Таза сессия: бір жапырақ қағаздың құдыреті Избранное

Среда, 11 Декабрь 2019 04:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 453 раз

Жыл басынан бері қаладағы жоғары оқу орындарында қызмет ететін 9 оқытушының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бары анықталған. Оның 4-і университет басшыларының шешімімен жұмыстан шеттетілсе, қалғаны қатаң сөгіс алған. Оқу орындарындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Бұл сауал санаулы күнде емтихан тапсырғалы отырған студенттер қауымын емес, көпшілікті алаңдатқан өзекті мәселенің бірі екені даусыз.

 DSC7320

Студенттерге қысым – акцияға кедергі

Өткен жылдан бері «Jas Otan» Жастар Қанаты мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Таза сессия» акциясын өткізуді қолға алған-ды. Аталған шара аясында ұйымдастырушылар Қазақстанда тіркелген ұлттық, мемлекеттік университеттерден бастап, жекеменшік оқу орындарында жең ұшыннан жалғасқан әрекеттерін, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға, осы бір өткір мәселені шешуге атсалысып жүр.

Осы мақсатта «Jas Otan» Жастар Қанаты орталық аппаратының қызметкері Болат Бұхарбай үшінші мегаполиске арнайы келгенін айтады.

– Негізгі мақсат – жастар арасында әлеуметтік осынау дертке «нөлдік» төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, парақорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту, еліміздегі оқу орындарында сыбайлас жемқорлық жағдайын анықтау, оларды болдырмау үшін тетіктерді қарастыру. Акция нәтижесі ЖОО-дағы оқу үрдісінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына себеп болатын негізгі мәселелерді анықтайды.

– Ағымдағы жылдың 21 тамызында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Елбасы, партиямыздың төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ЖОО-ғы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Осыған орай, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясына «Jas Otan» Жастар қанаты ШҚФ және «Адалдық алаңымен» бірге «Таза сессия» акциясының аясында акционерлік және жеке меншік университеттерінен сауалнама жүргізуге келдік, – дейді Б.Дүйсенұлы.

Елордалық комиссия мүшесінің айтуынша, қаладағы 9 университетте «Таза сессия» акциясы өтеді. Оған білім алушы 1,2,3,4 курс, магистратура мен докторантура студенттері жұмылдырылған. Олар «құпия түрде сақталатындығына кепілдік берілетін» 21 сұрақтан тұратын сауалнамаға қатысады. Жиналған материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жөнелтілмек.

Ал, департамент мамандары қорытынды деректер бойынша тексеру амалдарын жүргізіп, жемқорлық фактісі анықталған жағдайда университет әкімшілігіне нәтижесін жолдайды. Болат Бұхарбай өңірлерді аралау барысында студенттерге көрсетілетін қысымның бар екенін жасырмады.

– Акция өткізу кезінде кедергі болған үлкен мәселе – студенттерге жасалатын қысым. Біз сауалнама алатын оқу орындары комиссия мүшелерін алдын ала дайындаған студенттерге кіргізеді. Бірақ университет қызметкерлерін аудиториядан шығарып, өзіміздің мақсатымыз бен осы сауалнаманың маңызын айтамыз. Бірінші кезең бойынша шыққан нәтиже Ақордаға «Қауіпсіздік кеңесіне» кірді. Сәйкесінше, министрліктерге тапсырмалар жүктеліп, шаралар қолданылды, – дейді ол.

«Сатып алу»

Ұстаздардың көңілінен шығып, емтиханнан «бес» алса, мәз болып, өзінен асқан бақытты жан жоқтай сезінетін де, дәрісін түгендеп, жыл бойы оқымаған сабақты бір аптада оқып, емтиханға сақадай сай тұратын да – студенттер. «Оқытушылардың қатал бола бастайтыны да нақ осы шақ» - дейді «Шымкент – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің төрағасы Ерасыл Төлебаев.

Оның айтпағы да «қаталдыққа» келіп тіреледі. «Таза сессия» республикалық акциясы аясында жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде белігілі болғандай, жоғары оқу орындарындағы кейбір оқытушы-профессорлар сессияны «сабақты ине сәтімен» пайдаланатынға ұқсайды. «Сыйлыққа баға қою, диплом жазудың өз құны» бар екен.

– Мен «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүргенімде соңғы шәкіртақым 700 мың теңге болды. Жоғары оқу орнына жұмысқа орналасқанымда бірінші алған жалақым – 60 мың теңге. Айлық табысымды азсынып студенттерге қиянат жасамадым. Қосымша жұмыстар қарастырып, бос уақытта 2-3 жұмыс істейтінмін. Енді Үкімет оқытушылардың жалақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды емес пе? Бұл қордаланған мәселе де алдағы уақытта шешімін табады деп сенеміз.

Бірақ кейде оқытушылардың сыйлық немесе ақша алғанын естігенде қынжыламыз. Тұрмыстық жемқорлықты жоймай, білім саласы мен сапасы дамымайды. Мұндай акцияларды күтпей-ақ сенім жәшіктері мен университет ректорларына тікелей орын алған жағдай болса, арыздануына болады. Бізді әлеуметтік желілер арқылы іздеп, арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жолдаса қуанамыз, – дейді Е.Төлебаев.

Түйін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес.

Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз» деген болатын. Ендеше терең тарихтан жарқын болашаққа ұмытылуды мақсат еткен мәңгілік елдің ұрпақтарының білікті маман болып қалыптасуы университет басшыларының жіті бақылауында болуы тиіс.

ФОТО: Серік ҚОСАЕВ