Ұлтын сүйген Сұлтанбек Избранное

Пятница, 25 Октябрь 2019 05:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2073 раз

Басы №83-84 нөмірлерде.

Бұл берілген бағада негізсіз екі тұжырым бар. Біріншіден, аталған қайраткерлерді жікшілдік үшін айыптау. Екіншіден, олардың ұстанған саяси бағытының ауылдағы дәулетті топтардың партия мен Кеңес өкіметіне қарсы әрекеттерінің көрінісі ретінде бағалануы. Егер мәселені нақты қарар болсақ, онда Голощекиннің сансыз көп баяндамаларынан, тарихи құжаттардан Қожанұлын топшылдыққа, жікшілдікке кінәлі ретінде айыптауға негіз боларлық дәлелдеме, деректерді кездестіру қиын. Ондайлардың өмірде болмағанын Қожанұлының кезінде Орталық Комитетке Қазақ Өлкелік Комитетіне жолдаған хаттарымен танысту арқылы да көз жеткізуге болады.

601

Сұлтанбек Қожанұлы партияның Қазақ Өлкелік Комитетіне 1927 жылы 12 ақпанда және 10 тамызда хаттар жолдаған. Бұл екі хатта Қазақ Өлкелік партия комитеті мен Өлкелі Бақылау комиссиясының 1926 жылы қарашада болып өткен біріккен пленумының С.Сәдуақасұлы, Ж.Мыңбайұлы және С.Кожанұлының «тапшылдық» қызметіне байланысты қабылдаған қарарына жауап есебінде жазылған. Қожанұлы хаттарының 20-жылдардағы топшылдық күрес туралы шындық пен жаланың аражігін ашып алудағы маңызы үлкен. Мәселен, оның 1927 жылы тамызда жолдаған хатынан үзінді оқып көрелік:
БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетіне Көшірмесі: СТАЛИН жолдасқа Өлкелік Комитеттің 1927 жылы 20 наурызда Сталин ж. атына жолдаған хатындағы талаптарды орындау және сол хатта қозғалған мәселелерге өз тарапымнан түсініктеме беру мақсатында төменде айтылғандарды мәлімдеймін: І. Оппозция құрамында болды деген айыптауға байланысты. Өлкелік комитет маған оппозиция кұрамында болды деген айып тақпай отыр. Оны мен қанағаттанушылықпен қабыл алдым. «Қожанов оппозицияда ойнағысы келді, оның ізбасары Тоқтыбаев солай етті. Оппозиция Бөкейханов та болды», - деген мәлімдемесін Голощекин ж. «кейбір қазақ қызметкерлерінің арызы негізінде» жасаған екен. Мен бұл істің тексерілуін, сөйтіп, ондай айыптауға негіз боларлық жайларды анықтауды немесе әлгі «қазақ қызметкерлерінің» жала жапқаны үшін жауапқа тартылуын талап етемін.
2. 1926 ж «Қожанов «Сәдуақасовшылдар тобына» белсене қатысты деген айыптауға байланысты.
Мен бұл іске байланысты өзімді кінәлі санамаймын. Мұндай топқа қатысқаным жоқ және қатысуым да мүмкін емес. Сәдуақасов ж. 1925 жылы менің ең ымыраға келмес қарсыласым болды. Жалғыз сол ғана менің қызметтен босатылуымды ашық талап етті. Оның негізінде жеке бас бақастығы емес, саяси себептер жатты. Қазақстаннан шақырылып алғаннан бері Сәдуақасов ж. маған деген қатынасы өзгеріске ұшырарлықтай мен еш нәрсе де істегенім жоқ. Сөзбен не іспен, хат арқылы немесе ауызекі, ешқайда және ешқашан да аталған топшылдықта айыптауға негіз берген емеспін.
3. Менің бұрынғы ұлттық ауытқушылық қателіктерім және Қазақстандағы қазіргі осындай көріністерге қатысым туралы.
Менде ұлтшылдық дүниетанымның сарқыншақтары болды. Менің қызметімде кезінде ұлттық ауытқушылық орын алды. Мұны мен бұрын да жасырған емеспін, сондай-ақ бұдан бұрынғы 1927 ж 12.ІІ. жолдаған хатымда да айттым.
