Версия для печати

«Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?»

Пятница, 15 Ноябрь 2019 04:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4839 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Үшінші мегаполисте заңсыз салынған нысандар соңғы уақытта жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Бүгінде құрылыс сапасына көз жеткізбей-ақ пайдалануға қабылданған нысандардың саны 1034-ке жеткен. Бұл небәрі 2018-2019 жылдар аралығындағы көрсеткіш. Қоғамдық кеңестің отырысында Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Берік Тастанбекұлы айтқан бұл дерек журналистік зерттеу жүргізуге себеп болды.

010

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қала сәулетіне сын келтірген құрылыс нысандарының «заңсыздық кодына» айналған «1034»-ке жақынырақ үңілдік. Қала құрылысын бақылау басқармасы тарапынан бір, сәулет және қала құрылысы басқармасы жағынан екі, Шымкент қаласы әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары тұсынан тағы бір қарап көрдік. Қалай қарасақ та, заңсыздықтың аты да, заты да өзгермеді.

Мегаполис – біздің жекеменшік үйіміздің ауласы емес

Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Б.Дүйсенов «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңы қалай бұзылғанын түсіндіріп берді.
– Сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы жоқ. Жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ. Құрылыс-монтаждау жобасы сараптамадан өтіп, оң қорытынды алғаны туралы құжат жоқ. Құрылысты бастағаны туралы хабарламасы жоқ. Бірақ, меншік иелерінің пайдалану-қабылдау актісі сәулет және қала құрылысы басқармасында есепке алынған. Мәселе осында, – дейді ол.

Берік Тастанбекұлының айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының 68 бабына сәйкес, аталған 4 құжатсыз құрылысты бастау мүмкін емес. Әсіресе, бұл заң мегаполисте қатаң сақталуы тиіс.

– Ал біздің әріптестер сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы мен жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ екенін біле тұра, осындай келеңсіздікке жол берген. Себебі, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын да, жобалық-сметалық құжаттамасын да сәулет және қала құрылысы басқармасы береді, – деді ол.

Шынында, нысан иесі құрылыстың сапалы салынғанын, оның шатыры құлап немесе қабырғасы сөгілмейтінін қалай дәлелдеген? Қала сәулетіне сын келтірмейтінін, «адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің» жоқтығын нақты құжаттармен дәлелдемей-ақ, нысанды пайдалану-қабылдау актісін қалай алған? Осылай қалаған жерге зәулім сарай көтере салсақ, мегаполиске Бас жоспардың керегі не?

Берік Дүйсеновше айтсақ, мегаполис бұл біздің жекеменшік үйіміздің ауласы емес. Өз үйіміздің ауласына тауыққа, төрт түлікке қораны қай тұстан, қалай салуды әркім өзі шешер. Алайда, мегаполис, кешіріңіз, бұл біздің қорамыз емес! Мұнда Шымкент қаласының Бас жоспары бекітілген. Сонда мегаполисті ең әуелі сәулетшілер мен шаһар дамуының негізгі тұтқалары – ірі кәсіпкерлер «өз қорасына» айналдырып отырғаны ма? Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы дәл осылай ашынды.

Заңсыздықтың ашылуына кім түрткі болды?

– Біздің басқарма Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанғаннан кейін құрылды. Қала құрылысын бақылау басқармасы құрылғалы әрбір жеке және заңды тұлға құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаны туралы бізге хабарлама қалдыруы тиіс. Ол хабарламада құрылыс болатын нысанның мекенжайы, құрылыстың атауы, тапсырысшы яғни меншік иесі, мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушылар, нысан құрылысының басталуы мен аяқталу мерзімі нақты көрсетіледі.

Ал біздің дереккөзде хабарламасы шықпаса, ол нысанның құрылыс жұмыстары заңсыз деп танылады, – деген Б.Дүйсенов біз зерттеген 1034 нысанның сол тізімде жоғын алға тартты.
Ол тізімде болмайтыны анық. Себебі, 1034 нысанның пайдалану-қабылдау актісінің өзі 2018-2019 жылдары тіркелген. Яғни, құрылысы одан да ерте басталған. Ал заңсыздықты анықтау үшін Берік Тастанбекұлының атына Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Архабаев қызметтік хат жолдаған.

(суретте 1-ші құжат)

6666666

Бір даудың шындығына жеткісі келген Қаз дауысты Қазыбек би ештеңе айта алмай қипақтаған жолаушыға қарап «Айтайын десе, бұған сор, айтпайын десе, елге сор» депті ғой. Сол айтқандай, Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары бола тұра Н.Архабаевтың сол басқармада белең алған мәселені қолға алу туралы өзі бастап қызметтік хат жолдағаны бізге де түрлі ой салды.

Әліптің артын бағайық

Қоғамдық кеңес отырысында Берік Тастанбекұлы «...Қала әкімі аппаратының басшысы мен біздің әріптесіміз қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының үстінен Ұлттық бюроға қызмет хат жолдады. Сондай-ақ, осы іс бойынша жауапкершілікке тарту туралы Мемлекеттік қызмет агенттігіне де тиісті құжаттарды жолдадық» деп еді. Осы екі құжатпен таныстық.

Қызмет хаттар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағалиға және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ә.Көмекбаевқа Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы Е.Әлімқұловтың атынан жолданыпты.

