Партияны қайта жаңғырту міндеттері белгіленді

Пятница, 29 Ноябрь 2019 04:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3331 раз

Жуырда Тұңғыш Президентіміз, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев партияның аймақтық филиал өкілдерімен кездескен-ді. Сол кездесу барысында айтылған мәселелерді, тапсырмаларды іске асыру мақсатында Шымкент қалалық партия филиалының активі бас қосты.

 DSC5790

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Ташқараев, қалалық және аудандық филиал Саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының жиында берген тапсырмалары туралы баяндаманы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов жасады.

– Тәуелсіздік алған жылдары елдің де, ердің де тағдырына сын түсті. Сондай күрделі кезеңде Елбасымыз елімізді мекен еткен барша ұлыстарға ортақ болашақты қалыптастыра білді. Нұрсұлтан Назарбаев елінің есіктегі басын төрге шығарған, әлемге кеңінен танытып, халықтың еңсесін тіктеген, сөзі өтімді, әлемге сыйлы мықты саясаткер! Тәуелсіздік жылдарындағы әрбір кезеңнің қиындықтарын қолға алу барысында түрлі қақтығыстар да болды.

Атап айтқанда, Кореяның Оңтүстігі мен Солтүстігі, Израиль мен Палестина, Үндістан мен Пәкістан, біздің көршіміз Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстар осы шекараны шегендеу барысында туындаған-ды, – деген Б.Нарымбетов алдағы уақытта да Елбасы тапсырмаларын орындауда бірлік пен ынтымақты ту етіп ұстауды алға тартты және жергілікті партия активін «1 желтоқсан - Тұңғыш Президет күні» тарихи мерекесімен құттықтады.

Жарыссөзге шыққан Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев Шымкент қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің жұмысының барысы туралы айтты. Ал, Шымкент қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракция жетекшісі Бегайдар Төлегенов фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін арттыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

– Депутаттық фракцияның жұмысын күшейту керек. Халық қалаулылары сайлаушыларын жиі аралап, олармен тығыз байланыс жасап, қазынадан бөлінген қаражаттың дұрыс игерілуіне ықпал етуі тиіс, – деді Б.Төлегенов.

Педагогтар атынан ардагер-ұстаз Наталья Романова сөз алып, білім және мұғалім мәртебесі тақырыптарына қозғау салды. Сондай-ақ, Шымкент қаласы Жастар мәслихатының депутаты Жасмин Ашимова «Жастар жылы» аясында атқарылған жұмыстарды баяндап, партия жұмысын жаңғырту туралы ой-пікірімен бөлісті.

Мәжілісті партия филиалы төрағасы, қала әкімі Ерлан Айтаханов қорытындылап, «1 желтоқсан – Тұңғыш Президенті күніне» орай партиялық билеттерді салтанатты түрде табыстады.

– Партияны қайта жаңғырту барысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бізге нақты тапсырмалар берді. Бастауыш партия ұйымдары, аудандық, қалалық партиялық басшылары партия мүшелерімен бірге Шымкент қаласының өңірлерді дамыту бағдарламасына нақты ұсыныстар әзірлеп, толықтырулар енгізсін. Ол үшін қала тұрғындарымен кездесіп, жергілікті мәселелер мен сұрақтарды, талап-тілектерді назарға алсын. Екінші, отансүйгіштік бағыттағы іс-шараларды жандандыру қажет.

Үшінші, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында атқарылған жұмыстардың сапасы мен мерзімдері бойынша тиісті басқарма басшылары, аудан әкімдері мен фракция мүшелерінің партиялық жауапкершілігі нақты айқындалып, партиялық бақылауға алынсын. Төртінші, Жас Отан жастар қанатымен бірлесе атқаратын нақты жоспары әзірленсін.

Бесінші, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын насихаттау, атаулы іс-шараларды жоғары деңгейде атап өтудің нақты жұмыс жоспары әзірленсін, – деп түйіндеді сөзін қала әкімі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.