ЖОМАРТ ЖІГІТ БАЙМЕН ТЕҢ Избранное

Пятница, 15 Ноябрь 2019 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 256 раз

«Көк аспаның ластанса төрдегі,
Жан ұшырып іздер дейсің ел нені?
Қандай жаман, қандай жаман, құдай-ай,
Балалардың қара аспанды көргені...» деп жырлаған жаны нәзік, жүрегі кең, ақын Сүндет Сейітов қайырымды қаланың белгілі де белсенді тұрғыны.

қайырым

Сүндет кеше ғана мүмкіндігі шектеулі балаға барынша қамқорлық танытып, жалғызбасты ананың алғысын алды.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жұмысқа орналасқанына көп болмаған С.Сейітовтің негізгі міндеті баспасөз хатшысы.

КТК телеарнасының тілшісі Жазира Бегалының facebook парақшасынан Шымкенттегі өзімен аттас жас ананың жағдайы туралы жазбасын оқиды.

– Ертесіне әлгі жас келіншекті шақырдым, шағымын тыңдадым. Мамандармен ақылдасып, оның Атаулы әлеуметтік көмек алудағы дұрыс емес құжаттарын ретке келтіруге барынша араласып, соңына дейін қасында жүрдім. Сонда сөз арасында баласының жағдайын, оған не болғанын, неліктен мүмкіндігі шектеулі екенін сұрадым – дейді Сүндет.

Сундет

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ж.Бегалиеваның мәселесі шешілді. Бірақ, Сүндеттің ойынан 3 жастағы баланың жағдайы кетпей қояды. Небәрі үш жасар баланың ауыр демінен тынысы тарылған Сүндет қарап отыра алмай мән-жайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегі таныс ағасына жеткізеді.

– Шырылдаған жас анаға қарап, өзімнің анам есіме түсті. Оның баласына алматылық дәрігерлер қойған диагнозды Шымкентте «дұрыс емес» депті. Содан қай жақтың шатасқанын білмеймін. Министрліктегі ағамнан диагнозды анықтауға және баланы емдету үшін білікті дәрігер табуға көмектесуін өтіндім.

Сосын өзім қаражат жағын ұйымдастыруға тырысып, facebook әлеуметтік желісінде біраз адамды белгілеп, Ж.Бегалиеваның өкпе ақауынан аппаратпен тыныс алып жатқан баласына көмектесуге шақырдым, – дейді ол.

Сүндет бастаған қайырымдылық баршаны елең еткізді. Қоғамға қозғау салған мәселеге қайырымды жандар шама-шарқынша ақшалай жәрдем берсе, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев Жазираны қабылдауына шақырды.

– Көңілім көншімей, қабылдаудан шыққан соң тағы сөйлестім. Жазираның өзіне де, мүмкіндігі шектеулі баласына да денсаулық сақтау басқармасы толығымен көмектесетін болыпты. Емдеуге кететін шығынның бәрін басқарма өз жауапкершілігіне алғанын естіп, арқамнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым, – дейді Сүндет.

Ал осы жағдайлардан кейін әу баста жағдайын ашына жазған Жазира Бегалиева әлеуметтік желі арқылы алғысын білдірген. Жас ана «Сүндет Сейітов мырзаға алғысым шексіз. Жас та болса, ақылдылығына, даналығына бас иемін. Өз ісін жауапкершілікпен атқарады. Сізге мың алғыс. Бұндай азаматтар мен азаматшалар көп болса екен» деп жазды.

Біздің мақсат науқас балаға деген жанашырлықты қаһармандыққа балап, қолдан батыр жасау емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін қазақы қоғамда Сүндет Сейітов секілді шамасы келгенін жасауға барын салатын қайырымды жандарды көрсету. Тағы да айтайық, Шымкент қаласы Сүндет секілді қайырымды жандарға өте бай.

Последнее изменение Пятница, 15 Ноябрь 2019 04:17
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.