Ия, мен 1927 ж 12.ІІ. хатымда және Сталин алдында мәлімдегенімдей, өзімнің қателіктерімнен бас тартуға әзірмін. Отаршылдықтың қалдықтарын жою, жер реформасы, ұлттық межелеу, ҚССР орталығын көшіру, т.с.с. науқандардың бәрі де ВКП(б) Орталық Комитетінің шешіміне сәйкес жүргізілді. Бірақ оларды тікелей іске асырушы көптеген қызметкерлерде субъективтілікке бой алдыру, бір жаққа немесе екінші жаққа бұра тартумен әуестенушілік болды. Мұндай кемшіліктерден мен де ада болғаным жоқ. Мен де бір жақты әуестендім, қателіктер жібердім. Мінезіме сай менің әуестенушілігім мен қателіктерім де әр уақытта белсенді түрде көрінді.
Көптеген европалық жолдастарда бұл субъективті ауытқушылық міндетті түрде жергілікті халықтың ерекшеліктері мен өзіндік мүдделерін елемеушілік түрінде көрінсе, менің ауытқушылығым, әрине, міндетті түрде жергілікті ұлтшылдық түрінде көрінді. Мұндай субъективті көңіл-күйлердің қақтығысуы қайсыбіреулердің еркімен жеке «саяси платформалар» есебінде бағаланып жатты, қазір де солай болуы ықтимал. Ал шын мәнінде, ерекше дабыл қағарлықтай ештеңе жоқ. Тек олардың шығар көзін тура түсініп, өмірдегі көрінісін тура басшылықпен реттеп отырса болғаны.
Қазақстандағы ала-құла әр түрлі ұлт шаруалары қауымының тоғысуы жағдайында саяси белсенділіктің артуының осындай жағымсыз көріністерсіз жүруі мүмкін емес. Белсенді түрде көрінген осындай ауытқушылықтармен БКП(б) басшылығының пәрменді күресі партия мен Қазақстан қоғамдық өмірінің үдемелі дамуының алғы шарты болып табылады.
Осы сипаттағы кемшіліктерден Қазақстан жағдайында бірде-бір партия мүшесі ада емес және алдағы уақытта да оған ешкім кепілдік бере алмайды. Осындай субъективті әуестенушілік, субъективті ұлтшылдық сипаттағы қателіктер менде ұлтаралық қатынас және жер мәселесінде болды, соған байланысты көптеген практикалық істерім де көрініс тапты.
Менің бұл қателіктерім ұлттық мүддені бәрінен де жоғары қойып жүргізген кейбір әрекеттерімнен, менің жүмыс істеу әдістерімнен, партияның басқа да шешімдерінен тек ұлт мәселесі жөніндегі шешімдерін жоғары қойып, Орталық Комитеттің директиваларын біржақты жүзеге асыруға ұмтылушылықтан көрінді.
Сол кездері әлі де жете ұғына қоймаған осы сипаттағы қате бағытымды табанды түрде жүргізе отырып, бірақ мен еш уақытта партиялық этикадан шыққан емеспін және әрқашан да партиялық басшылыққа бағындым. Мен өз пікірімді ашық айту және оны белсенді түрде қорғай алуды өз сеніміңді партиялық сыннан өткізудің бірден-бір дұрыс жолы, сонымен бірге өз ауытқушылығыңды тезірек түсініп, жоюдың құралы санағанмын, қазір де солай санаймын. Мені жұмыстан алғанда Қазақ өлкелік комитетінің 1925 жылы қазанда берген оң мінездемесі жоғарыда айтылған пікірге дәлел бола алады.
...6. Келешекте партиялық қызметте осы әдістерден бас тарту.
1927 ж 12. II. Қазақ Өлкелік комитетіне жазған хатымда: «Мен әрқашан да топшылдықты айыптадым, қазір де айыптаймын және Қазақ Өлкелік комитетінің топшылдық туралы шешіміне толық қосыламын», - деп жаздым. Сонда тағы да: «Менің саяси қызметімде партия көрсеткен барлық қателіктер мен ауытқушылықтарды жөндейтінім туралы ашық және шын жүректен уәде беремін», - делінген.
