Елбасы және Қазақ елі Избранное

Пятница, 29 Ноябрь 2019 04:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 899 раз

2011 жылдың 10 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының ұсынысымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Заңда 1-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні деп белгіленген-ді. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттің бірлігін, Конституциясын, адам және адамзаттың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы екендігі ескеріле келе аталған Заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің республикаға және Қазақстан халқына сіңірген ғаламат зор еңбегі танылған болатын.

Nazarbaev inauguratsiya

Айтар болсақ, Елбасының кемел басшылығының арқасында тәуелсіз мемлекетіміз шаңырағын көкке көтерді. Мемлекеттік рәміздерді айшықтап, түгендеді. Тәуелсіз елдің тұңғыш Ата заңын қабылдады. Алғашқы жылдардағы қаржылық қиындықтар туғызуы мүмкін ұлтарлық қақтығыстарға халықты ұрындырмай, елді алмағайып кезеңнен аман алып шықты. Төл теңгені айналымға енгізді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып тіркеліп, оның бас трибунасында өз сөзін қазақ тілінде бастады.

Елді сырт жаудан қорғай алатындай айбыны асқақ әскер жасақтады. Шет елдермен байланыстыратын дипломатиялық жүйені қалыптастырды. Еліміздің басқа елдермен жер мен су шекарасын нақты келісім шарттарымен бекітіп, құқықты етті. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіріп, жаңа тұрпатты қала салғызды. Қазақстан Халқы Ассамблеясын ұйымдастырды. Бірнеше халықаралық және әлемдік форумдар, саммиттер, съездер ұйымдастырды және төрағалық етті. Мысалы, ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы бас төрағасы. ЭКСПО-2017 байқауын жоғарғы деңгейде өткізді. Жалпы айтқанда Қазақстанды бүкіл әлемге танытты.

Елбасы жайында мәлім және беймәлім 12 дерек

1. Нұрсұлтан Назарбаев – 1940 жылы 6 шілде күні Алматы облысы Қаскелен ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Ол туылған кезде салмағы 5 келі болыпты, есімін әжесі Құрандағы екі атты қосып қойған екен.

2. Елбасының әкесі Әбіш негізі бидің ұрпағы және бір бабасы Қарасай-Батыр болған. Әбіш ата орыс және балқар тілдерін жақсы білген. Ата-анасы Түрксіб құрылысына белсенді қатысқан. Елбасының шежіресінде 12 атасының есімдері сақталған, аталары: Әбіш, Назарбай, Еділ, Кесбаба, Мырзатай, Айдар, Көшек, Қарасай-батыр, Алтынай, Есқожа, Малды-Ыстық, Шапырашты. Әбіштің әкесі Назарбай бидің 1880 жылдары су диірмені және оған тартылған 214 метрлік арығы болған. Әбіш ата бағбан болған.

Ол бір жеміс ағашпен екіншісін будандастырып, түрлі сапалы жеміс ала білетін, бау-бақшаның нағыз білгірі болған. Әкесі туралы Елбасы өзі: «Жұрт біздің баққа келіп, керемет өсіп тұрған таңғажайып жемістерді немесе бір жағында кәдімгі апорт алмасы, екінші жағында уылжыған алмұрт пісіп тұрған ағашты тамашалайтын. Әкем өсірген ондай жемістерді кейін еш жерде көрген емеспін. Өзінің сүйікті сорты апорт алмасын ол келесі көктемге дейін бұзбай сақтайтын». Әкесінен Нұрсұлтан бала кезінен жеміс ағаштарын будандастыруды жақсы үйреніп алған екен.

3. Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан қазіргі Қордай ауданы, Қасық ауылындағы молданың қызы болған. Қазір ол ауыл көпшілік ұсынысымен Әлжан апа ауылы боп аталады. Әлжан апа – дұғасы қабыл болған ана. Тұңғышының тілеуін тілеген ана Нұрсұлтанның кішкентай кезінде «Жарығыма ғұмыр бер!» деп тілеп отырса, кейін Теміртауға кеткенінде: «Ей, Алла! Сұлтаныма амандық, саулық бере гөр! Жұлдызын жарық қыла гөр! Өзіңе тапсырдым, Алла!» деп дұға етпей ұйықтамайды екен.

