Версия для печати

Елбасы Түркістанның тынысымен танысты Избранное

Среда, 06 Ноябрь 2019 04:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2231 раз
Оцените материал
(0 голосов)

adg5260s

Түркістан облысына сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Тұңғыш Президент Саябағындағы ойын-сауық паркінің құрылыс жобалары таныстырылды. Сондай-ақ, Елбасы желілік саябақ жасау жоспарын көріп, қалалық Арбатты қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасы туралы ақпарат берілді.
Сапар барысында Елбасы қаланың рухани-мәдени орталығында өткен концертке қатысып, Түркістан облысының тұрғындарымен жүздесті.
Сөз орайында Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызын және қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті.
– Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатыр. Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар, қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Концерт соңында Нұрсұлтан Назарбаев қолөнершілердің көрмесін аралап көрді. Онда әлемнің 20 елінен келген шеберлердің жұмыстары ұсынылған.
Сапар кезінде Елбасы Түркістан облысы әкімдігінің жаңа ғимаратында болып, Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығын қайта құру жұмыстары бойынша аралық нәтижелерімен танысты.
Түркістан тынысымен танысқан Нұрсұлтан Назарбаевқа Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауының жұмысы туралы ақпарат берілді.
Сондай-ақ, Елбасыға туризм индустриясын дамыту, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жобалар таныстырылды.
Қазақстанның Тұңғыш Президентіне болашақ «Түркістан» халықаралық әуежайының және 600 орындық көпбейінді аурухананың үлгілері көрсетілді.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс орталығында инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нәтижелері туралы мәлімет ұсынылды.
Нұрсұлтан Назарбаев «Алатау» медиа орталығы ғимаратында болып, өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерін аралап көрді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін атап өтті.
Жаңа өнер мектебінде болған
Елбасыға өңірде өнер мен мәдениет саласын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді. Балалар шығармашылық ұжымдары Қазақстанның Тұңғыш Президентіне бірнеше музыкалық қойылым көрсетті.
Елбасы Түркістанға сапарының қорытындысы бойынша отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Елбасы журналистер алдында сөйлеген сөзінде Түркістан аумағында қарқын алған құрылыс жұмыстарының ауқымын атап өтті.
– Өткен жылы облыс орталығын көшіру туралы жарлыққа қол қойған соң ауқымды құрылысты бастадық. Бүгін мен орасан зор ғимараттарды аралап көрдім. Көптеген жаңа нысандар бой көтеріп, жастар үшін жұмыс орындары ашылып жатыр. Ауруханалар, мектептер, қонақ үйлер, халықаралық әуежай салынады. Су ресурстарымен қамту саласындағы мәселелерді шешу жоспарланған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті әкімдіктің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары туралы айтты.
– Бір жыл ішінде көптеген жұмыс істелді. Келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшыларын саммитке шақыруды жоспарлап отырмыз. Егер олар қатысуды растаса, біз оны Түркістанда өткізуіміз мүмкін. Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала – бұл Қазақстанның байлығы. Елорданы салған кезде қаржыландыруға байланысты сұрақтар болған еді. Енді Нұр-Сұлтан қаласы барлық шығындарды өтеп, жыл сайын бюджетке триллиондаған кіріс әкеліп отыр, - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан мен бүкіл өңірдің туристік әлеуетін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
– Біз мұнда көптеп туристерді тартуымыз керек. Бүкіл түркі әлемі Түркістанды орталық деп санайды. Туризм – экономиканың маңызды бөлігі. Мұнда көптеген мұражайлар бар. Қазір «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркін құру жұмыстары жүргізілуде, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.