Егер Өлкелік Комитет менің мәлімдемелерім мен уәделерімді қабылдай алса, онда бұдан бұрынғы және осы хатта айтқан сөздерім жеткілікті деп санаймын.
Мен Қазақстаннан Қазақ өлкелік Комитетінің жаман емес пікірімен кеттім. Мені топшылдық пен ұлтшылдықта айыптау мен кеткен соң сырттай, 13 айдан кейін жүзеге асырылды. Менің түсінік беруге де, ақталуға да мүмкіншілігім болған жоқ. Осымен екінші рет маған қандай кінә тағуға болатынын және өзім де нені жоққа шығармайтынымды айтып түсіндіруге тырысып отырмын. Сондықтан ең соңында осы берген түсінігімді есепке алып, жоғарыда айтылған келеңсіздіктердің бәрінің де доғарылуын өтінемін.
БКП(б) мүшесі С.Қожанұлы
/қолы/
10 тамыз, 1927 ж Москва қаласы».
С.Қожанұлы сол тұстағы
Қазақстанның күрделі саяси өміріндегі қым-қиғаш ағымдардан хабардар ететін бұл хатында Голощекиннің «теориялық» баяндамаларында айтылғандай партияның платформасынан бөлек өзінің айрықша платформасы болмағанына баса назар аударды. Олай болса, Голощекин мен оның серіктері «топшылдық» туралы қауесетті жасанды түрде не үшін қоздырды? Бұл сауалға жауапты Т.Рысқұлұлының 1933 жылы желтоқсанда Қазақстанда «рысқұловшылдыққа» қарсы күрестің» тағы да өріс алуына байланысты Қазақ Өлкелік Комитетінің бірінші хатшысы
Л.Мирзоянға жолдаған наразылық хатынан табамыз:
Жариялауға жатпайды.
БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті - Мирзоян жолдасқа БКП(б) Қазақ өлкелік Комитеті мәдениет және насихат бөлімі атынан жарияланған «ҚACCP XIII жылдығына байланысты баяндамашылар үшін тезистердің» (Каз. правда, осы жылғы 3/X./16-пунктінде: «жат идеологияға тән кожановшылдықты, сәдуақасовшылдықты, рысқұловшылдықты, меңдешевшілдікті партия ұйымы кейін ысырып тастады», - делінген.
Өлкелік Комитеттің мәдениет және насихат бөлімінің мені осындай жолмен қаралауына үзілді-кесілді қарсылығымды білдіремін. Тезистердің аталған пунктінде ұлыорыстық шовинизммен және жергілікті ұлтшылдықпен күрес туралы жетерліктей айтылған. Сонымен бірге баяғыда-ақ күні өткен «шылдықтарды» («щины») тағы да тізіп көрсетудің қажеті бар ма еді? (олардың саны жоғарыда аталғаннан әлдеқайда көп). Мұндай «шылдықтардың» соңы баяғыда-ақ өз орнын тапты, ал «көсемдері» қателіктерін мойындады, олар қазір тағы да сол қателіктерін қайталайды деп ойламаймын (оған негіз де жоқ). Мысалы, бұрынғы «меңдешевшілдер» қазір Қазақстанда басшылық орындарда отыр, Меңдешев жолдастың өзі партия бағытынан ауытқымайтын сияқты.
Менің ойымша, мұндай «шылдықтарды қайталаудың мәні мынада: Қазақ Өлкелік Комитетінің мәдениет және насихат бөлімінде отырған біреулер бұдан былай да, естен кетпес «голощекиндік әдіспен» қаруланып, яғни әлгі «шылдықтармен» қорқытып, кез келген өзара сынды қыспаққа алып, сол арқылы партия ұйымының назарын соңғы жылдары Қазақстандағы социалистік құрылыс мүдделеріне ұшан-теңiз зиян келтірген қателіктердің түп-тамырын ашудан басқа жаққа аударуды көздейтін сияқты.
Тезис авторлары мұны қалады ма жоқ па, оны білмеймін, бірақ объективті тұрғыдан солай болып шығады.
