Ауруды «басқаруға» болады Избранное

Среда, 04 Декабрь 2019 04:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 498 раз

Қалалық №2 емханада диспансерлік есепке алынған созылмалы аурулармен ауыратын науқастар арасында дерттің асқынуы төмендеп, өмір сүру сапасы жақсарған. Бүгінде артериалды гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және қант диабетіне шалдыққан науқастар мамандардың тұрақты бақылауына алынған. Дәрігерлер мұны денсаулық сақтау саласына енгізілген ауруды басқару бағдарламасының нәтижесі екенін айтады.

310

 

Бұл жұмыстың жауапкершілігі учаскелік дәрігерлерге жүктелген. Рахат Қалменова №2 емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері. Абай ауданындағы Тургенов, Қорғасын, Домалақ ана, Қалметов көшесінің ой-шұқырын да жақсы білетін маманның учаскесінде 1700-ге жуық тұрғын болса, оның 350-і балалар.
– Бағдарламаның созылмалы дертпен ауыратын науқастардың денсаулығын жақсартудағы тиімділігін уақыт көрсетуде. Мұнда науқасты медициналық күтудің жеке жоспары түзіліп, жалпы тәжірибелі дәрігермен бірге психолог, социолог, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары бірлесе жұмыс істейді. Науқас үш ай сайын медициналық тексерістен өтіп, олардың дәрігерге қаралуынан бастап, дәрі-дәрмек қабылдауы секілді процедураның барлығын қадағалап отырамыз. Бүгінде негізгі үш ауру бойынша 73 азаматтың денсаулығы жіті бақылауда. Бұл науқастар өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауға деген көзқарасын өзгертті. Қазір аумаққа қарасты тұрғындардың дәрігерді шақыртуы және жедел жәрдем көмегіне жүгіну көрсеткіші азайды, – дейді Рахат Қалменова.
Бұл – елімізде артериалды гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және қант диабетінен өлім-жітім көбейгендіктен пилоттық жоба ретінде енгізілген бағдарлама-тын. Бұдан бөлек, Елбасы кезекті Жолдауында созылмалы ауруларды басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген медициналық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді тапсырды. Ал №2 қалалық емхана мамандары жаңа жүйені тиянақты іске асырып, нәтижелі көрсеткішімен қаладағы емдеу мекемелері арасында үштікке ілінген. Қала тұрғыны Садыбек Пазылбеков аталған емханада екі жылдан бері қант диабетімен есепте тұрады. Учаскелік дәрігер «Қант диабеті» мектебінде науқастарға дерт жайында толық мағлұмат беріліп, дәрмектерді уақытында қабылдау, денсаулығына күтім жасау, дұрыс тамақтану туралы түсіндірілетінін айтады.
– Айналаңдағы адамдардың қамқорлығының өзі көңіл-күйді жақсартады. Мамандар тоқсан сайын денсаулығымызды тексеріп, қадағалап отырады. Учаскелік дәрігеріміз Рахат Қалменова мен оның командасындағы қызметкерлерге алғысымыз зор, – дейді С.Пазылбеков.
Медицина қызметкерлері бағдарлама негізіндегі үш назалогияға жаңа жылдан бастап бронхит дертінің қосылатынын жеткізді. Мамандар ауруды басқарса, «дерттің ауылын алыстату» мүмкіндігі жоғары дегенді алға тартып отыр.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.