"Шымкент – шырайлы шаһарым" Ташкентте мәдениет күндері өтті Избранное

Среда, 27 Ноябрь 2019 03:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 342 раз

Қазақ пен өзбек – ежелден қоңсы қонған, тарихы тамырлас, мәдени құндылықтары ортақ, бауырлас халықтар. Өткен жылы біздің елімізде Өзбекстан жылы өтсе, биыл өзбек елінде Қазақстан жылы аталуда. «Өткен күнде белгі бар» дегендей, көрші елді басқарған Ислам Каримовтың мына сөзі ойға оралады: «Қазақтан досың болса, жолдан адаспайсың!» Ислам-аканың бұл сөзіне тарих куә, тіпті, өзбектің халық мақалына айналды.

78161284 2470994013157163 3884049937792499712 o

Айтпағымыз, күні кеше Өзбекстан астанасы Ташкентте Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында «Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күндері өтті. Бір күндік іс-шара болса да маңызын мың күнге дейін айта жүрер мәнді басқосу болды. Шымкент пен Ташкент – бұрыннан дастарханнан дәм-тұзы бөлінбеген бауырлас дос қалалар. Күні бойы екі ірі шаһарға арналған қаншама ізгі лепесті естіп, талай қызықты әңгімелердің сырына қанықтық.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың бастамасымен өткен мәдени шарада Өзбекстан жұрты қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева бастаған зиялы қауым, мәдениет майталмандарын ыстық ықыласпен қарсы алды. Сондай-ақ, Әселхан Қалыбекова, Аманхан Әлім, Қасымхан Бегман, Бекжан Әшірбаев, Көпен Әмірбек, Сәкен Сыбанбай сынды қаламгерлер, Шахизада, Заттыбек Көпбосынұлы, Ақжол Мейірбеков секілді өнерпаздар мен Маржан Есжанова, Карима Оралова, Анар Жаппарқұлова, Ақмарал Леубаева сияқты айтыскер ақындар, өзбек мәдени орталығының төрағасы Икрам Хашимжанов және БАҚ өкілдері болды.

Ташкент – талай Алаш арыстарының, ақындар мен ғұламаларымыздың ізі қалған шаһар. Мәдени күн Ә.Науаи атындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан мен Өзбекстан ақын-жазушыларының «Түркіден тартқан тамырын...» атты шығармашылық кездесуінен басталды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай жиынның ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, бауырлас екі елді ортақ тарихи тағдыр, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз біріктіретінін атап өтті, сонымен қатар жиналған қауымға Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов мырзаның жылы лебізін жеткізді.

– Биыл Қазақстанның Өзбекстандағы жылы деп жарияланғаны белгілі. Соған орай бауырлас елдің әр салада қызмет ететін өкілдерінің түрлі мәдени-экономикалық жұмыс сапарлары жалғасуда. Ондағы мақсат – қазақ-өзбек достығына дәнекер болу, ынтымағы жарасқан қос елдің руханиятын одан әрі дамыту, – деді Қ.Нұртай.

76964113 2925277940815532 5511181942646636544 o

Бұдан соң іс-шара салт-дәстүрге арналған қолданбалы қолөнер бұйымдары мен тақырыптық кітап көрмесіне ұласты. Ташкентке Шымкенттен барған делегация елшілікте болып, Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Дархан Сатыбалдымен кездесті.Орайы келгенде Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсеновті әңгімеге тартып, ондағы қандастардың қал-жағдайын сұрадық.

– 1989 жылғы дерек бойынша Өзбекстанда 4 млн 968 қазақ болған. Қазіргі ресми дерекке салсақ, 1 млн қазақ тұрады деп жүрміз. Əлгі 4 миллион ағайынның біразы қоныс аударды дегенімізбен, содан бері қаншама жыл өтті ғой, мұндағы қазақ көбеймесе, азайған жоқ. Жалпы Өзбекстанда 396 қазақ мектебі бар. Оның ішінде 90-ы аралас мектеп. Бүгінгі таңда мектептерде екі елдің қолдауымен қазақ оқулықтары көбейіп, бұл мəселе шешімін тауып жатыр, – дейді көрші елдегі қандасымыз.

Бауырлас елдің достастығын дәріптейтін шара Өзбек Ұлттық академиялық драма театрында “Шымкенттен шашу!” атты гала-концертке жалғасты.

Байқағанымыз, өзбек еліндегі қандастар қазақ өнеріне сусап-ақ қалған екен, шымкенттік өнер майталмандарының мерекелік қойылымына дүркін-дүркін қол соғып, алғыстарын білдіріп жатты. Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясындағы бұл мәдени күндер өзара сенімнің күшейіп, стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып жатқанын тағы бір дәлелдей түсті.

Суреттерді түсірген
А.ӘССАНДИ

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.