Мен бұл арада барлық «шылдықтарды» ақтап алайын деп отырғаным жоқ. «Рысқұловшылдық» 1920-22 жылдары бұрынғы Түркістанда орын алды және ол топ өзінің тамырын сол кездегі негізгі тұрғындар – өзбектердің арасына жайды. Бұл топ идеологиясының мәні ұлттық факторларды асыра бағалап, интернационалдық таптық мүдделерге жете көңіл аудармау болды, топ қызметіндегі жарамсыз жақтар да осыған байланысты еді. 1922-жылдың соңында бұл топ тарап кетті. Мен өзім сол уақытта Москвада қызметте жүріп (ұлт істері бойынша халық комиссариатында – Наркомнац) өз қателіктерімді түсіндім. Аталған топ пайда болған кезде Түркістанда ұлттық ауытқушылық тудырмай коймайтын жағдайдың бар екенін (ол кез Октябрь ықпалымен жергілікті халықтардың еңбекші бұқарасы патша отарлық билігін жоюды көздеген ұлттық революция ғана ішкі тaпaрaлық күреске бет бұрған) және жіберген қателіктерімді мойындағанымды ескере отырып, Орталық Комитет мені 1923 жылы Түрк республикасы ХКК-нің төрағасы етіп жіберді. Партияның XII съезінде БКП(б) ОК мүшелігіне кандидат болып сайландым.
Егер мен өзімнің бұрынғы қателіктерім мен топтық жұмысымды жалғастыра бергенімде ОК мені мұндай орындарға бекітпес еді. Кейінгі жылдары Коминтернде 1925 жылы Қазақстанда қысқа мезгіл істеген жылдар РСФСР ХКК төрағасының орынбасары қызметінде де (7 жыл істеп жүрмін) мен партия мен ОК бағытына беріктігімді дәлелдедім. Қазақ ұйымдарының қазір мені қаралауына қандай негіз бар? Егер қандай да бір дәлелі болса, онда мейлі, мұны істегісі келетіндер ОК-ке мен туралы мәселе қойсын, ал бірақ сол ОК еркімен РСФСР ХКК төрағасы орынбасары қызметіндегі адамды ешқандай да негізсіз беделін түсіріп, қаралау дұрыс емес.
Осы арада маған кезінде сені Голощекин жолдас та қаралады ғой деуі мүмкін. Менің Голощекин сол қатынасымның өз ерекшеліктері болды. Мен оның қызметін сынға алғанымда (мысалы астананы Алматыға көшіру турасында айтыста ОК менің ұсынысым өткенде, байлардың малын конфискелеу кезінде жіберілген кейбір кемшіліктерді сынау, т.с.с.) ол жауап ретінде «рысқұловшылдықты» шығарды, ал арамызда бейбіт қатынас орнай салысымен ал «рысқұловшылдықты» есіне де алмайтын. Ал шын мәнінде «рысқұловшылдықты» қаралайтындай ешқандай да негіз жоқ. Өйткені, мен Қазақстанда өте аз істедім. Жоғарыда айтқандай, менің ауытқушылық жіберген кездердегі жұмысым Ташкентте, негізінен өзбектер арасында өтті. Ал 1925 ж Қызылордада аз уақыт Қазақ Өлкелік Комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақтың» жауапты редакторы қызметінде жүргенімде мен керісінше, жергілікті ұлтшылдық пен алашорда идеологиясымен күресті күшейттім.
Сондықтан Қазақ Өлкелік Комитетінен және Қазақ партия ұйымының жаңа басшысы ретінде Сізден, Мирзоян жолдас, мені осындай негізсіз қаралауға жол бермеулеріңізді өтінемін. Бұл хатты Қазақ Өлкелік комитетіне Сіздің мені сынау туралы директива да бермегеніңізді білгендіктен жазып отырмын. Өйткені, сізге Қазақстанда кең өріс ала бастаған қызметіңізге тілектес адамдармен қарым-қатынасыңыздың қандай да қажеттілік жоқ қой). Егер де партия тарихын жазу арнасында сол кездегі топтардың қызметіне баға берілер болса, мен оған мен қарсы емеспін, ол туралы өзім де жаза аламын. Бірақ бүгінгі, күнделікті жұмыс жағдайында баяғыдан қалған «шылдықтарды» бір жерге үйіп-төгіп қойыртпақ жасау қисынсыз.
Т. Рысқұлов.
Москва, Кремль. желтоқсан, 1923 жыл».
