Табысым 101 мың теңге болғанда... Избранное

Среда, 27 Ноябрь 2019 03:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2638 раз

Үшінші мегаполисте жұмысшы жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтерге құжаттар қабылдау қызу жүруде. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы орналасқан ғимаратқа ат басын бұрып, баспанадан үмітті жастардың жағдайымен танысып қайттық. Бірі қолына құжатын, енді бірі баласын арқалап келген жастардың қарасы қалың. Ұзын-сонар кезекте тұрған қыз-жігіттердің бар ойы – баспаналы болу.

DSC 0304

Мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтініш беруге келген жастың бірі – Ақбота Үсембекқызы. Жасы 28-де. Шаңырақ көтергендеріне үш жыл болыпты. Әзірге екі жасар қызы бар. Жолдасы жалдамалы жұмысшы болып нәпақа айырса, өзі тігін шеберханасында пішуші екен.

– Жастар жылында жұмысшы жастарға баспана беріледі дегенді естіп, қуанған отбасының бірі едік. Кейін шарттарымен таныса келе аздап күдерімізді үзгендей болдық. Бірақ, нар тәуекел деп, тиісті құжаттарды жинап, өтініш беруге келдік. Менің айлығым – 80 мың теңге. Қолыма тиетіні 60 мың. Ал жолдасым 80-90 мың теңге көлемінде табыс табады. Пәтер жалдап тұрамыз. Қазір 2 бөлмелі пәтерге 40-50 мың теңге төлейміз. Коммуналды шығындар мен азық-түлік бар, қызымыздың балабақшасына, киім-кешегіне айлықтан-айлыққа амалдап жетеміз.

Той-томалақ болса, қарызданып қалатын кездер болады. Егер айлығым 101 мың теңге болса, үйдің бастапқы сомасын амалдап жинар едік. Біз, тіпті, үй кезегіне тұра алмайды екенбіз. Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алып көрмеппін. Өз күшімізбен оқыдық, үйлендік, жұмысқа тұрдық. Баспана алуға келгенде мемлекеттен қолдау болса деген тілегім бар. Осы 904 пәтердің біріне қолымыз жетсе, қанекей?! Әттең ондай мүмкіндіктен қағылып отырмыз, - дейді жас.

Ақботадай іштей қынжылған жастың санында есеп жоқ шығар, сірә?! Шымкент қалалық статистика департаментінің 2019 жылғы III тоқсанында жариялаған мәліметтеріне сәйкес, орташа айлық жалақы бағалау бойынша 141 007 теңгені құраған. Бұл – еңбек нарығындағы жұмыс күші (15 және одан жоғары жастағы экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар) 430,7 мың адамға шаққандағы орташа көрсеткіш. Оның ішінде 282,7 мың адам жалдамалы қызметкер екен.

Осы ретте 101 мың теңге көлемінде табыс табатын жастардың үлес салмағы қанша деген сауал алдыңыздан кесе көлденең шығуы да орынды. Бұл сұрақты жуырда брифинг барысында қалалық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Ж.Қалтаев мырзаға қойған болатынбыз. Ал қалалық статистика департаментінің жауапты мамандарынан хабарласып білмек болғанымызда ешбірі дөп басып айтып бере алмады. Бір білетініміз, шамамен 5-6 мың жас аталған байқауға қатысады деп күтілуде.

Егер бес күнге жалғасатын байқаудың бастапқы сағаттарының өзінде жүздеген адам келсе, онда өтінім беруші жастардың қатары алғашқы күтілген саннан әлдеқайда көп болуы да ықтимал. Бірақ, бәрінің табысы жете ме деген сұрақ жауапсыз қала бермек.

 DSC5673

Құжатын өткізуге келгендерге қарағанда баспанадан үміттілер көп дерсіз. ХҚКО-ның біріне бас сұғып, бір жапырақ анықтама алмақ болып едік. Ол жақта да сол баяғы ұзын-сонар кезек. Сағаттап сабылып жүріп, құжаттарын өткізгендері үлкен үмітпен қайтып жатты. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының есепке алу және тұрғын үйлерді бөлу бөлімінің басшысы Жұлдызай Ордабекованың сөзінше, құжаттарды қабылдау таңғы сағат 9-да басталған.

