Тарихтың ақ парағы ашылған күн Избранное

Пятница, 29 Ноябрь 2019 04:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2595 раз

Құрметті шымкенттіктер мен қала қонақтары!

Баршаңызды еліміз үшін маңызы мен мәртебесі зор мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймыз.

Бұл күн – тарихымыздың ақ парағы ашылған күн. Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста ұлт тарихындағы жаңа дәуір дәл осы 1 желтоқсаннан басталған еді. Өйткені, ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда орындалып, дәл сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған болатын.

Елбасының көреген саясаты мен кемеңгер басшылығының арқасында Қазақстан даму мен өркендеудің сара жолына түсті. Әлемдік қауымдастық Қазақ елін Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделі мен саяси салмағы арқылы танып-біліп, мойындады. Еліміз дамыған мемлекеттер сапынан орын алды. Көпұлтты қазақ жерінде бірлік пен бейбітшіліктің салтанат құруы да Елбасының жасампаз еңбегінің жемісі.

Олай болса, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев – барлық қазақстандықтар және халықаралық қоғамдастық мойындаған ғаламдық бастамалардың бастаушысы, отандастарымыздың құқықтары мен бостандықтарының қорғаушысы, елді кемел келешекке жетелейтін игі істердің қолдаушысы ретінде ел тарихындағы ұлы тұлға болып қала береді.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Шымкенттің де болашағын айқындап берді. Қаламызды сәулеті мен дәулеті келіскен, тұрғындары жайлы өмір сүретін мегаполиске айналдыру Елбасының игілікті идеясы негізінде жүзеге асып, Шымкент республикалық бағыныстағы үшінші қала мәртебесіне ие болды.

Нұрсұлтан Назарбаев әрбір іссапарында қаламыздың дамуына ерекше мән беріп, жарқын болашағына үлкен сенім артып келеді.

Қадірлі жерлестер!

Тәуелсіз ел болып қалыптасуымыз бен іргесі берік мемлекет болып дамуымыздың, бірлігіміз бен берекеміздің бастауы болған мерейлі мереке баршаңызға құтты болсын! Жеріміз тыныш, аспанымыз ашық, әрбір отбасында бақ пен дәулет, бақыт пен шаттық бола берсін!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.