Версия для печати

Қазақты болашаққа алып баратын қала – Шымкент Избранное

Пятница, 22 Ноябрь 2019 05:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2355 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте өткен «Шырайлы Шымкент»: «Береке басы – бірлік» қоғамдық форумында қаламыздың әу бастан-ақ мегаполис екендігі айтылды. «Біздің қаламыз «мегаполис» атағын алмай тұрғанда да бұл жерде керемет игі шаралар атқарылған.

DSC 1881

Мегаполис дәрежесіне болмыс-табиғатымыз да сәйкес келеді. Мәселен, солтүстіктің климаты қандай суық болса, халқының мінезі де қатқылдау. Ал бізде 10 ай жаз болып тұрады. Сондықтан сіздердің мейірімдеріңіз ерекшелеу» деді форум спикерінің бірі мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық универсиетінің профессоры Мырзагелді Кемел.

Төңіректі түйістіретін тамыр дерсің...

Алқалы басқосуды жазушы Мархабат Байғұт жүргізді. Спикерлер қатарында Мархабат ағамыздың тілімен айтсақ, жайшылықта түйе сойып, бие сойып шақырып келтіре алмайтын ерендер мен кемелдер, ой ерлігін жасап жүрген тұғыры биік тұлғалар болды.

Қазақстанның ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық универсиетінің профессоры Мырзагелді Кемел, академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Есен Омар қатысып, Шымкенттің қайырымды қала, мегаполис ретіндегі ерекшеліктері жайлы ойларын ортаға салды.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов жиынға қатыса алмағанымен әкімнің баяндамасын Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева оқып берді.

–Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып атқарған істер ұшан-теңіз. Әлі де шешімін күтетін қиындықтар мен күрделі түйіндер аз емес. Баршаңызға белгілі, Шымкент шаһары ТМД елдерінің мәдени астанасы болып бекітілді. «Шырайлы Шымкент»: «Береке басы – бірлік» форумының мақсаты белгілі, міндеттері айқын.

DSC 1802

Алғашқы алаңда аса маңызды мәселелер ортаға салынып, белгілі бір тақырыпта терең мәнді мәселелер қозғалады. Нақты ұсыныстар қабылданады. Олар міндетті түрде жүзеге асырылады. Форум тұрақты жұмыс істейді. Қажетіне қарай, ұсыныстарға орай жылына 3-4 рет басқосу өткізіліп тұрса деген ойдамыз, - делінген баяндамада.

Мегаполистің не екенін көптен зерттеп жүрген Мырзагелді Кемел «Астана қаласының мәртебесі туралы», «Алматы қаласының мәртебесі туралы» деген екі заңға «Шымкент қаласының мәртебесі туралы» Заңды қосып, Парламентке ұсыныс жасағанын айтты. «Мегаполис дегеніміз – қаладан үлкенірек қала деген сөз. Қалалық агломерациядан біз өттік. Сайрам, Қазығұрт, Төлебидің біраз жерін қосып алуымыз сол агломерациялық шешімдер болған. Мегаполис барлық тұрғыдан еркіндікке бағынған қала болуы тиіс.

Президент айтқандай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» ең негізгі көзі біздің Шымкент сияқты мегаполистер болады. Біз республикалық бюджетке де қаржы құйып отыратын орталыққа айналуға тиіспіз. Ол үшін Шымкенттің барлық мүмкіндіктері бар. Мына жағы – Ташкент, Иранға дейін, ар жағы Таяу Шығысқа дейін жол салынып жатыр.

Мына бетіміз – Түркістан, оның ар жағы – Қызылорда, Батыс Қазақстан. Төңіректегінің бәрімен байланыстырып тұратын тамырлы, түйінді қала. Бұл – қаланың ерекше дамуына ықпал жасайтын нәрсе. Әлемдік дәстүрде халық саны 5 миллионнан асқан қалаларды мегаполис деп атайды. Бірақ, біздің 18 миллион халқы бар елімізде қала халқының саны бір миллионнан асса мегаполис мәртебесі беріледі.