– Бұған дейін де хабарлағанымыздай, қойылатын талаптарға сай үй алуға үміткер жас екі жыл міндетті түрде Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы керек. Дәл осы уақыт аралығында иелігінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Айлық жалақысы соңғы алты айға 40 АЕК кем болмауы керек, ол дегеніңіз – 101 мың теңгеден төмен емес деген сөз. Егер жас отбасы ретінде өтінім қалдырса, ерлі-зайыптының екеуі де 29 жасқа толмаған болса, айлық табысы қоса есептеледі.

Өтінім берушінің депозиттік шотының болуы да назарға алынады. Екі-үш сағаттың өзінде талаптарға сай келетін, құжаттары толық 50-ге жуық жастың өтінімін қабылдап үлгердік. Келіп жатқан жастардың көбі дерлік депозиттік шот пен айлық алып жүрген жеке шотын шатастырып алып жатыр. Мамандар әр аудан бойынша құжаттар қабылдауда.

Ал ай сайынғы пәтерақыны комиссия мүшелері енді бекітеді. Комиссия құрамына өзгерістер енгізіліп жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, қатысушы жастардың арасында Тұрын үй жинақ банкінде шот аштырмағандарына арнайы банк консультанттарын алдырттық. Осында отырып-ақ шот аштырып, төлем жасауына болады. Құжат тапсырудың соңғы күні – 29 қараша, - деді Ж.Сәрсенбекқызы.

Үйлі болуға асыққан жастарды әңгімеге тартқанымызда аңғарғанымыз, әлі де жүйеміз қағазбастылықтан арылмай келеміз. Құжат түгендеудің өзінде талаптар қатал. Бір есіктен екіншісіне жетудің өзі мұң. Жұмысынан сұранып келгендерін ескеру де керек сияқты. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Елімізде жұмысшы жастарға үлестірілетін пәтерлердің құжаттарын бірінші болып қабылдауды бастаған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының жастары барлық құжатты онлайн режимде өткізгенін сұрап білдік. Бұған жету үшін бізге де біраз жыл керек шығар деген ойға келдік.

Ал қалалық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Төлембекұлының айтуынша, жалдамалы баспана конкурсының жеңімпаздары балдық жүйемен анықталады. Ол ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы №318 бұйрығына сәйкес жүргізілмек.

– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен нарықта сұранысқа ие 100 (жүз) кәсіп тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге 10 балл есептеледі.

Отбасылы болған жағдайда - 5 балл, некеде тіркелген әр жылы үшін 2 балл беріледі. Балалары болған жағдайда біріншісіне - 1, кейінгі әр бала үшін 2 балдан жазылады. Сол сияқты жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл – 5 балл, әр жыл үшін 1 балдан есептеледі.

Өтінім берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда еншісіне 2 балл қосылады. Осылай талаптарға толық сәйкес келетіндерді балдық жүйемен комиссия мүшелері 15 күн ішінде анықтайды. Одан соң 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады, - деді Ж.Қалтаев.

Түйін.

Елімізде баспананың қолжетімді болуына арналған мемлекеттік бағдарламалардың түр-түрі бар. Бірақ тәуелсіздік алғалы бері пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүретін отбасылардың қатары көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Жастар жылында жұмыс істейтін жастар қолдау тауып, баспаналы болып жатса, қуанар едік. Бірақ берілетін үйлер жалдамалы екені ойландырады.

Бес жылдан кейін одан да көшуге тура келеді. Осы уақыт аралығында уәкілетті орган тарапынан қадағаланып, сол жұмысшы жастар баспана алуға қажетті бастапқы жарнаны жинап үлгерсе, үлкен көмек болмақ. Әрине, жақсыдан үміттеніп, бір қуанышты хабардың боларынан күдерімізді үзбегеніміз абзал.

Последнее изменение Среда, 27 Ноябрь 2019 04:04