Версия для печати

Дертті жасырсаң, дендейді... Избранное

Среда, 04 Декабрь 2019 04:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2832 раз
Оцените материал
(0 голосов)

1 желтоқсан – дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні. Халықаралық деңгейдегі дата алғаш рет 1988 жылы жарияланып, Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС жөніндегі бағдарламасы бойынша 1996 жылдан бері атап өтіліп келеді.

309

 

Осы датаға орай Шымкенттегі ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында ашық есік күні өтті. Орталық мамандары тұрғындарға еліміздегі және қалалардағы ЖИТС бойынша әңгімелеп, АИТВ-позитивті адамдарға қатысты кемсітушіліктің алдын алу жайында түсіндірді. Айта кетейік, қала бойынша 5 қараша мен 5 желтоқсан аралығында дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күреске арналған айлық өткен болатын.

Қанша адам тіркеуде тұр?

Мамандардың мәліметінше, Шымкент қаласында АИТВ инфекциясы алғаш рет 1993 жылы анықталды. 2019 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша 2035 жағдай тіркелген. Олардың арасында ерлердің үлесі басым – 64,5%. Мың адамға шаққанда АИТВ инфекциясының таралуы бойынша үшінші мегаполис республикада 8-орында тұр. Қаладағы АИТВ жұқтырған адамдардың 78 пайызын 15-49 жастағылар құрайды. Орталық дәрігерлері жүргізген талдау нәтижесінде вирустың гетеросексуалдық қатынас арқылы жұғу жолы басымдау екені анық болды, ол – 77,4%. Ал қан арқылы жұғу көрсеткіші – 15,3%.

Дәрі қабылдау өмірді ұзартады

Кез келген тұрғын қаладағы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығына келіп, ВИЧ-ке анализ тапсыра алады. Ол – тегін. 15 минутта талданатын экспресс-анализ бар, нәтижесін сол жерде-ақ біле аласыз. Туралығы – 99%. Ал 100% көз жеткізгіңіз келсе, анализ нәтижесін бір аптадай күтесіз.
– Қазіргі таңда өмір сүру жағдайымыз әлдеқайда жақсарғандықтан, адамдар АИТВ жұқтырғанын білмеуі де мүмкін. Себебі, вирустың сырт көзге көрінетін айрықша белгілері жоқ, – дейді Шымкент қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігер-инфекционисті Элвира Иманғалиева. – Науқас өзінде вирус барын білмей, жүре беруі ықтимал. Оны анықтаудың ең сенімді көзі – анализ тапсыру. Дегенмен, сынаманың оң нәтижесін көрген кейбір жерлестеріміз өзінде вирус барын мойындамайды. Себебі, еш жері ауырып жүрген жоқ, «саумын» деп ойлайды. Сондықтан препараттар қабылдаудан бас тартып жатады. Ал ағзада вирус барына сенбей, дәрі ішпей жүрсе, вирус өршіп кетеді. Иммунитет әлсірейді.
Осылайша тиісті препараттарды қабылдамаған адамның қанындағы вирус көбейе береді. Жылдар өте келе – ол мүмкін 5-10 жыл, кейде 20 жылға созылады – адам қатты әлсіреп, АИТВ-ның соңғы сатысы СПИД-ке шалдығады.
– Сондықтан, АИТВ бары анықталған адам тез арада дәрігер берілген препараттарды қабылдауды бастауы тиіс. Осылайша өз ағзасындағы вирусты тежеп отыруға болады, – деп жалғады сөзін Элвира Қанатқалиқызы. – Айта кетейік, медицинадағы соңғы жетістіктер нәтижесінде ВИЧ індеті «өлім дертінен» созылмалы инфекция дәрежесіне дейін төмендеді. Ең бастысы – жазылған дәрі-дәрмекті үзбей қабылдау. Ал ол дәрілер мемлекет тарапынан тегін беріледі.

Науқас анадан – сау нәресте

Иә, соңғы уақытқа дейін ВИЧ жұқтырған адам дегенде теледидардан көрген, тым арық, хал үстінде жатқан науқастарды еске алатынымызды несіне жасырайық. Бұл – ең алдымен дерт жайлы толық білмегендіктен. Ал қазір, кең таралған мәліметтер нәтижесінде АИТВ-позитивті науқастардың да жұрт қатарлы өмір сүріп, тіршілігін жалғастыратынан хабардармыз. Ол – ол ма, АИТВ жұқтырған аналардан дені сау сәбилер тууда!
– Ол үшін жүкті әйелдер неғұрлым ертерек емханада тіркеуге тұрып, тиісті анализдерін тапсыруы керек. Егер, жаман айтпай – жақсы жоқ, АИТВ анықталған жағдайда, жүкті әйелге бірінші күннен бастап вирусқа қарсы препараттар беріледі. Соның барлығын дер кезінде, кестемен қабылдауы тиіс. Жоғарыда айтылғандай, дер кезінде қабылданған препараттар қандағы вирусты «тұсаулап» отырады. Тағы бір шарты – АИТВ анализ оң нәтиже берген жүкті әйелді кесір тілігі арқылы босандыру керек. Себебі, толғақ көбінесе бірнеше сағат немесе күндерге созылатынын білеміз. Сол кезде анасы мен нәресте арасында қан айналымы күрт артып, вирус жұғу қаупі арта түседі. Әрине, кесір тілігімен босануды біз ұсынамыз, ал жүкті әйел қай жолмен босануды өзі таңдайды. Дегенмен, мысал ретінде алсақ, дәрігерлердің нұсқауын қатаң сақтаған 100 анадан 99 жағдайда дені сау сәби дүниеге келуде, – деп аяқтады сөзін Элвира Қанатқалиқызы.
...Иә, шынында да Құдайдың бізге берген ең басты нығметтерінің бірі – уақыт пен денсаулықтың қадіріне жетсек, қанекей!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.