Версия для печати

Жалаң аттың жалымен, жалаң қылыш жүзімен Избранное

Среда, 06 Ноябрь 2019 04:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2921 раз
Оцените материал
(0 голосов)

0007 sk 1

ЕЛ ҚОРҒАҒАН ЕРЛЕР-АЙ!

Сайрамда, бұрынғы ескі қалашық алабындағы «Батыр бабалар қорымына» ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты жиынды ашқан медицина ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Иманәлі Байдаулетов қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған Тілеу батыр мен оның ұлт азаттығы үшін қасықтай қанын қиған баһадүрлері жайында баяндап берді.

1681-1684 жылы Сайрамда жоңғарлармен болған соғыс қазақтың тарихта ұлт болып қалу мен қалмауының шешуші кезеңі еді. Сонда әз Тәукенің батыс қазақтарын көмекке шақырғанын қабыл алған
Тілеу батыр 17 мың қолмен Сайрамға аттанады.
Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатына арнайы қатысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов батыр бабаларға тағзым ету ұрпақ парызы екендігін баса айтты.
– Тілеу Айтұлы тарихта қалған және өзінің батырлығымен, билігімен ерекшеленген тұлға. Түркістанда Тәукені хан сайлауға қатысқан би әрі батыр, Күлтөбеде сөз алған белгілі ер, Сайрам шайқасының сардары. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, бабалар аманатымен келген осынау дархан даламызда бүгінде қаншама ұлттар мен ұлыстар бейбіт өмір кешуде. Бүгінгі ұрпақ осынау батыр бабалар есімін ешқашан ұмытпайтынына сенімім мол, – деді Ерлан Қуанышұлы.
Салтанатты шара барысында Тілеу батырдың ұрпағы, Ақтөбе қаласының тұрғыны, зейнеткер Зейнулла Камидуллаұлы да игі іске өз ризашылығын білдірді. Өйткені, бұл қорымға ескерткіш тақта орнату Тілеу батыр жайында көп зерттеген әкесі мен Оңтүстіктің абызына айналған, бүгінде марқұм Құдайберген Оңғаров қарияның бастамасы еді.
Шымкент қаласының өкіл имамы Б.Бейсенбаев батырлар рухына құран бағыштап, шара соңында арнайы ас берілді.

