Әр сөзде мың бояу бар билбордтар тұр көшеде... Избранное

Пятница, 15 Ноябрь 2019 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2948 раз

Әсілі, рухани жаңғыру үдерістерін үлгі етуде Шымқалаға жететін шаһар жоқ секілді көрінеді бізге. Бұл шаһар әу бастан қазақилықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық құндылықтарды қастер тұтқан өнегесімен өзгешеленетіні айқын.

2

Әсіресе, руханиятқа қатысты айрықша бір істердің қолға алынғанын көргенде көкірегіңде кемпірқосақ сәуле керілгендей әдемі әсерге бөленесің. Бүгінде Шымкентке жолы түскен адам қала көшелерінің поэзиямен әспеттелгенін бірден байқар еді.

Осы ай айшығында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері саналатын 70-ке жуық ақынының өлеңдері әсем билбордтарға айшықтап жазылып, қала көшелеріне әрі әр, әрі нәр беріп ілінгені көңіл қуантады.

Анда қарасаң, адамзаттың Абайы «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп қазақты ынтымақ-бірлікке шақырып тұр. Мұнда қарасаң, «Жан да аяулы, Мал да аяулы болса егер, Жан аяма, Жарың үшін жанды сат!» деп Шәкәрім атамыз нақыл айтып тұр.

Тағы бір көшеден өтіп бара жатып Жұмекен ақынның «Аспанда күн барда, Әлемде сыр барда, Адамдар маңдайын жуған тер құртар ма! Беремін барымды, аламын жоғымды, Екі қол бір кеуде, Өзімде тұрғанда», – деген өлең жолдарын оқығанда өскелең ұрпақты намысты, жігерлі болуға шақырған ұлағатын ұғасыз.

Бұлардан бөлек, Махамбет Өтемісұлы, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, т.с.с. мүйізі қарағайдай алыптарымыздың бейнесі, парасат биігіндегі поэзиясы менмұндалап, қала көшелерінен ары-бері өткен жолаушыларға оймақтай ой салып тұрғанын аңғармау мүмкін емес.

Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бүгінде үлкен рухани шараға бастамашы боп отырғанын айта кету керек. «Қазақты ұлт ретінде оның руханияты ғана сақтап қалады» деп есептейтін қала басшысы бұл істі өзінің тікелей бақылауында ұстап отыр. Өлеңмен сөйлеген билбордтарда бүкіл Ұлы дала географиясы қамтылған. Алтай мен Атыраудың арасын ен жайлаған қазақтың талантты ұл-қыздарының қаламынан шыққан шуақты жырлар сіздің жаныңызға нұр себезгілейді.

 DSC4234

«Өлең оқып тұру керек екен-ау» деп еріксіз ойланып қаласыз. Ерлан Қуанышұлы өзінің қызметіне жаңа кіріскен кезінде өңірдегі зиялы қауым, БАҚ өкілдерінің басын қосып, арнайы кездесу өткізді. Сол кезде шаһардың жаңа басшысының: «Ұлттық кодымызд қастер тұтып, дамытып, қалың қауымға, әсіресе жастарға паш ету керек.

Президентіміз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақынның өлеңдерін оқу эстафетасын жандандырды. Бұл да идеологияның үлкен бағыты. Руханият – рухты көтеретін, елдік пен бірлікке бастайтын күш, қуатты қару. Сондықтан, бұл салада тұрақты насихат жүргізілуі қажет», – деген сөздері алда үлкен рухани серпілістің басталарын меңгезегендей еді.

Сол серпіліс бойға өлең жолдарымен қуат беруде. Әсіресе, жастар жағы бұл жаңалықты қуана қабылдағандай. Олар өздерінің көздері шалып қалған билбордтағы өлеңдерді ұялы телефондарына сырт еткізіп түсіріп алып, одан ары ватсап желісі арқылы достарына жіберіп жатқанына да куә болдық.

Қала әкімінің «Қайырымды қала» идеясының игілікті һәм ізгілікті көрінісін шаһар көшелеріне көрік, ал адамдардың санасына ой-өріс берген өлең жолдары айғақтап тұрғандай. Әр сөзде мың бояу бар билбордтар ілулі тұр көшелерде. Байқадың ба, бауырым?!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.