Дәуір даралаған тұлға

Пятница, 29 Ноябрь 2019 04:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2613 раз

Қазақ халқы ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуды армандады. Егемендікке жетудің шежіресі сан түрлі белестерден тұрады. Сол белестердің ең алғашқысы, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің сайлануы болатын.

23-10-2019-abe3

Тәуелсіз Қазақстанды сындарлы жолдардан, сан түрлі қиындықтардан құлатпай, сүріндірмей алып шығу үшін де кемеңгерлік пен кемелдік, үлкен қажыр-қайрат пен ұлтына, халқына деген сүйіспеншілік керек еді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бойынан сол қасиеттердің барлығы дерлік табыла білді.

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесі жас ұрпақтың Тәуелсіз Қазақстан тарихын танып, оның ел болып қалыптасуы жолындағы Елбасының теңдесіз еңбегін есте сақтауы үшін маңызды.
Қазақстан Республикасы өз болашағын айқындаған айдарлы, айбарлы, тәуелсіз мемлекет болып, көк туын көкке көтерді. Ұлттық рәміздерін бекітіп, елдігіміздің шегесін нақтылай қақты. Ұлттық валютамыз айналымға шығып, елдігіміздің тағы бір нышаны жария етілді.

Одан бөлек, елдің дамуы барысындағы маңызды қадамның бірі – өзге елде жүрген қандастарымызды атамекеніне шақырды. Ұлы көш қозғалысымен шетелдерде тарыдай шашыраған мыңдаған қандастарымыздың табаны туған топыраққа тиді. Қытай, Монғолия, Иран, Түркия елдерінен қазақ бауырларымыз елге оралды.

Елбасымыздың жастарға деген қамқорлығы да ерекше. Ол болашақ жастардың қолында екенін үнемі айтып отырады. Елбасының тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылып жыл сайын қаншама қазақтың қаракөздері әлемдегі ең атақты жоғары оқу орындарында білім алып келеді. Одан бөлек ұлттық мақтанышымызға айналған Отанымыздың елордасы Нұр-Cұлтанның уығын қадап, бүкіл әлемге бас қаламызды мойындата алғаны да шежірелі тарих.

Жыл сайын Қазақстан халқына жариялаған Жолдауы елдің экономикалық және әлеуметтік бағытына тың серпіліс бергені айқын.

Егемендігіміздің негізін қалаушы ұлы тұлға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. Бұл тағдырлы шешім жаһандық деңгейде, тарихи ауқымда танылған саяси қайраткердің кемеңгерлігі мен парасаттылығын әлемге тағы да танытты, мойындатты десек артық емес.

Ұлт көшбасшысы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді. Ал ел басқару тізгінін одан әрі өз қолына алған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент ретіндегі негізгі ұстанымы мен өмірлік көзқарасы – Елбасы салған дара әрі сара жол бағытынан ауытқымайтынын жеткізген болатын. Бұл өз кезегінде, елдің өркендеу кепілдігін, мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығын және оған деген құрмет пен адалдықты айқындайтындығын білдіреді.

Бүгінде бүкіл елдің қолдауымен сеніміне ие болып, елді сындарлы жолмен болашаққа айқын бастап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне тойланатын – Тұңғыш Президент күні біз үшін де өте қадірлі мереке.

Н.МАХАМБЕТОВ,
Шымкент қаласы Әділет департаменті
басшысының міндетін атқарушы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.