Жәрдемақы – демеу, масылдыққа тежеу Избранное

Пятница, 06 Декабрь 2019 05:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 282 раз

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары екінші оқылымда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарап, мақұлдады. 2020 жылдан бастап орташа әлеуметтік төлемдердің өсуін қамтамасыз етуге бағытталған бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.

406

 

Халық қалаулылары мақұлдаған заңда көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізу, атаулы әлеуметтік көмек беруді жетілдіру және табысы аз отбасылардың балаларына кепілді әлеуметтік пакет енгізу көзделген.

Зейнетақы жасы – өзгеріссіз

Жаңа заң туралы Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде түсіндірді.
Бұл жиынға мерекелік демалыс күндері әлеуметтік желіде тарап кеткен хабарлама түрткі болды. Түрлі әлеуметтік желілерде келесі жылдан бастап әр балаға әлеуметтік жәрдемақы төленіп, зейнет жасы төмендетіледі деген сыбыс тараған болатын.
– Түрлі мессенджерлерде тараған 2020 жылдың қаңтарынан әр балаға әлеуметтік жәрдемақы төленеді және Қазақстанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасы төмендейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды, - деді Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Аманжол Нүрсейітов. – Өздеріңізге белгілі, елімізде ер-азаматтар зейнетке 63 жастан шығады. Ал әйел кісілердің зейнетке шығу жасына жылда 6 айдан қосылып отырады. Биыл бұл жас 59 болса, 2020 жылы 59,5 жасты құрайды.
Департамент өкілдері әйелдердің зейнетке қай кезде ерте шыға алатынын түсіндірді. Бұл – бала санына байланысты жағдай. Мысалы, «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңға сәйкес, елімізде 5 және одан көп бала туып (асырап алып), оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналар зейнетке 53 жастан шыға алады.

Жаңа әлеуметтік жәрдемақы

Қазіргі таңда ел Парламентінде мемлекеттік жәрдемақыға қатысты жаңа заң жобасы қаралып жатқанын жоғарыда айттық. Оған сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп бірге тұратын, кәмелетке толмаған баласы бар немесе күндізгі оқу бөлімінде оқитын 23 жасқа дейінгі студенттері бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
– 1 қаңтардан кейін төленеді деп қарастырылып отырған бұл жәрдемақы, естеріңізде болса, елімізде 2018 жылға дейін төленіп келді. Жаңа жылдан бастап көп балалы отбасының табысына қарамастан, сараланған мөлшерде тағайындалады. Өздеріңізге белгілі, көп балалы отбасы деп бізде 4 және одан көп баласы бар отбасы саналады. Сонымен, 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға 74 388 теңгеден төленеді, - деді департамент басшысы Аманжол Елікбайұлы.
Жаңа жәрдемақыны тағайындаудың ең басты шарттарының бірі – кәмелет жасына толмаған балалар жәрдемақы алушы отбасымен бірге тұруы тиіс. Міне, осы тұсқа келгенде біраз олқылықтар бар, дейді мамандар. 2018 жылдан кейін бірқатар отбасылардың балалары түрлі мекенжайларда тіркелген, енді соларды бір мекенжайға тіркеу қажет.
Тіркеу дегеннен шығады, жастардың жоғарғы оқу орындарының студенті атанып, басқа қалада оқитын жағдайы таңқаларлық емес. Ал елімізде басқа мекенжайға 1 айдан астам уақытқа келген тұлға уақытша тіркелуі тиіс. Сонда ата-анасынан бөлек тұратын бала қалай есептеледі деген сауал туындайды.
– Бұл жағдай заңда ескерілген. Әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау барысында балалардың уақытша емес, тұрақты тіркелген орны есепке алынады, - деді Аманжол Нүрсейітов.

Студент, аспирант балаңызға да төленеді

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп бірге тұратын, кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқуда оқитын студент балалары бар отбасыларға жәрдемақының жаңа түрі енгізілетінін хабардар болдық. Мамандардың айтуынша, қандай да бір отбасының баласы жоғарғы оқу орнын бітіріп, 23 жасқа дейін аспирантура, докторантурада оқуын жалғастырса, ол жағдайда да жәрдемақы төленеді. Ең бастысы – балалардың жасы 23-тен аспауы тиіс.

Дүрбелеңге себеп жоқ

Департамент өкілдері жәрдемақы алатын отбасылар туралы мәліметтердің көп бөлігі базада автоматты түрде қалыптасқанын түсіндірді. Ондай отбасылардың саны Шымкентте дәл қазір 20 370 отбасыны құрайды.
– Бүгінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы 13 857 отбасыға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап автоматты түрде қайта есептеу жүргізілді. Қалған 6 513 отбасы кәмелетке толмаған балаларының бірге тұратынын растау үшін ХҚКО-на жүгінуі қажет. Содан кейін жәрдемақы автоматты түрде қайта есептеледі, - деді департамент басшысының орынбасары Ергеш Ержан.
Көп балалы аналардың жәрдемақы алмайтындарына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа жәрдемақы тағайындалады. Шымкент қаласы бойынша қазір мұндай 7937 көп балалы отбасы бар. Олар әлеуметтік жәрдемақыны 2018 жылға дейін алып келген.
– Соның ішінде 4600 алушыға техникалық өтініш қалыптасты, жәрдемақы алу үшін олар ХҚКО-ға тек өтініш берсе болғаны, өзімен бірге құжаттардың түпнұсқаларын ала келуі керек, - дейді Ержан Ермаханұлы. – Қалған 3337 отбасының балалары бірге тіркелгені анықталмаған. Осыған байланысты осы санаттағы азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына 2 қызмет алу үшін жүгіну қажет. Біріншісі, кәмелетке толмаған балаларды тіркеу, екіншісі - мемлекеттік жәрдемақы тағайындау туралы өтінім. Қандай да бір себеппен 1 қаңтарға үлгере қалмай қалған отбасылар жылдың кез келген уақытында өтінім бере алады. Құжаттары түгел болып, жәрдемақы алатыны расталса, жәрдемақы өтініш берген күннен бастап тағайындалады.

Атаулы әлеуметтік көмек – жәрдемақыдан бөлек

Есте сақтайтын тұс, атаулы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік жәрдемақы – екеуі екі бөлек. Атаулы әлеуметтік көмек келесі жылы да жалғаса береді. Дегенмен, бірқатар өзгерісі бар. Мысалы, енді тоқсан сайын тағайындалады; отбасының барлық мүшелері үшін жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде айқындалады; еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптар күшейтіледі. Яғни, бұл азаматтар жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда бүкіл отбасыға АӘК төлеу тоқтатылады. Бұған қоса отбасының материалдық жағдайына тексеру мерзімі 7 күнге дейін ұлғаяды.
Осылайша атаулы әлеуметтік көмек отбасының орташа табысы жан басына шаққандағы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамдарға немесе отбасыға шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.