Осындайда тағы да айтқың келеді.
Бүгінде атқа отырып, жауға қылыш көтермек түгілі мылтық кезеген біреу болса әйелінің көйлегінің ішіне сүңгіп кетуден тайынбайтындар «қазақта екінің бірі батыр. Олар өзі қайдан шыққан» деп келемеждеп жүр.
Қазақ – текті халық. Мыңға жалғыз шабатын жампозы батыр атағын ешкімнен сұрап алған жоқ. Еуропаның мақтаулы мемлекеттерінің әлденешеуі сыйып кететін қазақтың ұланғайыр даласын сауғаға ешкім берген жоқ. Алла пешенесіне жазды. Қазақ батырларының арқасында қызыл қасапқа түсіп жүріп сақтап қалды. Бір пұшпағын да жау қолына ұстатқан жоқ. Қорғансыздықтан, күші шамалы соққанда берді, бірлігі жарасқанда тартып алды.
Ал, біз әңгімелегелі отырған. Тілеу Айтұлы мен ұлы Жолдыаяқтың жөні тіптен бөлек. Елдік пен ездік сынға түскен, қазақтың бұл ғаламда қалу-қалмауы сын безбеніне тартылған, кейінгі соғыстардың ең үлкен ауыртпалығын көтеріп алған, табаны күректей төрт жылға созылған Сайрам соғысы қазақ тарихының ең қатпарлы кезеңі еді.
Сонау Ақтөбе өңірінен Сайрамға 17 мың сарбаз бастап келген Тілеу батыр жайлы айтпас бұрын тарихқа сәл шегініс жасауға тура келеді.
Мұрағатта күн-түн отырып, көз майын тауысқан, әр сөйлеміне асқан жауапкершілікпен қарайтын Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесінде» Сайрам соғысының маңызы жан-жақты нақтыланған.
1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы әз-Тәуке хан сайлағанда Тілеу батыр да ұлықтау рәсіміне қатысқан екен.
Тәуке таққа отырғаннан бір жылдан кейін қалмақ ханы Ғалдан-Бошақты қазақ жеріне басып кірген. Қазақтың ұланғайыр даласы өзіне сор болған заман.
Екі жақтағы екі ұлы империя Ресей мен Қытай билеушілерінің көңіліне алалық кірген. Тұрақты әскері жоқ мамыражай жатқан қазаққа бес қаруын төсекке бас қойғанда ғана бойынан сыпыратын жоңғардың қолтығына су бүркіп айдап салады. Екі жақтап зеңбірек беріп, мылтық беріп, ұрыс өнеріне үйретеді. Мұздай қаруланған жоңғар әскері жолындағыны қоғадай жапырып келе жатқан соң әз Тәуке батыстағы қандастарына жаушы аттандырады. Қазақтың ырыс-ынтымағының беріктігі сол, Тілеу батыр қасына інісі Қалдыбай мен баласы Жолдыаяқты ертіп, 17 мың сарбазбен Түркістанға келеді.
Тәукенің алдынан өткен соң Сайрамдағы сұрапыл соғысқа аттанады. Қазақ ордасының алтын діңгегінің бірі болған Сайрамдағы төрт жылға созылған соғыс жеңіліске ұшырағанымен мейманасы тасып келген жоңғарды қалжыратып, қайтадан күш жинау үшін еліне қайтарады.
Қазақ астанасы Түркістанды осы жолы басып алып, қалың елді қайқы қылыш астында ұстауына мүмкіндік бермейді. Сайрам соғысы қазақ әскерінің топтасуына, батырларының ұйысуына, хан әмірін екі етпей уақыттан ұтуына септеседі.
Міне, Тілеу батыр он жеті мың сарбазымен елінің азаттығы үшін қырқысқан Сайрам соғысының маңызы.
Тілеу батыр туралы зерттеу еңбектер жазған ғалым Жұманазар Асан бауырымыз ел аузынан жинаған дерегіне сүйенсек, он жеті мың әскердің тыңнан қосылуы қазақ әскерінің жауынгерлік рухын көтерген.
Сайрам түбіндегі үш жылға созылған текетірес соғыста шебер қолбасы Тілеудің абыройы артып, атақ-даңқы жауына үрей тудырады. Дүрбіт-ойрат Қара Тілеуден көп зәбір шегіп, талай рет мандайлары тасқа тіреледі. Атағы жер жарған талай батырлары басын осы жерде алдырады. Бірақ қалмақтар көп еді, қарулары сай еді, ақыры бір тең емес жойқын ұрыста Тілеу атамыздың қасиетті қаны ат жалынан асып, қара жерге төгіледі. Суық хабар тиген соң ортада ұрыс салып жүрген Қалдыбай мен Жолдыаяқ қатар ұмтылады. Бұлар жолындағыны ығыстырып жетемін дегенше, қалмақтар сүйекке