Хаттардың мазмұнына кең түсінік беру біздің міндетімізге жатпайды. Дегенмен бұдан біраз уақыт бұрын жазылған хаттарды түсінуді жеңілдету мақсатында оқырманның есіне мынадай жайларды сала кетуді орынды санаймыз.
Бүл хаттарға байланысты мынадай жағдайларды ескерген жөн: біріншіден, бұл құжаттар жаңа ғана қалыптасып келе жатқан тоталитарлық жүйе жағдайында жазылған. Сондықтан да олардың авторлары хаттарда көтерілген мәселелерге байланысты өз пікірлерін ашық әрі аяғына дейін айтты деп тұжырымдау қиын. Соған қарамастан бұл құжаттардан «топшылдықты» айыптаудың кімдерге, не үшін қажет болғанын аңғаруға болады. Бұл ретте Т.Рысқұлұлының Голощекинге түрлі «щиналар» төңірегіндегі дақпырт тарату өзі Қазақстанда басшылықта жүрген жылдары жіберілген ірі қателіктерді сынаушылармен күрес әдісі есебінде керек болды деуі - аса маңызды пікір. Екіншіден, екі құжатта да ортақ келесі нәрсе хат иелерінің ұлттық мүддені таптық мүддеден жоғары қою бағыты кезінде өздері жіберген қателік, ауытқушылық есебiнде мойындауы. Ал осы «ауытқушылық» болды ма, болса қандай дәрежеде көрінді, сондай-ақ, оның объективті негіздер бар ма еді? Осы сияқты жеңіл-желпі емес мәселелерге де жауап іздеу үшін бұл фактілердің орны ерекше болмақ. Ең соңында айтарымыз, СОКП Орталық Комитеті саяси Бюросының Комиссиясы 1990 жылы мамырда «Ұлттық ауытқушылық» туралы мәселені арнайы қарап Т.Рысқұлұлы,
С.Қожанұлы және басқа көптеген партия және кеңес қайраткерлеріне идеялық «ауытқушылық» пен «ұлтшылдық» айыбының негізсіз таңылғаны туралы ресми құжат қабылдады.
«Қожановшылдық» байлар идеологиясының кеңестік аппаратқа ықпалының көрінісі болды деген тұжырым да ешқандай сын көтермейтін, бұқара халықтың таптық сезімін қоздырып, сол арқылы көзі ашық, Голощекиндік аппараттың қандай апатқа апара жатқанын дер кезінде танып білген қайраткерлерге халықты қарсы қою пиғылынан туған, стратегиялық мақсаты бар тұжырым еді. Бұл тұжырым сонымен бірге сол тарихи кезеңде Орталықтағы Сталин мен оның серіктеріне, Қазақстандағы Голощекин мен оның тарих алдындағы қылмыскер тобына Рысқұлұлы, Сәдуақасұлы, Қожанұлы, Мыңбаев, Нұрмақов сияқты кайраткерлердің ел үшін жанпида қызметіне мүлдем басқа реңк беріп, сол арқылы олардың әлеуметтік, ұлттық саясатта, жалпы қоғамдық өмірде тоталитарлық жүйе орнатуға қарсы күресін тұншықтыруға пайдаланылды, ол тактикалық міндет атқаруға тиіс болды.
Осы уақытқа дейін ғылыми еңбектерде С.Қожанұлы, Т.Рысқұлұлы сияқты қайраткерлердің кезінде, «ұлттық факторларды асыра бағалап, интернационалдық таптық мүдделерге жете көңіл аудармадық немесе «менің бұл қателіктерім ұлттық мүддені бәрінен де жоғары» қоюдан байқалды деген сөздерінің негізінде олардың өз қателіктерін мойындағаны туралы тұжырым жасалды. Бірақ, олардың бұл «мойындауы» қандай саяси жағдайда, неге байланысты айтқаны есепке алынбады. Ал шындығында Сәдуақасұлы, Рысқұлұлы, Қожанұлылар жіберген «ауытқушылықтар» саясат пен теорияда жіберілген қателік пе еді? Егер қателік болса, онда олар саяси қызметтен кеткеннен кейінгі кезеңдердегі ұлттар өміріндегі, ұлтаралық қатынастардағы терең күйзелістерді немен түсіндіруге болады?