999

Бірде бала Нұсұлтан түсінде таудың басына бір қап тұз арқалап шыққанын көріп, түсін анасына айтады. Сонда анасы баласының түсін «Несібең тұздай көп, мәртебең биік болады екен» деп жорыпты.
Әлжан ана Нұрсұлтаннан кейін, інілері Сатыбалды мен Болат, қарындасы Әнипа атты бауырларын дүниеге әкелген. Елбасы өз анасын ерекше құрмет тұтқан.

4. Бала кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы ұшқыш болуды армандапты.
Мектепте ол үш жыл орыс сыныбында білім алған. Мектепті бітіргеннен кейін химик болуды жоспарлапты.

Елбасы бала жасынан музыканы өте жақсы көрген. Кішкентай кезінен мандолин, баянда ойнай білген, домбыра тартқан. Әнді де жақсы айтады, әсіресе қазақ халық әндерін, жанға жайлы қоңыр дауысы бар. Бір жылы жаз бойы көрші үйге кірпіш құйған. Мақсаты – ақысына гормон аспабын сатып алу болыпты.

5. Елбасымыз жастық шағында спорттың бірнеше түрлерімен шұғылданған. Әсіресе Днепродержинскте оқып жүргенде күрестен Украина спорт шебері атағын алған. Жас кезінен Нұрсұлтан өзінің құрбы-құрдастарының арасында көшбасшылық қасиетімен ерекшеленген. Сондықтан оны Қарметкомбинаттың жастары комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлаған, ал Теміртау қаласының жастары Нұрсұлтанды қалалық комсомол комитетінің I хатшысы етіп сайлаған. Ол Қазақстан комсомолдарының бірнеше съезіне қатысқан және сол кездегі жастар проблемасы туралы сөз сөйлеген. Бірақ Елбасы өзінің еңбек жолын қатардағы жұмысшы ретінде бастаған.

6. Отбасылық жағдайы. Жұбайы – Сара Алпысқызы Назарбаева – халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорын басқарды.
Елбасының үш қызы бар: Дариға – саясат ғылымдарының докторы. «Хабар» ЖАҚ Ақпараттық агенттігінің директорлар кеңесінің Төрайымы. Қазақстан Парламентінің Сенат спикері.

Динара – Н.Ә. Назарбаев атындағы қолдау қорын басқарады.
Әлия – бизнеспен айналысады. «Элитсрой» құрылыс компаниясын басқарады.

7. Нұрсұлтан Әбішұлы – салауатты өмір сүреді. Ол жас кезінен альпинизмге қатты құмартқан. Үшқоңырдың тау-тасын жиі аралап кетеді екен. Кейін Президент болғаннан соң да кәсіби альпинистерге ілесіп, бірнеше шыңды бағындырған. Соның ішінде теңіз деңгейінен 4010 метр биіктіктегі Абай шыңының орны ерекше. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай Абай шыңына шықты. Абай шыңына көтерілу жолында әлемге әйгілі қазастандық альпинист Анатолий Буреев жолбасшы болды.

Бүгінде Алматы маңында Нұрсұлтан шыңы бар.

Елбасы - 1995 жылдан бастап үлкен теннисті үйреніп бастады. Ал 1996 жылдан еуропалық және америкалық аристократтар ойнайтын гольф ойынын игеріп алды. Ол Хайнань аралындағы демалыстарының бірінде гольф ойнау шеберлігімен жергілікті халықты қатты таңқалдырыпты.

10

Сондай-ақ Тұңғыш Президентімыз – шебер шаңғышы. Бала кезінен шаңғыны жақсы көрген Нұрсұлтан Әбішұлы Үшқоңырдың биігінен, кейбір қиын жолсыз жерлермен сырғанағанда алдына жан салмаған екен.

Елбасымыз мергендікті жақсы игерген. Ол аң аулағанды, саят құрғанды жақсы көреді, әрі оның мергендігі туралы түрлі аңыздар қалыптасқан.

8. Біздің Тұңғыш Президентіміз – әзілқой адам. Ол кісімен дастархандас болған көптеген адамдар естеліктерінде Елбасымыздың ерекше әзілқой адам екендігін жиі айтады. Әсіресе еркін отырыстарда әзіл айтып, айналасындағыларды күлдіріп, көңілдерін көтеріп отырады екен.