иеленіп, шеп құрады. Шежірешілердің айтуынша, әулие атамыз елден шыққан соң, інісі Қалдыбайды оңашалап: «Мен осы сапардан қайтпаспын, өз қолыңнан қоярсың» деген екен. Аға алдындағы борышына адал Қалдыбай басын бәйгеге тігіп, топқа түседі. Бірге ұмтылған Жолдыаяққа: «Ту сыртымнан ешкімді жіберме» дейді. Қарымы қатты Қалдыбай алмас қылышпен алдындағы жауды жапырып отырады да, Жолдыаяқ ту сыртынан дұшпан дарытпайды. Жан беріп, жан алысқан арпалыста ағайынды қос арыс жау қолындағы Тілеудің сүйегін алып шығады. Бөрте жорғаның үстіндегі Қалдыбай ағасының мәйітін алдына өңгеріп кейін салады. Қалдыбайдың қолы байланғанын көрген қалмақтар тез ес жиып, қайта қоршайды. Қалдыбай бос емес, әрі атта екі адам, ендігі ауыр салмақ Жолдыаяққа түседі. Сонда сабына қорғасын құйып тастаған, өзінен басқа ешкім көтере алмайтын көк найзаны ұршықша үйіріп, жай оғындай жалтылдатқан Жолдыаяқ оң келгенін оң шаншып, сол келгенін сол шаншып, қоршауды бұзып жол салады. Әлденеше жерден жараланғанына, өлген-тірілгеніне қарамай, әкесінің сүйегін алып шығады. Қазақ сарбаздары Жолдыаяқтың жанкешті ерлігіне қайран қалады. Бірақ есіл ер ауыр жарақаттың әсерінен ұзамай-ақ достары ортасында фәниден бақиға өтеді. Шәйіт. Тілеу ірі кісі екен. Қалдыбай да олқы болмаса керек, жиналғандар: «Сұңқардың сүйегін тұлпар көтереді деген осы екен-ай» деп, Бөрте жорғаға да таңданыпты.
Бұл 1684 жылдың жазы еді, яғни Сыбан Раптан Сайрамды алатын жаз. Асыл текті Тілеу ұлтының болашағы жолында шәйіт болды. Жаумен жағаласып жатқан қалың қандас кеңесе келе, өздерінің дана қолбасысын, оның жаужүрек ұлын Тәуекел баһадүр хан, Салқам Жәңгір жатқан қасиетті Қожа Ахмет Яссауи дүрбесіне жерлеуге шешім шығарады. Сонда сүйекті Қалдыбай қара нарына теңдеген екен, Жолдыаяқ жағы басып кете беріп, қапқа құм салып тендестіріпті дейді Тілеудің қандай кесенеге жерленгенін ғана емес, қандай көлікпен қайтып апарылғанына дейін білетін қазақтың кітап орнына жүретін шежірешілері айтқан кеп осы.
Бүгінгі күні ойға қалсақ, атамыз тегіннен тегін қан төкпеген екен. Тәңірінің назарынан тыс қалмапты: ұрпағын өсіріп, атын руға шығарыпты. Қазір Тілеу деген ру күллі Қазақстанға белгілі. Тілеу руынан батыр да шықты, ғалым да шықты, Тахауи Ахтановтай әйгілі жазушы мен белгілі саясаткерлер өрбіді. Бәрін тізбей, бүгінгі күннің белгілі саясаткері Марат Мұқанбетқазыұлы Тәжинді атасақ та жеткілікті. Ғалым Жұманазар Асан ойын осылай түйіндейді.
Оңтүстіктегі қалың қазақтың мылтық оғы мен зеңбірек зіркілінің астында қырылып кетпеуін ойлап, екі мың шақырым қашықтан 17 мың сарбаз әкелген Тілеу батырдың заманынан озып тұрған тұлға екендігін айтқан академик Мұрат Жұрыновтың Түркістанда өткен келелі жиында тебіреніп, Тілеу батырды қазақтың бас батырына теңеуі әсіре қызыл сөз емес, шын батырдың ерлігін қазақтың зиялы азаматы, мемлекетшіл тұлға ретінде мойындауы еді.
«Қазақ хандығынын алғашқы іргетасы қаланып жатқан кездегі ұлы шайқаста ерлік керсетіп, қаза болған қазақтың ен бірінші батыры кім дегенде, мен осы Тілеу батырдың атын атау керек дер едім. Өйткені, қалмақтардын қолында Сайрам кетсе, Түркістан кетсе, қазақ елі не болар еді? Иранға, Парсы еліне сіңіп кетер ме еді, кім білген?! Қазақтың жеке-дара хандық құрып халық болып отыруына, ерліктің, елдіктін туын көкке көтеріп жеңіске жетуіне, ұрпақтардын бүгінгі күнге аман жетуіне Тілеу бабамыздын қосқан жанкешті ерлігі орасан. Қазақ елін қорғау үшін өз өмірін құрбан еткен бабалардын ерлігін әділдікпен бағалай білейік» деген еді академик.

