Қазығұрттың қасиеті одан әрі таныла бермек Избранное

Пятница, 25 Октябрь 2019 05:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2741 раз

«Қазығұрт – Алтын қазық» арнайы белгісімен төрт адам марапатталды. «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қоры 2002 жылдан бері Қазығұрт тауының тарихи маңызын жан-жақты насихаттау мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіп келеді. Соның бірі – қоғамда елеулі жетістікке жеткен, қадірлі азаматтарды «Қазығұрт – Алтын қазық» арнайы белгісімен марапаттау іс-шарасы. Биыл осынау мәртебелі сыйлыққа лайық деп танылған төрт адам ие болды.

611

 

2002 жылдан бастап еліміздің түрлі салаларында елеулі дәрежеде жетістікке жеткен, ел татулығы мен бірлігінің нығаюына айтарлықтай үлес қосқан, өзінің игі істерімен көпшілікке үлгі болып жүрген мемлекетшіл һәм елжанды тұлғаларға табыс етілген арнайы сыйлықтың мән-маңызы зор.
«Қазығұрт – Алтын қазық» белгісі арнайы бір тақырып аясында ұйымдастырылған басқосуда, салтанатты жағдайда тапсырылады. Бұл жолғы басқосу Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында «Қазақ рухының шыңы – Қазығұрт!» атты тақырыпқа арналды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен салтанатты жиында Қазығұрт тауын кеңірек насихаттау мәселелері айтылды.
Қазақстанның Құрметті Журналисі Байдулла Қонысбек осы тұрғыда әңгіме өрбіте келе, қадірлі қонақтарға арнайы белгіні табыс етті. Яғни, арнайы белгі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек
Әбдірахмановқа, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшевке, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловқа, «Қуат жылу орталық - 3» МКМ бас директоры Пердебай Сәбитовке берілді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Әбдірахманов жерлестеріне рақметін айта келе, Қазығұрт тауының қасиетін одан әрі асқақтатуға үлес қосатынын жеткізді.
– Кімге де туған жері ыстық. Қазығұртты ұлттық мақтанышымыз деп айтамыз. Әлемде экология мәселесін біраз зерттеп қарағанымда, топан су туралы аңыз туғызған халықтардың өзі аз. Онға да жетпейді. Қазақ халқы әлемдік аңызнамадан атам заманнан хабардар болғанын, әлемдік мифологияға өзіндік үлесін қосқанын көрсетті. Ол біздің ұлтымыздың ұлылығын көрсететін факторлардың бірі,-дей келе Сауытбек
Әбдірахманұлы қоғамдық қордың тиянақты жұмысына ризалығын білдірді.
Айта кетсек, аталған арнайы белгімен осы уақытта дейін 29 адам марапатталған. Олардың қатарында сәулетші Жандарбек Мәлібеков, жазушы-журналист Мархабат Байғұт, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, журналист Бақтияр Тайжан, Мекемтас Мырзахметов, Асқар Жұмаділдаев, Оразалы Балабеков, т.б. ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, белгілі кәсіпкерлер бар.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.