АНА ДА АМАН, БАЛА ДА САУ Избранное

Пятница, 01 Ноябрь 2019 04:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 200 раз

...Қазан айының жайма-шуақ күндерінің бірі еді. Төртінші перзентіне жүкті, айы-күні жақындап қалған Эльмира қаннен қаперсіз, үй шаруасымен айналысып жүрген. Қан қысымы мазалайтыны болмаса, жүктілік мерзімі бірқалыпты өтіп жатқан.

310

 

Кенет сол қан қысымы көтеріліп, жүрегі қысып кетті. Басы айналып, жер сүйеніп, отыра кеткенін біледі. Ары қарайғысы есінде жоқ...
Бұл кезде жүкті келіншектің өмірі үшін қызу күрес басталып кеткен. Туыстарының шақыруымен келген жедел жәрдем бригадасы манкенттік 35 жастағы келіншекті алдымен қаладағы №2 перинаталдық орталыққа жеткізді. Себебі, жүктіліктің мерзімі – 39 апта, сәби әне-міне жарық дүние есігін ашқалы тұр. Дегенмен, денсаулығын шұғыл тексеру барысында әйелдің қан тамыры жүйесінде ақау бары анықталады. Медицина тілімен айтқанда - гестационды гипертония. Күтпеген күйзелістен соң науқастың қан қысымы 180/100-ге жоғарылайды. Бұл жағдайдың босану кезінде қауіп тудыратынын болжаған акушер-гинекологтар келіншекті жедел түрде кардиологиялық орталыққа жібереді.

308


Мұнда кешенді тексеру мәліметтері бойынша әйелдің қолқа тамырының жыртылғаны анықталды. Мұндай жағдайда тек бір ғана жол бар – ол жүрекке тез арада ота жасау. Бірақ, анықталған патология және жүктілікті ескергенде пациенттің өзі мен оның баласы үшін қауіп өте жоғары еді. Ал, науқастың жағдайы астанаға санитарлық авиациямен жеткізуге келмейді. Сондықтан, шұғыл консилиум ұйымдастырылып, жүкті келіншекке қосарланған операция тез арада осында жасалатын болып шешілді.
Алдымен №2 перинаталдық орталықтың акушер-гинекологтары кесір тілігін жасап, сәбиді дүниеге алып келді. Салмағы 3,6 келі ұл бала бірден кювез аппаратына жатқызылады. Одан кейін іске кардиохирургтар тобы кірісіп, әйелге ота жасауды бастайды. Ол үшін науқас жасанды қан айналымы жүйесіне қосылады. Қолқа тамырға жасалатын отаның негізгі шарты – адамның дене температурасы 16 градусқа дейін төмендетіледі. Бұл – өте қауіпті, әдетте, дене температурасы 20 градустан төмендегенде адамның жаны үзіледі.
Дегенмен, Құдай сәтін салғанда, 7 сағатқа созылған күрделі операция сәтті аяқталды. Кардиологтар науқастың қолқа тамырының доғасы мен супракоронарлық аймағына протез салып берді. Қазіргі таңда әйел кардиологиялық орталық дәрігерлерінің бақылауында. Отадан кейінгі жағдайы бірқалыпты, асқынусыз өтуде, - дейді дәрігерлер.
– Жалпы, қолқа тамырдың жыртылуы кардиология мен кардиохирургияда сирек кездесетін жағдай және оны болжау өте қиын. Ол - ол ма, статистика мәліметтеріне сүйенетін болсақ, мұндай диагноз қойылған науқастардың жартысы жедел жәрдем келгенге дейін, қалғандарының 50%-ы отаға дейінгі уақытта көз жұмуы мүмкін, - дейді осы жағымды жаңалыққа байланысты БАҚ өкілдерімен жүздескен Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев.
Ал сәби перинаталдық орталықта, ол да дәрігерлердің бақылауында. Үйіне шығаруға болар еді дегенмен, анасы кардиоорталықтан шыққанша нәресте де біздің күтімімізде болады, дейді №2 перинаталдық орталықтың мамандары.

309


Осы уақытқа дейін Шымкент қаласында мұндай қосарланған патологиямен ота бұрын-соңды жасалған емес. Тек республикалық орталықтарда бірлі-жарым жағдай болмаса.
– Науқастарды көбінесе санитарлық авиация желісі бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталықтарға тасымалдауға мәжбүр болатын едік. Ал санитарлық авиациямен тасымалдау қосымша шығын, сонымен қатар қолқаның жыртылуының асқынуы мен өлім қаупі өте жоғары. Оған қоса бұл жағдайда пациенттің денсаулығы тасымалдауға жарамайтын еді. Сондықтан жедел түрде консилиум ұйымдастырылып, Шымкент қаласының кардиологиялық орталығында жедел түрде ота жасау қажет деген шешім қабылдадық, - дейді қалалық кардиологиялық орталық орталық директорының міндетін атқарушы Ермағамбет Қуатбаев.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласының кардиологиялық орталығында білікті мамандар жұмыс істейді, орталық қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 2019 жылы қолқа тамыры жыртылған 7 науқасқа ота жасалды, нәтижелері қанағаттанарлық. Қалалық кардиологиялық орталықта Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ғана емес, Жамбыл, Қызылорда облысының да осындай диагнозы анықталған науқастарына жедел оталар жасалады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.