Шымкентті мегаполиске айналдыру тек басшылықтың бас ауыртатын нәрсесі емес, бұл мәртебені жоғары көтеруге дүйім халық болып жұмылуға тиіспіз. Мейірімді болуға, мейірім арқылы қайырымға оралуға, сол арқылы иманға иілуге тиіспіз», - деді ғалым.

Ол үшін кептеліс болдырмайтындай жол құрылысын жандандырып, тұрғынүй тапшылығын болдырмауымыз қажеттігін де қаперге ілді. «Қаланың сыртындағы жер үйлерде коммуникация нашар. Су, жарық, канализация жетпеген жерлер, бей-берекет салынған үйлер бар. Баспана дефицитін болдырмау үшін елімізде қабылданған түрлі бағдарламаларды пайдалану керек.
Келешекте Ақтөбе мен Қарағандының мегаполис болуға мүмкіндігі бар. Солай жалғасып кете беруі тиіс».

Келешектің иесі – гаухар ұрпақ

Академик Ғарифолла Есім Шымкент пен «шымкентский» сөзіне, мегаполистің жастарына ерекше екпін қоя сөйледі. Шымкенттіктердің мәртебесін асыра сөйледі.
–Шымкенттен қазақтың даусы, үні, мінезі көрініп тұрады.

«Шымкентский» десе астанада бәрі елең етеді. Себебі, бар жылулық осында. Шымкент – баяғыдан мегаполис. Мұнда тұрғаныңызға мақтанып, қуану керек. Шымкент – дәстүр. Қазақ тілінде 80 пайыз сөйлейтін қала еш жерде жоқ. Сондықтан, шымкенттіктер, мақтана беріңіздер! Біреуге ұнай ма, ұнамай ма, мақтана беріңіздер. Мегаполистер болмаса қазақ елі алға баса алмайды. Бізді алға алып баратын ең бірінші мегаполис – Шымкент. Шымкент қазақты болашаққа алып барады, - деді Ғ.Есім.

Профессор Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қала деген – құтты қоныс» деген сөзін мысал етті. «Мегаполис жастарына қойылатын алғышарттың бірі – Шымкент жастары өркениеттік қасиеттерді үйренуі керек» деді спикер. Айта кету керек, Ғарифолла ағамыз «Қазақстан – 2030» мемлекеттік бағдарламасының авторларының бірі. Ол ұрпақ сабақтастығын былайша жіктеп берді.

– Ғасырдың басында туғандар 2030 жылы ХХІ ғасырдың адамы болады. Қазір ғасыр басында туғандардың жасы – 19-да. Әлі 11 жыл бар. 11 жылдан кейін олар 30-ға келеді, билікке араласады. Сонда біздің қоғамдағы шаң-тозаңды сыпырып шығады. Мегаполисті де жасайтын солар. 40 пен 50-дің арасындағылар – қола ұрпақ өкілі. Бұлардың саны көп, сапасы да мол. Украинада сол буыннан Президент шықты. Бізде де солай боларына сенемін. 30-40 жас аралығындағылар – күміс ұрпақ.

Үшінші толқын 20-30 жас аралығындағылар – алтын ұрпақ. Бұлар тәуелсіздіктің құрдастары, ХХІ ғасырдың азаматтары. Біз бұл ғасырға қонақпыз. Үй иесі – 30-дағылар. Төртінші толқын енді дүниеге келіп жатқан ұрпақ, олар – гаухар ұрпақ. Бұлардың пайдалы әсер коэффициенті өте жоғары. Бұлар билікке келгенде, ат жалын тартып азамат болғанда қазақ елі бұрын болып көрмеген керемет ғұмыр кешеді.

Бүкіл дүние жүзі Шымкентке келеді. Осында демалады, әңгімелеседі. Тән беріп қарап, таңғалады, - деп форумға қатысқан шымкенттіктерді бір серпілтіп тастады.
Бұл жиыннан әрбір азамат өзінің шымкенттік екеніне мақтанып, көкірегін көрікті сезім билеп қайтқанын сездік. Сездік те қуандық. Осындай жастарға қозғау салатын, түрткі болатын басқосулар керек-ақ.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.