Майдангер қариялардың үйіне барып, шаруасына қолғабыс ету шымкенттік белсенділердің сүйікті ісіне айналған. Данара Саранова сондай белсенді жастың бірі. Ол студент кезінен бері қайтарымы мол қайырлы істің басы-қасынан табылып келеді. Және оны ешқашан жария етіп, мақтаныш көрмейді. Керісінше, батагөй қариялардың ғибратты әңгімесін ұйып тыңдаудан ерекше әсер мен жігер алатынын айтады.
– Бізде бір өкініштісі – соғыс ардагерлерін Жеңіс мерекесінде ғана еске алып, сол кезде ғана құрмет көрсетуді міндет санайтын секілдіміз. Жоқ, ол кісілерге қай кезде де құрмет пен қамқорлық көрсетуге міндеттіміз. Осы орайда бірлестіктің белсенді мүшелері мен еріктілер майдангерлердің үйіне барып, қолымыздан келгенше көмектесуге тырысып жүрміз. Біз 45 ардагердің үйіне баруға рұқсат алдық. Демалыс күндері бір уақытты белгілеп, әр ардагердің үйіне 4-5 қыз-жігіттен бөлініп барамыз. Бастапқы келгенімізде тосырқап қараған еді. Ал қазір асыға күтіп отырады. Шымкент қайырымды жандарымен шуағын шашқан шаһар. Әркез бір-біріне көмек қолын созуға даяр мейірімді тұрғындарының көптігімен мақтанып жүремін, – дейді ерікті жас.