Заңсыздықтың орын алуына байланысты қызметтік хатта «Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ж.Байымбетов және орынбасары Н.Архабаевтың, сонымен қатар аталған басқарманың мемлекеттік әкімшілік қызметкері С.Байниязовтың және азаматтық қызметшісі М.Тыныстановтың іс-әрекеттеріне процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті құжаттарды жолдаймыз» делінген.

(суретте 2-ші құжат)

Untitled

Әйтсе де, шара көру мәселесі Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Архабаевтан түсініктеме алумен шектелген сыңайлы.

Шымкент қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсеновтің атына «адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және оны жою мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізуді, қабылдау актісін заң бұзушылықпен қабылдаған жеке және заңды тұлғаларға шара көруді, әділет басқармасына тіркелген пайдалануға қабылдау актісін заңсыз» деп тану бойынша сотқа талап арыз беруді сұрап, қызмет хат жолдаған Н.Архабаевпен кездестік.

– Маған көрді ғой шараны. Бірақ, онымен тоқтауға болмайды. Қала құрылысын бақылау басқармасы өз құзіреті шегінде осы 1034 нысанның да жұмысын тоқтатуы керек. Оларға тиісті шара көріп, айыппұл салса, қазынаға 1 млрд теңгеден көп қаржы түседі. Ал құжаттарын ретке келтірсе, бұл кіріс тағы да еселенбек. Есесіне, біз – осы саланың жауапты адамы ретінде адам өміріне төнуі мүмкін қауіпті сейілтеміз, – деді Нұрлан Төлепбергенұлы.

Н.Архабаев осы мәселені көтергенде таяқтың екінші ұшы өзіне де тиетінін білді ме екен?

– Білдім. Амал жоқ енді, не істеймін? Шымкент миллионды қала болғанға дейін біздің мекеме – бөлім, мен – бөлім басшысы едім. Кейін басқарма болып қайта құрылып жатқанда бірқатар заңсыздықтарды байқадым. Қазір көзімді жұмып, білмегенсіп кетсем, біраз жылдан кейін сол сапасы тексерілмеген нысанның бірі құлап, «Шымкентте 600 адам тойхана үйіндісінің астында қалды» деген хабар тараса жақсы ма? «Архабаевтың басқарған кезінде болған» дейді ғой. Ол нысандар өз бетінше құрылыс жүргізген. Ал оларға пайдалану-қабылдау актілері 2018 жылдың қыркүйегінен бастап берілген. Бүгінге дейінгі дерек заңсыз салынған 1034 нысанды құрап отыр, – деді Н.Архабаев.

Еске салсақ, «Шымкент келбеті» газетінің №11 (1653) санында (8 ақпан 2019 жыл) жарияланған сұхбатында Б.Дүйсенов «құрылысты заңсыз бастаған кәсіпкерлік нысанға ҚР ӘҚБтК-нің 316, 321, 318, 463-баптары бойынша көлемі 1 млн теңгеден асатын айыппұл салынатынын және құрылысты тоқтату туралы нұсқама берілетінін» айтқан. «Айыппұл төлеуден бөлек құрылысты одан әрі жалғастыру үшін заңдастыруға міндетті. Яғни, жоғарыда аталған құжаттар айыппұл төлегеннен кейін де талап етіледі. Бұл талаптарды орындамай жұмысты жалғастыруға тыйым салынады» деген болатын.

Ал біз мұнда той тойлап жүрміз...

Біз зерттеп отырған заңсыз салынған 1034 нысанның бірі – «Керуен сарайы» мейрамханасы. Мұнда тыйым салмақ түгілі, ел күнде дерлік той тойлап жүр. Тіпті, 2017 жылы БАҚ өкілдері кәсіби мерекесін дәл осы салтанат сарайында атап өткен. Ал қолда бар деректерге сүйенсек, С.К.Молдалиновтың атындағы бұл «сарайға» пайдалану-қабылдау актісі 2018 жылдың 21 желтоқсанында ғана берілген.
Құрылыстың сапалы, адам өміріне қауіпсіз екенін, арматура, бетон, басқа да құрылыс заттарының тиісті мөлшерде қолданылғанын дәлелдейтін жобалық-сметалық құжаттамасы жоқ. Құрылыс-монтаждау жобасы оң қорытынды алу тұрмақ, сараптамадан да өтпеген.

Міне, қызық! Меншік иесі заңды белден басқанның қандай болатынын көрсетіпті.

С.Молдалиновтың «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының 68-бабы бойынша Құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптарды сақтамағаны туралы Н.Архабаев Б.Дүйсеновке жазған қызметтік хатында баяндаған.

(суретте 3-ші құжат)

77777

Қызық... Екі басқарма да өз жұмысынан гөрі бір-бірінің жұмысын жақсы біліп отыр. Ал Шымкент қаласы əкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев жетекшілік ететін бұл салаға байланысты қала басшысы Ерлан Айтаханов «Бұл біздегі үрдіске айналып кеткен кемшілік!» деген пікірін ашып айтты. Бәлкім, заңсыз құрылыс жүргізгендердің мәселесін Ерлан Қуанышұлының өзі қаттырақ қолға алмаса, бір тығырыққа тірелері хақ. Қалай дегенде де қордаланған мәселе май шаммен қарайтын деңгейге жетіп тұр...

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.