Қожанұлы, Рысқұлұлы, Сәдуақасұлылары кезінде араша түсіп қорғаған ұлттық мүдделердің аяқ асты болуының нәтижесі емес пе? Демек, кез келген саяси бағыттың, бағдарламалардың ең әділ сарапшысы – өмір. Олай болса, кез келген басшылық өз саяси бағдарлама, теориялық тұжырымдарының тура екенін жүгенсіз демагогия немесе аппарат күші арқылы емес, бұқара халықтың жалпы қоғамның, ұлттық әл-ауқатын нығайту, рухани бостандығын қамтамасыз ету арқылы ғана дәлелдемек.
Голощекин өз қарсыластарын біржола тұқырып жеңдім деп масаттанған Жалпықазақтық партконференцияда (1927 жыл, қараша) сөйлеген қорытынды сөзінде: “...мы пойдем по намеченному пути решительно, смело отбрасывая все препятствия, ибо лишь при этом только отбрасыва условии основные массы Казахстана – коренного населения в первую очеред то, что дает Октябрь. Если же мы несколько задержимся, тогда развитие Казахстана может пойти по иному пути, тогда то, что дает  Казахстану общее развитие Союза на основе Октября, будет использовано больше верхушкой, имущим слоем" - деген еді.
Жауапты хатшы ұсынған жол өз «нәтижесін» жергілікті тұрғындар үшін көп ұзамай-ақ берген. Ол 1930-1931 жылдары қазақ сахарасын қамтыған шаруалар толқуы. Олардың негізгі бастаушы күші, голощекиншілер дәлелдеуге тырысқандай, бай, молдалар емес, 1916 жылғы азаттық қозғалысқа белсене араласқан сарбаздар болғаны да көп нәрсені аңғартса керек. Ал 1932 жылғы қырғын сталиндік-голощекиндік бағыттың ең басты «нәтижесі» ретінде қазақ тарихында «Ақтабан шұбырындыдан» соң «құрметті» орын алмақ. Қазіргі уақытта бұл айтылғандар бұлтартпас шындыққа айналған. Демек, жауапты хатшының бағытына қарсы шыққан Рысқұлұлы, Кожанұлы, Сәдуақасұлы және басқа да қайраткерлердің ұстанған бағытын қайта сараптайтын, жаңаша баға беретін уақыт келді.
Ол бағыт, қайсыбір авторлар қазір де дәлелдеуге тырысқандай, «Қазақстан – қазақтарға” деген (мұндай ұран көтерген саяси топ не бағыт тарихта болған емес) тар ұлтшылдық бағыт емес, жаңа ғана отарлық езгіден саяси бостандық алған елдің сансыз көп ұлттық мәселелерін батыл қойған саяси ағым болатын. Ол ағымның көш басында жаңа билікті бірден қарсы алып, бар күш-қуатын сол билік жолына арнаған Т.Рысқұлұлы, С.Сәдуақасұлы, С.Қожанұлы, Ж.Мыңбайұлы сияқты халық арасынан шыққан ірі саяси қайраткерлер тұрды.
С.Қожанұлы 1927 жылы оқуын аяқтар алдында Қазақстанға қызметке жіберуін өтініп, И.Сталинге хат жазады. Сол жылы 9 тамызда Голощекинге жолдаған Сталин Қожанұлы «өз қателіктерін мойындап отыр. Егер Өлкелік Комитет талап етсе оның бұл мойындауын толықтыра түсетініне күмәнім жоқ. Өлкелік Комитет көмектесуге тиіс деп ойлаймын», - деп, бір кезде танытқан белсенділігін алдына айып ретінде көлденең тартса, Голощекин өз кезегінде кеше Өлкелік Комитеттің хатшысын тұқыртып, «Оны қызметке алуға болады, бірақ басшылық орынға емес, әйтеуір бір орынға тағайындап, жақсылап бір жыл байқау керек» деп көлгірсігенімен, іс жүзінде С.Қожанұлын Қазақстанға жақындатпауға күш салды. Соның нәтижесінде Голощекин бір азулы оппонентінен құтылды, ал Қазақстан елінің болашағы үшін соңғы деміне дейін күресуге әзір қайраткер азаматынан айрылды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Тағдыры тартыспен тұсалған таутұлға Әулет »