9. Нұрсұлтан Әбішұлының алғаш барған шет мемлекеті – Финляндия. Ол Әлемдік жастар фестиваліне қатысқан, ол кезде 22 жаста болған.

10. Елбасымыз Меккеде Қағбаның ішіне кірген, Мәдинада Мұхаммед Пайғамбарымыз жатқан жерге кіруге рұқсат берілген. Ал 1996 жылы Елбасы Сауд Арабиясына барған сапарында Корольдің ерекше ықыласы түсіп, оған қасиетті жерлердің барлығына кіруге рұқсат берген. Елбасы сол жақтың мешіттерінде намаз оқып, Пайғамбарымызбен қатар, әйгілі сахаба Хамзаның да қабіріне зиярат етеді.

Бір қызығы, Мәдинада үш ай жаумаған жаңбыр Елбасы барған уақытта жауған. Арабтар мұны ерекше жағдайға балап, оған өзгеше құрмет көрсетіп, алтын тысты Құранды сыйға тартқан. Тіпті есіміндегі «Нұр», «Сұлтан» сөздерінің араб тілінен алынғанына назар аударып, риза болған.

11. Елбасы – ерекше қасиеті бар адам. Жалпақ сөзбен айтқанда ол кісінің ішкі сезімі биік деңгейде қалыптасқан, жақсы аурасы әсер ететін адамдарға жатады. Қазақстан Президентінің тұңғыш сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда өткені, онда дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайыз даусын алған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президент болып сайланғаны белгілі. Мемлекет басшысын ұлықтау салтанаты 10 желтоқсанға белгіленді.

Ұлықтау кезінде бір ерекше жағдай болды, оны қатысушылардың көбісі аңғармай қалуы да мүмкін. Бұл туралы қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өз естеліктерінде былай жазды: «Инаугурация рәсімі аяқталып келе жатты. Бәрі де жиналған жұртшылықтын көкейінен шыққандай болды. Сөйтіп тұрғанда... Сол сәтті есіме алсам, әлі де жүрегім атқақтап соға жөнеледі. Ия, сөйтіп тұрғанда сахна төріндегі мемлекеттік тудың құлап кеткені.

Көз алдымда қисайып бара жатыр... Кенет, о құдірет, әлгі құлап бара жатқан туды Президент бір қолымен қағып алғаны!... Ту сыртында тұрған ол тудын құлап бара жатқанын қалай көріп қалғаны, соны қалай ұстап үлгергені таңғаларлық. Ал енді осы жай адамның ісі ме? Жоқ, бұл жай адамның ісі емес. Сол оқиғаның, символдың мәні бар сияқты болады да тұрады маған. Нұрсұлтан Назарбаев, шынында да, қазақтың жығыла жаздаған туын қайта тіктеген азамат.

12. 6 шілде 1997 жылы Халықаралық Жұлдыздар Реестрі бойынша нөмері – Персеус RA3h 23v Osd 40*43 нөмірлі жұлдызы Елбасымыздың атында.
Елбасымыз әлемдегі әзірге 10-ақ адамға берілген алтыннан да қымбат бағаланатын – Ниобийден медаль иегері.

Нұрсұлтан Назарбаев атымен Түркияда, Иорданияда, Шешенстанда көшелер аталған. Сондай-ақ, Елбасының 70 жылдық мерей жасына арнап Түркия астанасы Анкарада 2010 жылы 26 маусымда мыстан ескерткіш қойылды. Басқа да бірнеше елдерде оған арнап бюст – ескерткіштер ашылған. Бүгінгі күнге дейін Нұрсұлтан Әбішұлының 20-дан астам кітабы жарыққа шығып, оның бірнешеуі шет тілдерге аударылды.

Әлем елдерінің басшылары мен саясаткерлері, өнер қайраткерлері Президент Н.Ә. Назарбаевқа өте жоғары баға берген. Мысалы,Ұлыбританияның бұрынғы Премьері «темір леди» атанған Маргарет Тетчер бірде былай деген: «Бүгін әлем белсенді, беделді 5-6 саясаткерді ғана біледі, солардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаев бар».

Әбдіжаппар ТҰРАШБЕКОВ,
ОҚМПУ оқытушысы,
философия ғылымдарының
кандидаты, доцент

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.