Алты бақан алауыздық – қазақтың соры

Жиынға Оңтүстік зиялылары, қадірменді қарттары арнайы шақырылған екен. Бәрі жарасымды, бәрі де орынды. Бірақ, көңіл бұзатын жағдайаттар да болмай қалған жоқ. Облыста үлкен бір саланы басқарған бір азамат көркеуде біреудің өзіне «кіші жүздердің жиынына неге барасың?» деген сөзін айтып қалды.
Бұрынғы шенеунік, біздің сұхбаттасымыз расында заты жақсы адам. Көңілінде алалық жоқ, шын ниетімен келді. Бірақ, көз алдынан басқаны көрмейтін көрбақ біреудің айтқаны айран-асыр қылған.
Осындайда еске түседі.
Қазақтың қалың тарихын шотқа салып, сартылдатып санап отырған демографтар «ұлтымыз әр түрлі зұлматқа ұшырамағанда бүгінде 80-90 млн. болар еді» дегенді көкіректері жалын атып айтады. Кім кінәлі?! Расын айтайық, тікелей келген жаудан бөлек қазақ зиялыларының өздері кінәлі.
Қазақ төңкерісінен кейін Қазақ автономия сұрағанда Әліби Жангелдиннің бірінші басшы болуын қаламай, Мәскеуге арыз жазды Қазақстанның бірінші хатшысы, грузин Нанейшвили аурулы болып, орнына екінші хатшы, алаштың аяулы ұлы Сұлтанбек Қожановқа таңдау түскенде рушылдығы қозып, тағы да Мәскеуге арызды қарша боратты. Қу жақ Голошекиннің келуін осылайша қамтамасыз етті.
Соңы не болды? Үш қазақтың біреуі аштықтан өлді, екіншісі жан сауғалап Қытай асты. Ормандай қазақты өрт шалып, әлсіреп қалды. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген осы екен.
Уақытында біртұтас бірлігіне көзі өткен Ресей империясының сексеуіл идеясы, «бөліп ал да билей бер» саясаты қазақ өмірінде осылайша әлі көрініс беріп жатыр.
Қазақтың ру, тайпалардан құралғанын, ал жүз мәселесі ел шекарасын қорғаудан туындағанын көрбақтар өмірі ұқпай-ақ кететін шығар.
Батырлар әруағына берілген аста Батыстан келген әскердің қатарында Астрахан қазақтарының болғандығы да айтылды. Айшылық жерден бес қаруын асынып атқа қонған қаһармандар «өз шебім түгел, Оңтүстіктің қазақтары өз жерін өзі қорғасын» деген жоқ қой. Қандастарының басына күн туғанда кетпеннің сабынан қарауыл қарап жата алмады. 17 мың сарбаздың 11 мыңы Сайрам соғысында шәйт болды. Азаттық үшін жанын қиды. Олардың обалы тұтас қазақты қырыққа бөлетіндердің ар-ұятында болсын демеске амалың жоқ.
Бірлік туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жиі айтады. «Егер отбасында бірлік болса, ол берік болады. Егер кәсіпорында бірлік болмаса, ол өркендемейді, ал егер мемлекетте бірлік болмаса, онда ол күйрейді. Сондықтан бірлік – бұл біздің мемлекеттігіміздің түпқазығы. Қазақстанда әр түрлі этностар тұрады, олардың бірлігі, бауырмалдығы тыныштығымыздың негізі. Адамдар тыныш, бейбіт және тату-тәтті өмір сүрсе – нағыз бақыт деген осы. Жеке-дара бақытты болу мүмкін емес, амандық пен береке мемлекеттің жалпы жағдайына байланысты. Сол себепті Қазақстанның қол жеткізген бірлігі мен ынтымағын бағалауымыз әрі оны балаларымызға сіңіруіміз керек», - дейді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Бұған алып қосарымыз жоқ.

 

Бақтияр ТАЙЖАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.