтты. Ал ҚазОАК-нің төрағасы Ж.Мыңбаев: «Сөз біз әзірге толық ұғына қоймаған, бірақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе жөнінде болып отыр... Мен өзім орталық мекемелердің орыс шаруаларының мүддесіне қамқорлығын әлденеше рет байқадым... Неге сіздер қазақ шаруалары Қазақстан өкіметіне талаптар қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер білгілеріңіз келсе қазақтардың жағдайы нашарлай түсуде. Олар «біздің жерімізді неге алып жатыр?» деп сұрайды. Біз болсақ ол жердің тұрғындарының басым бөлігі орыстар дейміз. Оған олар: «патшалық Ресейдан біздің жерімізді тартып алып өз отаршылдарын қоныстандыруды кім сұрапты?», – дейді.
... Ал қазір егер кім Қазақстан еңбекшілері жағдайын жөндеуге көп күш салса, ол өкімет басында көп тұра алмайды деген лақап тарауда. Бұл қазақ қызметкерлер жөнінде. Мейлі, солай-ақ болсын, бірақ қазақ еңбекшілер алдында масқара болар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен сіздің басыңыз ауырды ма деп сұрайды Мен жоқ, басым емес жаным ауырады деймін. Шынымен де ауыратындай себеп жеткілікті», - деген болатын.
С.Қожанұлының да сөзі осы бағытта шықты. О. Голощекиннің мәселенің ұлттық жағы соншалықти маңызды емес деген пікіріне қарсы келіп мынадай деді: «Біз мәселенің ұлттық жағы соншалықты мәнді емес де айта алмаймыз, өйткені біздің республикамыздың тұнған бойы ұлттық мәселе... Мәселенің ұлттық қырынан қаймығы ең шұрайлы, экономикалық аудандардан айырылып отыр бергіміз келмейді. Қазіргі кезеңде қоныстанушылықты күшейту бағыты байқалды. Сібірде ресми түрде қоныстанушылық басталды. Сібір қоныстанушылары бір шеңбер жасап бізден шығады. 12 000 подвод тіркеліп те үлгірді. Менің пікірімше, бұл мәселеге Қазақ республикасын бір өлке немесе Ресейдің бір ауданы есебінде емес, өзінше мемлекет ретінде сақтау және одан ары нығайту тұрғысынан келу кажет... Ал қайсыбір жолдастарға салсақ, бұл республиканы тіптен таратып жіберуге де құлықтылық танытқандай...». Бұл С.Қожанұлының Қазақ Өлкелік комитеті бюросында сөйлеген соңғы сөздерінің бірі болатын.
Пікіралысты қорыта сөйлеген Голощекин өзіне тән демагогтық әдіске көшіп, шешендерден партияның саясатына шабуыл жасауды тоқтатуды талап етіп, сөзін былайша аяқтады: «Мен, Қырғыз республикасы иемденетін автономия біздің партия тарапынан бұзылған жоқ деп ойлаймын. Егер, қайсыбір мәселелер бойынша шешімдер, мәселен Орынбор губерниясы құрамына жер бөлу және басқа жайлар сіздерді қанағаттандырмаса, онда олар Қазақстан пайдасы тұрғысынан ғана емес, ССР Одағы партиясы тұрғысынан да шешілуі мүмкін ғой...» Орталық берген егеменділік мазмұнын жауапты хатшы осылайша түсіндірген еді.
Голощекин басшылықта отырған тәуелсіз пікірдегі қазан қайраткерлерінен бірден құтыла алмасын, әрине, білді. Сондықтан да, алдымен орталықтың қолдауына сүйеніп бюро құрамындағы азулы оппоненті – С.Қожанұлы Қызылордадан алысырақ жіберуді көздеді. Ал, Қожанұлы Мәскеуге шығарып салған соң, жауапты хатшы енді оны өзінің де, саяси үлгісінің де Қазақстанға қайтып оралмасын көп күш жұмсады. Оның өзімен тікелей қызметтес емес тыста жүрген қарсыластарына да қарап топырақ шашаты әдеті бар еді. Осы салтына басып, ол Қызылордадан кетіп Мәскеуде Коммунистік Академия жанындағы марксиз курсында тыңдаушы болып жүрген С.Қожанұлын тыныш қоймады. Ол ұстанған бағытты зиянкесті, ұлттық ауытқушылық ретінде көрсетіп, оған «Қожановшылдық» деге ат беріп, партиялық мінбелерден жиі-жиі айтып, қоғамды теріс пікірді тудыруға тырысты.
Голощекиннің сорына Қазақстанда Қожанұлы жалғыз емес-тін. Тіптен, басқаларын атамағанда, Өлкелік Комитет бюросы құрамындағы С.Сәдуақасұлы пен Ж.Мыңбаевтардың өзі де оның Орталықтан, көп жағдайда жан-жақты негізделмеген, бірақ директива түрінде келіп түскен, немесе өзінің жергілікті жағдайда байыпты қарамастан жасаған авантюристік тұжырымдарын іске асыруға қарсы үлкен кедергіге айналған. Бұлармен біржола есеп айырыспай, өз дегеніне жетіп отыру жеңілге түспейтінін түсінген ол 1926 жылы қарашада өткен ВКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті мен Өлкелік Бақылау комиссиясының біріккен пленумында «БКП(б) Өлкелік комитеттің бюросындағы жағдай туралы» деген мәселе қойып, жоғарыда аталған үш қайраткердің әрекетіне саяси баға беруді талап еткен. Пленумның бұл мәселеге байланысты қарарынан мынадай жолдарды оқимыз: «Біріккен пленум былай деп есептейді: Кожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев бастаған топ өзінің мәні мен күрес әдістері жөнінде Қазақстанға тән болған ескі жікшілдіктің қалдықтарын (принципсіздік және жеке бастың бақастығы) сақтай отырып, сонымен бірге ауылдағы дәулетті топтардың партия мен Кеңес өкіметіне жасамақ ықпалын білдіретін идеялық ауытқушылықты көрсетеді».

(Жалғасы келесі санда)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.